ГлавнаяБлог

Naiza 45 Grand-Prix. Екінші топта кімдер бақ сынайды?

7 қазанда Naiza Grand-Prix екінші айналымы өтеді. Бұл жолы сегізбұрышта Қазақстанның AIBYN FIGHTING TEAM мен ALMAS QYRANDARY TEAM және Ресей мен Қырғызстан құрамалары кездесті. Бұдан бөлек, аралас жекпе-жек кешінде жанкүйерлерді екі титулдық айқас күтіп тұр. 

*GRAND–PRIX турнирінің ережесі бойынша командалар бес салмақта бақ сынайды. 61 және 66 келі салмақ дәрежелерінде командаларға тәжірибелі файтерлерін шығаруға рұқсат етілсе, қалған үш салмақ (70, 77, 84) жас, кәсіпқойға енді қадам басқан спортшыларға арналған. 

Гран-придің алғашқы айналымында Нұр-Сұлтан қаласының TOBET TOP TEAM командасы Иранның YOUSEFI TEAM ұжымымен кездесіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Екінші тарапта қазақстандық  DAR TEAM мен Өзбекстанның MURADOV TEAM командалары айқасты. Тартысты өткен кездесуде қазақстандық ұжым 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, жартылай финалға Қазақстанның TOBET TOP TEAM және DAR TEAM командалары шықты. 

Naiza 45 Grand-Prix турнирінде Aibyn Fighting Team Ресей командасымен айқасса, Almas Qyrandary Team Қырғызстан командасымен бақ сынайды. 

Naiza 45 Grand-Prix карды:

Гран-при жекпе-жектерінен бөлек жанкүйерлер екі титулдық айқас көреді. Қазақстандық файтер Райымбек Орынбай (7-3) мен ресейлік Сайфулла Жабраилов (12-2) жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді сарапқа салады. 

Екінші титулдық жекпе-жекте қазақстандық Сергей Зубков (4-4) пен ресейлік Хусейн Адамов (10-2) қолғап түйістіреді. Қос спортшы ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуді бәске тігеді. 

Naiza Grand-Prix турнирінің жүлде қоры қомақты. Финалда жеңіске жеткен ұжым 25 миллион теңге иемденеді.

Еске салайық, NAIZA 45 турнирінің тікелей эфирі 7 қазан күні 18:00-де басталады. Жарысты 5Q қолданбасы мен Naiza TV YouTube-арнасынан көре аласыздар.