Қалай басталды?
Бұрыннан той салонын ашсам деген ойым болды. Бірақ оны қалай жүзеге асыру туралы жіті ойлануға уақыт болмайтын. Себебі журналистика саласында жұмыс істеп жүрген едім. Әуелі журналда, кейін телевизия саласына толықтай кіріп кеттім және бұл жұмысым өзіме ұнайтын.
2018 жылы тұрмысқа шығып, 2019 жылы декреттік демалысқа кеттім. Әбден телевизия әлемінде тынымсыз жұмыс істеп үйреніп қалған едім. Содан бұрынғыдай қызу жұмыс болмаса да, шығармашылық орта керек болды. Міне, сол кезде маған осы идеямды жүзеге асыру керек деген ой келді. Неге дәл бұл бағыт десеңіз, сән, тігін, дизайн дегеннің барлығына шығармашылық көзқарас керек. Әрі кішкентай баламмен бизнесті бірден бастап кету оңай емес.
Сол кезде таныс-құрбым Айғанымның хабарландыруына көзім түсті. Ол белгілі себептеріне байланысты той салонын көйлектерімен қоса сататынын айтты. Бірден шешім қабылдап, бизнесті сатып алуға келістік. Сөйтіп, салондағы 20 шақты той көйлегімен және атауымен толықтай қабылдап алдым. Жолдасым екеуіміз ақылдаса келе, “Миледи” атауын қалдырамыз деп шештік. Бірақ тек той көйлектері емес, ұлттық нақыштағы әдемі көйлектерімізді шығарамыз деген мақсат қойдық. Осылайша, кішігірім кәсібіміздің өркен жайып келе жатқанына 3 жылдан аса уақыт болыпты.
Жаз мезгілінде айлық табысымыз – 500 мың – 1 миллион теңге
Егер той көйлектерін сатумен айналысқыңыз келсе, әуелі аудиторияңызды зерттеп алуыңыз керек. Мысалы, қай қалада тұрасыз?Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе ме? Ол жақта сұранысқа ие еуропалық үлгідегі ме, әлде қазақы үлгідегі той көйлек пе? Тіпті кішігірім жарнама беріп, тексеріп көрсеңіз де болады. Өзіңізге ұнап жүрген көйлектерді Instagram-ға салып «жалға беремін» деген жарнама қойып халықтың қызығушылығы білуге болады. Егер сізге 10 адамның ең болмағанда бесеуі «көйлегің әдемі», «күшті» деп пікір айтып бағасын сұраса, онда бизнесті бастауға болады деген сөз.
Бизнес бастарда бірден қымбат той көйлектеріннен емес, әдемі әшекейлерден де бастап көруге болады. Той көйлектерін жалға беру немесе сату – маусымдық бизнес. Бізде жаз бен күз де табыс жақсы болады. Жаз мезгілінде таза айлық табысымыз 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады. Қыс айларында 200-300 мың болуы мүмкін. Жақсы табыс түскен күннің өзінде ол ақшаны салонның өзіне саламыз. Себебі дүкеннің арендасы мен сатушының айлығы, көйлек тіктіруіміз бар дегендей. Қыста тек аренданы төлеп, минусқа кетпесек болды деп тұрамыз.
Табыс көлемі қаншалықты көп жұмыс істегеніңе байланысты болады. Көйлекті клиенттерге қалай көрсетесіз, оларды қалай қызықтырасыз – бәрі соған байланысты.
Бір көйлекті тіктіруге 400-500 мың теңге кетеді
Бір көйлекті тіктіру үшін шамамен 400-500 мың теңгедей ақша кетеді. Себебі көйлектің матасы, тігіншінің жұмысы, дизайны, түсі – бәрі-бәрі үйлесіп тұру керек. Себебі қыз баланың ұзату көйлегіне қазақ өте мән береді. Кез келген қалыңдық ең әдемі, ерекше болғысы келеді. Олар әркім киген той көйлегін кигісі келмейді. Сондықтан бұл жерде нақты бір соманы айту қиын. Ол сіздің фантазияңызға байланысты.
Жалға бергенде көйлек клиентке алғаш рет киілгендей әсер қалдырса, онда ол үлкен жетістік. Сондықтан біз көйлектің әшекейлері мен безендірілуіне қатты мән береміз.
Бәсекелестерді басып озу үшін біраз еңбек еттік
Осы бизнесті алғаш қолға алған кезде бәсекелестеріміздің аты кәдімгідей дүркіреп тұрды. Оларды басып озып ерекшелену үшін біраз еңбек еттік. Салонымызға ұзату той көйлектерін өзіміз арнайы тігіп, ұзатылатын қызға толыққанды образды жасаймыз. Образдың ішіне баскиім, үкі, шолпы мен шашбауы, әшекейлері кіреді. Отандық мықты дизайнерлермен де жұмыс істейміз. Себебі қазақтың киімін қазақтан артық ешкім тіге алмайды. Ешкім сезіне алмайды. Шетелден еуропалық стильдегі көйлектердің мың түрі келеді. Неге біз ұлттық киімдерімізді көздің жауын алатындай етіп тігіп, насихаттап, құрметтемейміз? Әрбір образды дайындар алдында фасонын, түсін, дизайнын ойша жоспарлаймын. Содан кейін тігінші, дизайнермен ақылдасып, жүзеге асырамыз.
Біз конкурентті басып озу үшін осындай ерекшеліктерді жасадық. Бизнесті бастамас бұрын «Басқалардан қалай ерекшеленемін?» деген сұраққа жауап таба білу керек. Жалпы әр салада озып тұрған ең мықты 10 конкурент болады. Біздің салон осылардың ішіне кіріп тұр деп толықтай сеніммен айта аламын. Бұны клиенттердің айтқан пікірінен білемін.
Жарнамаға 1,5-2 мың доллар кетті
Instagram-дағытаргетке осы уақытқа дейін шамамен 1,5-2 мың доллардай кетіпті. Бұл цифр – 2 жылдағы таргеттің ақшасы. Себебі таргетке күнде ақша салмайсыз. Әр кезде әрқалай. Жарнама Instagram-да аптасына 5 күн немесе айына 10 күн жүруі мүмкін. Ол әркімнің бюджетіне байланысты.
Қазір салонда мобилограф, видеограф, SMM жұмыстарын өзім атқарамын. Тіпті халықтың Whatsapp пен Instagram-ға жолдайтын сұрақтарына да өзім жауап беремін. Себебі клиентке жауабыңыз, көйлекті видеоға түсіруіңіз, модельдің түр сипты – барлығы әсер етеді. Қазір Instagram-ның жеке заңдылығы бар. Егер видеоңыз шынымен ерекше, музыкасы да сәйкесінше жағымды болса, Instagram постыңызды «топқа» шығарады.
Осыған дейін жасаған еңбегімнің арқасында кейінгі 6 ай ішінде мүлдем таргетке жүгінген жоқпын. Өйткені клиенттер таргетсіз-ақ келіп жатыр. Тіпті Алматыдан өзге қалалардан арнайы келіп, көйлектерімізді ұнатып, жалға алып жатады. Бұл бізді қатты қуантады. Әлеуметтік желіде шынай жиналған 37 мың оқырманымыз бар.
Ұзату той көйлектердің жалға алу құны – 40 мың – 150 мың теңге аралығында
Біз қазір толықтай ұлттық киімдерді ғана насихаттауға көшіп жатырмыз. Енді тек қыз ұзатуға арналған ұлттық киімдерге назар аударамыз. Еуропалық стильдегі көйлектерді сатуды осымен тоқтатамыз. Ұзату көйлегін көбіне жалға алады. Сатып алғысы келетін аруларға арнайы жеке тапсырыспен тігіп береміз.
Жаңадан ашылып жатқан той салондары да біздің образдарымызды ұнатып, тапсырып беріп, кейде сатып алып жатады. Дүкенімізде ұзату той көйлектерін жалға алу құны – 40 мың теңге мен 150 мың теңге аралығында. Бұл бағаға толық комплект кіреді: камзолы, сәукелесі, тақиясы, үкісі, әшекейлері, фата, көйлегі.
Дүкен ашудағы мақсатыңыз тек пайда табу болса, онда бизнесті бастамаңыз
Кәсіп бастау үшін бастапқы капитал міндетті түрде керек. Иә, ақша керек. Бірақ мықты бизнес план болса, 100 мың теңгемен де табысты кәсіп бастай аласыз. Әр кәсіптің машақаты болады ғой. Қазақ – тойшыл ел. Біз үшін 2020 жылдағы карантин өте қатты тиді. Себебі той тоқтады. Сәйкесінше барлық ойын-сауық іс-шараларға та тыйым салынды. Дегенмен әйтеуір Құдайдың қолдауымен сол қиындықтардан шықтық. Егер мақсатыңыз тек пайда табу болса, онда бизнесті бастамаңыз. Себебі ішкі қызығушылық болмаған кезде, сіз тек пайда табам деп кіріссеңіз, кез келген жұмыс жүрмейді. Той көйлектерімен айналысу үшін де жан дүниеңді салып еңбек ету керек. Көйлек сатар болсаңыз, немен ерекшеленесіз? Басты ерекшелігіңіз неде? Көйлек сататындар көп қой? Міне, клиент сізді іздеп келуі үшін ерекшелігіңізді жасауыңыз керек. Ал “Миледидің” ерекшелігі – ұлттық киімдерді заманауи үлгіде шығаруы. Біз осылай кішігірім салон-ательеден үлкен өндіріске айналғымыз келеді.
Add comment