ГлавнаяБлог

Тұңғыш кореялық чемпион, Кабардиевтің шоуы. NAIZA 44 несімен есте қалды?

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде аралас жекпе-жектен NAIZA 44 турнирі өтті. Байрақты бәсекеде көрермендер тартысқа толы 11 жекпе-жектің куәсі болды. Оның ішінде екі айқаста титул бәске тігілді.

NAIZA 44 турнирінің басты жекпе-жегінде өнер көрсеткен Магомед Кабардиев өзбекстандық Фарходжон Машраповпен қолғап түйістірді. Бір айта кетерлігі, былтыр NAIZA 42 турнирінде Магомед Кабардиев Фарходжон Машраповтың інісі Бахромжонды төрешілер шешімімен жеңген. Араға бір жылдан астам уақыт өткенде ағасымен кездесу бұйырыпты.

Магомед Кабардиев алғашқы минуттан басымдыққа ие болып, күресте де, тік тұрып ұрыста да мықтылығын көрсетті. Екінші раундта қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңіп, жеңіл салмақтағы жаңа чемпион атанды.

Магомед Кабардиев (9-0) – Фарходжон Машрапов (7-5)

«Жоспар бойынша жұмыс істедім. Бірінші раундта көп соққым дарымады. Ал екінші раундта сәл өзгеріс енгізіп, жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтауды көздедік және мақсатымызға жеттік. Кейінгі бес жекпе-жегімді қарасаңыздар партерде еш мүмкіндік бермедім»

Кештің тағы бір басты айқасында Айдын Көдек пен кореялық Су Енг Ю кездесті. Корей өкілі Су Енг Ю Қазақстанға былтыр келуі керек еді. Алайда оның Жұман Жұмабековке қарсы жекпе-жегі өтпей қалды. Мансабында Zeus FC, UAE Warriors және Black Combat лигаларында жұдырықтасқан.

OKTAGON лигасының экс-чемпионы Айдын Көдек NAIZA лигасында қатарынан екі жеңіске жеткен. Қос файтер аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді сарапқа салды. Төртінші раундтың басында Су Енг Ю қылқындыру әдісін сәтті қолданып, Қазақстанда чемпион атанған тұңғыш кореялық файтер атанды.

Айдын Көдек (12-5) – Су Енг Ю (9-2)

«Өзіме сенімді болдым. Қарсыласымның ауысқаны да әсер етпеді. Жоспар бойынша жұмыс істедім. Қарашада Кореяда жекпе-жек өткіземін, сондықтан титулды келер жылдың басында қорғайтын шығармын.

Сәуір айында Жұман Жұмабекпен кездесуім керек еді, алайда коронавирус жұқтырып келе алмадым. Алда Жұманмен жұдырықтассам деймін. Өз елімде чемпионмын, сондықтан белбеуімді Қазақстанда да қорғадым дей аламын», — дейді жекпе-жектен соң кореялық спортшы.

Қазақ жанкүйерлерінің ықыласын жаулаған қырғыз батыры Каныбек Жанибек улуу Ресейдің этникалық қазағы Руслан Тұяқовты жеңді.

Каныбек Жанибек улуу (12-8) – Руслан Тұяқов (5-3)

Грек-рим күресі шебері Бағлан Жақанша кәсіби ММА-дегі үшінші жекпе-жегін бразилиялық Дейлтон Альмейдаға қарсы жұдырықтасты. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер басым бөлігі Бағлан Жақаншаны жеңімпаз деп таныды.

Бағлан Жақанша (3-0) – Илиосжон Хасанов (2-1)

Naiza 44 турнирінде аталған жекпе-жектерден бөлек жанкүйерлерді тағы алты өтті.

Марат Алиасхабов (5-3-1) – Обид Собиров (2-3) 
Архат Мыңбаев (6-6) – Даниил Донченко (5-1) 
Наби Ашурлаев (6-1) – Ислом Жумаев (2-3) 
Хилола Собирова (2-1) – Жанель Набиева (0-1)
Тимур Серікұлы (1-0) – Ринат Әбілхайыров (0-1)
Даниял Смағұлов (1-0) – Клименти Рябуха (0-1)
Әлібек Құжбаев (6-3) – Михаил Тарханов 3-11

Лига президенті Нұрбек Қарабала NAIZA 44 турнирін қорытындылап, жанкүйерлерді алда қандай қызық жекпе-жектер күтіп тұрғанын айтты.

«Бүгіннен бастап Naiza-да жеңіл жекпе-жек жоқ деп толық айта аламын. Оған көрермендер куә. Әр спортшы мықты. Мысалы, Айдын Көдектің кореялық қарсыласын көп ешкім танымайды, бірақ қандай мықты спортшы. Алдағы уақытта тек мықты файтерлер келеді.

Каныбек Жанибек улуу мен Руслан Тұяқовтың да жекпе-жегі жоғары деңгейде өтті. Жанкүйерлерге ұнады деп ойлаймын. Архат Мыңбаевтың, Бағлан Жақаншаның қарсыластары өте мықты. Бағланның жекпе-жегінде төрешілерге шешім шығару қиын болады деп ойладым. 2-1. Өзім осы жекпе-жекті тағы бір қайталап көрсем деймін.

Ең бірінші жекпе-жекте Тимур Серікұлының сабмишіні ұнады. Дегенмен әрбір жекпе-жек қызық өтті. Жастардың ішінен Тимур Серікұлын атап өтуге болады. Даниял да жақсы.

Жыл соңына дейін өткізетін алты турниріміз бар. Гран-приді аяқтаймыз. 84 кило салмақта Шамилов — Тайсұлтанов жекпе-жегі титулды болады. Жабраилов пен Орынбай, Адамов пен Зубков арасында да чемпиондар анықталады. 77 кило салмақта бразилиялық және дағыстандық мықты спортшылар бар. Жыл соңына дейін титулдық жекпе-жек өтуі мүмкін».