ГлавнаяБлог

Шавкат Рахмонов: Усманмен де, Эдверспен де жұдырықтасуға дайынмын

Әлемнің ең үздік тұжырымында еліміздің намысын қорғап, абыройымызды асқақтатып жүрген Шавкат «Номад» Рахманов UFC Вегас 57 турниріндегі жеңісінен кейін баспасөз маслихатын өткізіп, журналистердің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

– Нил — UFC тұжырымында көптеген кездесу өткізіп, жарқын жеңістерімен көзге түскен мықты спортшылардың бірі. Рейтингте 10-орында тұрған, тәжірибелі жауынгер болғандықтан тыңғылықты дайындалдық. Бірақ ешқандай мүмкіндік бермей, мықтылығымызды көрсеттік.

Келесі қарсыласым ретінде Стивен Томпсон, Нэйт Диас, Хорхе Масвидаль сияқты Америкаға аты шыққан, рейтингте менен жоғары тұрған спортшыларды көргім келеді. Мэтчмейкерлер де Стивеннің әзірше қарсыласы жоқ екенін айтып қалды.

Қазір UFC тұжырымымен бес жекпе-жекке, қаржылай тұрғындан жақсы келісімшартқа отырдық. Енді отбасымызды, бала-шағамызды осы саламен асырап отырған соң көбірек қаржы тапқымыз келеді. Оның үстіне деңгейіңнің де өскенін көрген соң, соған лайық ақша төленгенін қалайсың. Қазіргідей келісімшарт бұрын-соңды ешбір қазақстандық жауынгерде болмаған.  Сол келісімшарт бойынша алғашқы кездесуді Нилға қарсы өткіздік. Бәлкім бір-екі жекпе-жектен соң тағы да жақсырақ келісімшартқа отырармыз.

Шавкат жақында ғана үшінші сәбиі дүниеге келгенін, ағылшынша үйренуге көп көңіл бөліп жүргенін де айтты.   

– Иә, сәуір айында үшінші балам өмірге келді. Екі қызымнан кейін ұлды болдым. Есімін Керей қойдық. Қазақ халқы үшін ұл баланың орны әрқашан бөлек қой.  Сол себепті Қазақ хандығының негізін қалаған Керей ханның құрметіне орай есім бердік. Жекпе-жектен бос уақытымды отбасыммен өткізгенді жақсы көремін. Одан бөлек, ағылшын тілін де оқып, үйреніп жүрміз. Чемпиондық белбеуге жұдырықтасқанға дейін ағылшыншамызды жақсартып, еркін сұқбат беретіндей дәрежеге жетіп қалармыз.

Әлемнің ең үздік 10 жауынгерінің қатарына кіретін Шавкат әр жекпе-жекке ерекше дайындалатынын, қазіргі жетістіктері жылдар бойы төккен тердің жемісі екенін айтты. Сондай-ақ ешқандай допинг қолданып көрмегенін және осы уақытқа дейін 20 рет допингке қарсы тест тапсырғанын да тілге тиек етті.

– Шыны керек, кез келген жекпе-жекке барлық жағынан тыңғылықты дайындаламыз. Грэпплингте де, күресте де, тік тұрып ұрыста да шыңдалып, өзімізді жетілдіреміз. Есесіне нәтижесін кездесу барысында көреміз. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет допинг қолданып көрген емеспін. Ал USADA 20 рет тест алып, тазалығыма көзін жеткізіп жатыр. Қазір Чимаев екеуіміздің техникамызды салыстырып, қайсымыз мықты екеніне сөз таластырып жүргендер көп. Меніңше, барлық тұрғыдан одан мықтымын деп ойлаймын. Сондай-ақ екеуіміздің кездесуімізді де көпшілік қауым күтіп жүр. Негізі чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқанымыз қызығырақ болатын сияқты. Бес раундқа созылатын қанды айқаста нағыз мықтыны анықтаймыз.

Nomad Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жектің қызық әрі тартысқа толы өтетінін айтып, отандасымызға жанкүйер болатынын жеткізді. Сондай-ақ Камару Усман мен Леон Эдварс арасындағы кездесудің жеңімпазына қарсы жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін де мәлімдеді.

– Әлбетте, отандасымызға жанкүйер болып, жеңіске жетуін тілейміз. Бірақ Альварестің өте мықты қарсылас екенін мойындау керек. Қандайда бір болжам жасағым келмейді. Не болса да, отандасымызға қолдау көрсетеміз ғой. Әрине, егер жекпе-жегіне шақырса, міндетті түрде қолдау көрсетуге барамыз. Жалпы қазақтың көк байрағын желбіретіп жүргендің баршасына тілекшіміз ғой.

Салмағымда чемпиондық белбеуді сарапқа салатын Усман да, Эдварс та -мықты спортшылар. Екеуі де нағыз спорттық бабында. Кімнің жеңіске жететінін болжау қиын. Дегенмен нағыз тартысқа толы шайқас болатыны анық. Шыны керек, екеуімен де жұдырықтасуға дайынмын.

Шавкат келесі жекпе-жегін қашан өткізгісі келетінін және DAR TEAM командасындағы жас спортшыларды да UFC тұжырымымен келісімшартқа отыруға көмектескісі келетінін айтты.

– Бәрі ойдағыдай болса, келесі кездесуімізді қазан айында Абу-Даби қаласында болатын турнирде өткізгіміз келеді. Егер қарсылас келісімін беріп, уақыт жағынан тыңғылықты дайындалып үлгерсек, сол турнирде өнер көрсетуді көздейміз. Өйткені Абу-Дабиге виза керек емес, қазақтар қолдау көрсетуге емін-еркін бара алады. Елімізді, жанкүйерлерімізді жарқын жеңісімізбен қуанту — біз үшін үлкен мәртебе. Бұйырса, чемпиондық белбеуге қол жеткізгеннен кейін DAR TEAM-нің де жас спортшыларына жол ашып, Дана Уайтқа айтып, келісімшартқа отыруға мүмкіндік жасаймыз. Оның да ауылы алыс емес», – деді Шавкат Рахмонов.

Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов UFC Apex стадионында өткен UFC Vegas 57 турнирінде кештің басты жекпе-жектерінің бірінде Нил Магниді сабмишнмен жеңіп, 16-жеңісіне қол жеткізді.