ГлавнаяБлог

NAIZA 46. Алматыдағы аламан айқас

Жанкүйерлерді тартысты 11 жекпе-жек күтіп тұр

28 қазанда Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде аралас жекпе-жектен NAIZA лигасының турнирі өтеді.

Кештің басты жекпе-жегінде DAR Pro Team командасының спортшысы Фаниль Рафиков (20-6) пен бразилиялық Тьяго Луис Бонифацио Силва (21-12-0-1) қолғап түйістіреді. 

NAIZA 46 турнирінің қарсаңында октагонға шығатын спортшылар, БАҚ өкілдері және жанкүйерлердің қатысуымен дәстүрлі баспасөз мәслихаты өтті. Алғаш болып сөз алған лига президенті Нұрбек Қарабала UFC 280 турниріне барудағы мақсаты мен алдағы жоспарын айтты:

– Абу-Дабиге баруымның себебі, UFC-мен бірге коллаборация жасау бойынша сөйлесу. Қазақстанда турнирлер өткізу мен оны жоспарлауды бастап кеттік. 

Лигамыздың келесі турнирі Ақтөбеде өтеді. Басты жекпе-жекте Шинкай  мен Қазыбек Сағыныш жұдырықтасады. Сондай-ақ жанкүйерлер Бағдат Жұбанышты, Нұрбек Қабдрахмановты көреді. «Еркін күш» командасының өкілдері мен NAIZA лигасының спортшылары жекпе-жек өткізеді. Жалпы, кард қызық болғалы тұр. Сонымен қатар,  бұл турнирде тек ММА емес, греплингтен де жекпе-жектер өтеді. Ақтөбеде бұрын болмаған керемет турнир күтіп тұр.

– Eagle FC лигасының президенті Шамиль Завуров NAIZA ұйымымен бірлескен турнир өтуі мүмкін екенін тілге тиек еткен. Турнир өткізу жоспарда бар ма?

– 57, 62, 66, 71 келі салмақтарында қызық жекпе-жектер болады. Тарих та, чемпиондар да бар. Жыл соңына дейін тағы екі салмақта чемпионды анықтасақ. Мықты кард жинауға болады.

– NAIZA лигасының чемпионы Руслан Шамилов Open FC ұйымынында жекпе-жек өткізді. Чемпиондардың басқа лигада жұдырықтасуына қалай қарайсыз?

– Бастапқыда спортшылармен келіссөз жүргізгенде кейбіреуіне ауызша басқа лигада жекпе-жек өткізуге келісім бергенбіз. Десе де осы бір сәтте біз емес, Шамиловтің жоғалтқаны көп.

Басты жекпе-жекте жұдырықтасатын бразилиялық файтер Тиаго Сильва 2019 жылы Қазақстанға келіп, Арман Оспановты жеңген болатын. NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала Арман Оспановтың ұйымда жекпе-жек өткізуі туралы пікірін білдірді.

– Арман Оспанов сұхбатында Тиаго Сильвамен қарымта жекпе-жек өткізуге қарсы еместігін айтыпты. Ертең жекпе-жектен кейін көреміз. Арман Оспанов — Қазақстан ММА-ның жұлдызы. Дегенмен бұл жекпе-жек туралы әлі  сөйлеспедік.

Турнирдің басты қаһармандарының бірі — Фаниль Рафиков жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді:

– NAIZA лигасында төртінші рет басты жекпе-жекке шыққалы жатырсыз. Мейн-ивентте жұдырықтасарда ерекше сезім бола ма?

– Бұл туралы мүлдем ойламаппын. Негізі жоспар басқаша болған. Алайда командамен сөйлесіп, Нұрбек ағаймен ақылдасып, жоспардан әзірге бас тартуды шештік. Ертең негізгі кардта Қазақстанның ММА жұлдыздары шығады. Дегенмен бұл төртінші мейн-ивентім екен. Еш уайым жоқ.

Бұл жерге карта ойнауға не жүгері қорғауға келген жоқпын. Бәріміз кәсіби жауынгерміз. Екінші мәрте титулдық жекпе-жекке шығу мүмкіндігін алуды ойлаймын. 

Қарсыласыма құрметім ерекше. Оны жете бағаламау болмайды. Тиаго мен Арманның жекпе-жегіне келер болсақ, олар бес жыл бұрын жұдырықтасқан. Оның үстіне Арман екеуіміздің жұдырықтасу стиліміз әр түрлі. Екеумізді салыстырудың мәні жоқ. Ертең менің негізгі мақсатым — жеңіске жету. 

Тиаго Луис Бонифацио Сильва – Бразилия ММА чемпионы, бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері:

– NAIZA лигасында алғашқы жекпе-жегіңізді өткізгелі жатырсыз. Жоспарда осында қалу деген ой бар ма?

– Ертең әдемі жекпе-жек көрсетіп, жеңіске жетсем деймін. Бұл алғашқы қадамым. Ары қарай көре жатармыз.

– Бір сұхбатыңызда қазақтарды қалай жеңу керегін айтқан екенсіз. Фаниль Рафиковты жеңе алам деп ойлайсыз ба?

– Мұндай сөз айтпадым. Өйткені мен әр жауынгерді құрметтеймін. Әр қарсыласымды сыйлаймын. Жекпе-жекке келер болсақ, әр қарсыласыма жеке дайындаламын. Бұл үлкен шайқас болады.

Рафаэль Диас – Бразилия ММА және Муай-тайдан чемпионы, гран-при 61 кг NAIZA қатысушы:

– Сұлтанды қауіпті қарсылас деп айта алмаймын. Жақсы дайындықпен келген шығар. Бәрін жекпе-жекте көреміз.

Сұлтанның мені нокаутқа түсіруге мүмкіндігі бола ма, болмай ма білмеймін. Ол мені құлата алмайды. Өйткені бұл жерде чемпион менмін.

Жасұлан Әкімжан – жекпе-жек пен панкратионнан спор шебері:

– Eagle FC-мен келісімшартыңыз бар. NAIZA-дан ұсыныс қалай түсті?

– Хабарласып, жекпе-жек өткізуге ұсыныс жасады. Осында бір-екі жекпе-жек өткізу жоспардым болған. Сондықтан ұзақ ойланбастан келісімімді бердім. Ал Eagle FC-мен келісімшартыма келер болсам, бұл туралы Нұрбек ағай Шамиль Завуровпен сөйлесіп, келісті. 

Матин Сафари –- ММА-дан Иран чемпионы:

– Ассалаумағалейкүм. Қазақстанға тек жеңіс үшін келдім. Ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпын. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Бір айтарым, тамақты іше алмадым. Қарным аш. 

Жекпе-жекке келер болсам, бірінші кезекте Құдаймен келісімге келген адаммын. Құдайға сенген адам әрқашан жеңіске жетеді деп ойлаймын. Ертең жеңіске жететін адам — ол мен!

Сұлтан Жолдошбек – Гран-при Bushido 61 кг дәрежесінде чемпион, Гран-при NAIZA 61 кг. салмағында қатысушы:

– Жекпе-жекті бастан-аяқ өткізуге дайынмын. Уақытынан ерте аяқтау мүмкіндігі болса аяқтауға тырысамын. .