23 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік циркінде аралас жекпе-жектен Naiza 44 турнирі өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде жанкүйерлер көптен күткен Магомед Кабардиев пен Фарходжон Машрапов қолғап түйістіреді.
Турнир алдындағы баспасөз конференциясы мен спортшылардың көз түйістіру рәсімі өтті. БАҚ өкілдері сұрағына Naiza лигасының президенті Нұрбек Қарабала мен басты жекпе-жектердің спортшылары қатысты.
Нұрбек Қарабала лига салмақ қуа алмаған спортшыларға қатысты санкциялар мен айыппұлдар қатаңдатыла түсетінін айтты.
«Чемпиондық жекпе-жек. Еламан 1 килодан көп салмақ асып кетті. Бұған қарсылас тарап келіспей, өз қарсылығын білдірді. Чемпиондық айқас болғасын, тіпті, 200-300 грамның өзі көп болатынын түсіндіргенбіз. Сондықтан салмақ лимитінен аспау керек еді.
Салмақ өлшеу барысында үш-төрт спортшы қарсылығын білдірді. Бізде салмақ қуа алмағаны үшін санкциялар мен айыппұлдар бар. Бұған тағы да қосымша санкция жасайтын шығармыз. Қазір айыппұл қарсыласының пайдасына шешілді. Ендігі санкциялар промоушеннің пайдасына болмақ. Өйткені ивентті промоушен жасайды, талай еңбек кетеді, жұмыс істеледі. Ал спортшы келіп, салмақ қуа алмадым деуі – қате»
Кештің басты жекпе-жегінде Магомед Кабардиев өзбекстандық Фарходжон Машраповпен кездеседі. Былтыр Магомед Кабардиев Naiza 42 турнирінде Бахромжон Машраповты төрешілер шешімімен жеңген. Араға бір жылдан астам уақыт өткенде ағасы Фарходжонпен қолғап түйістіреді.
Чемпмиондықтан үміткер Магомед Кабардиев көп сөйлемесе де, әр сөзін нық айтты. Ол тартысты жекпе-жек болатынын айтып, жүз пайызға дайын екенін мәлімдеді.
«Әдемі жекпе-жек болады. Тартыс айқас болатынына сенімдімін. Мүмкіндігімді жібермеймін. Бес раунд бойы соңына дейін күресемін. Сақадай саймын», – дейді Кабардиев.
Файтерлер жеңіл салмақта бос тұрған чемпиондық белбеу үшін күреседі. Осы салмақтың чемпионы Ильдар Құдайбергенов мансабын аяқтау туралы шешім қабылдаған соң белбеу иесіз қалды. Биыл Фаниль Рафиковты жеңген Фарходжон Машрапов титулдық айқасқа дайын екенін айтты.
«Бес раунд бойы соңына дейін жұдырықтасуға дайынмын. Ешқандай да басқа проблема жоқ. Тұрып та болсын, партерде де болсын жұдырықтасамын. Бұл жекпе-жекті ұзақ күттім. Магомедпен жұдырықтасуға мүмкіндік енді келді. Құдай қаласа, жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуді өзіммен бірге алып кетемін», – дейді өзбек файтері.
OKTAGON лигасының экс-чемпионы Айдын Көдек Naiza 44 турнирінде Еламан Шертаевпен жұдырықтасуы керек болған, алайда қарсыласы салмақ лимитінен асып кетті. Енді Айдын кореялық Су Енг Юмен кездеседі.
«Шынымды айтсам, қарсыласымның ауысқаны өзгеріс әкелгені анық. Бірақ ешкімді бөліп жармаймын. Біріншіден, қазақпен төбелеспегенім дұрыс болған шығар. Екіншіден, шетелдік қарсыласқа қарсы Қазақстанның намысын қорғаймын. Қосымша жүк артылады», – дейді Адын Көдек.
Оңтүстіккореялық Су Енг Ю де тартысты жекпе-жекке дайын.
«Бір күнде бәрі өзгеріп шыға келді. Бірақ бұдан көп ештеңе өзгере қоймас. Бастысы тарысты жекпе-жек болсын. Басқа ешқандай проблема көріп тұрғаным жоқ».
Naiza 44 турнирі 23 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік циркінде өтеді. Жарыстың билеттерін zakazbiletov.kz сайтынан сатып ала аласыздар. Сондай-ақ турнир 5Q қосымшасы және NAIZATV арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Add comment