ГлавнаяБлог

Сәлемдеме бизнесі: Zhiber.kz краудшипиң платформасы қалай жұмыс істейді?

Бірлескен тұтыну немесе өз-өзіне қызмет көрсететін қоғам – кейінгі жылдарда кең тараған тенденциялардың бірі. Crowdfunding, car sharing, coworking - мұндай шешімдер өмірді жеңілдетеді, жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Жақында Қазақстанда басқа қалаларға заттарды жеткізу үшін бағыты бір жолсеріктерді табу үшін краудшипиң қызметі де жұмыс істей бастады.

Жеке тәжірибеден алынған идея

Динара студент кезінде Нұр-Сұлтанға көшіп, Павлодардағы ата-анасынан сәлемдемелерді жиі алып тұратын. Кейінірек Алматыға қоныс аударып, үйіне сыйлықтар жіберу үшін вокзалға барып, жолсеріктермен келіссөз жүргізуге немесе әуежайдан жолдастарын іздеуге мәжбүр болған.

Сонда байқағаным, бұл әдіс бізде үлкен сұранысқа ие. Осы нарықты зерттей бастадым, сөйтіп «краудшипиң» ұғымын таптым, ол ақырында бизнес идеяға айналды, — дейді Динара.

Бұл қызмет 2020 жылдан бастап сәлемдеме жолдаушыларға бағыты бір адамды онлайнда жылдам табуға, ал екіншісіне багажындағы бос орыннан ақша табуға көмектесіп келеді. Бір сәлемдемені алу арқылы әуежайға дейінгі таксидің ақшасын шығара аласыз, бірнешеуімен тіпті билет құнын өтеуге болады. Осылайша, платформа арқылы шамамен 1500 сәлемдеме жеткізілді және 2022 жылдың қаңтарына дейін қызмет комиссиясыз жұмыс істеді.

Сервис қалай жұмыс істейді?

Сәлемдеме жолдаушы тіркеледі, жолаушыны таңдайды, оған мәтін хабарлама жібереді және баға бойынша келіседі — барлығы платформа ішінде. Төлемге арналған шот та сонда көрсетіледі. Әр сәлемдемеден жолаушы 20% комиссия төлейді. Жуырда жазылу жүйесін енгізу жоспарда бар. Бұл жағдайда ақшаны жолаушы сәлемдемені жеткізгенін растағаннан кейін ғана алады.

Zhiber бағаны белгілемейді, бірақ жөнелтудің нарықтық құнын ұсынады. Мысалы, құжатты орта есеппен 1500–2500 теңгеге, 5 келіге дейінгі үлкен жүкті 4500–6000 теңгеге жолдауға болады.

Бағаны пайдаланушылар өздері белгілейді, мысалы, ноутбукты жеткізу үшін 12 000 теңге төлейді. Бір компания екінші компанияға сыйлық салынған пакетті жеткізуді 24 000 теңгеге бағалаған. Платформада аптасына кемінде екі рет іссапармен ұшатын әріптестер бар. Бір сапар үшін олар шамамен 12-15 мың теңге табады.

MVP бойынша жұмыс істеу барысында команда қауіпсіздік тақырыбы бойынша көптеген пікір алды. Жөнелтушілер сәлемдеменің қауіпсіздігіне алаңдайды, ал жолаушы тыйым салынған нәрсені алып кетермін бе деп қорқады. Келеңсіздікті болдырмау үшін барлық пайдаланушы тіркеу кезінде фото және видео сәйкестендіруден өтуі, жеке куәлік нөмірі мен ЖСН енгізуі керек. Бұл деректердің барлығы шифрланған түрде сақталады, сервис қызметкерлері оған қол жеткізе алмайды.

Бізге пайдаланушылардың қажеттілігін түсіну, жеткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және барлық процесті автоматтандыру маңызды болды. Жолдаушы мен жолаушы арасында чатты іске қостық. Сондай-ақ қызмет аясындағы төлемдердің қауіпсіздігі үшін біз эскроу шоттарын енгіздік — сіздің пакетіңіз алушыға жеткенше қаражат тоқтатылады. Жолаушы жолдаушыдан алған кодты енгізген бойда ақша бірден аударылады, — деп түсіндірді Динара.

Краудшипиң неліктен шетелде танымал?

Америкалық Deliv компаниясы мұндай қызметті ұсынатын алғашқылардың бірі болды. 2012 жылдан бастап ол жүктерді жүргізушілер арқылы жеткізуге маманданған. Баламаның танымал болғаны сонша — 2014 жылы АҚШ-тың пошта бас инспекторы краудшипиңдідәстүрлі пошта қызметтеріне қатер деп атады. Жаңа қызметтер пошта бөлімшелерінен тапсырыстардың айтарлықтай бөлігін тартып ала бастады.

Динара пошта қызметіндегі дәстүрлі курьердің бірнеше мәселесін атап көрсетті:

  • біріншісі – уақыт. Көбіне адамдар дәл бүгін басқа қаладан құжат немесе тез бұзылатын затты алуы керек. Пошта мұндай тапсырыстарды көбіне қабылдай бермейді;
  • бір күнде жеткізуді ұсынатын курьерлік қызметтер жоқ емес, бірақ олардың көпшілігі қымбат;
  • курьерлік қызметтердің жұмыс кестесі шектеулі, әсіресе мереке және демалыс күндері.

«Бұл мәселелердің барлығы краудшипиң платформалары арқылы шешіледі. Пандемияға дейін Қазақстанда да осындай стартаптар пайда болды, бірақ танымал бола алмады. Бәлкім, нарық жаңа қызметтерге дайын болмаған шығар, ал адамдар әдеттегідей сәлемдемені жолдауға жолсеріктерді өздері іздеген болар», — дейді Динара.

Платформаны пандемияның шарықтау шегінде – 2020 жылдың жазында іске қостық. Сонда барлығы үйде отырып, дайын тамақ пен азық-түлікті жеткізу үшін бірдей қызметтерді пайдалану қаншалықты ыңғайлы екенін түсінді. Адамдар цифрлық шешімдерге ауыса бастады және бұл бізге пайдалы болды, — дейді стартаптың негізін қалаушы.

Инвестициялар және MVP

2022 жылдың көктеміне қарай стартап фандрайзиң – инвестиция тарту кезеңіне көшті. Бұған дейін ол тек құрылтайшылардың жеке қаражаты есебінен дамыды. Олар жобаның өміріне 24/7 режимінде қатыспайды, оны қаржыландырады және тәжірибесін бөліседі. Динара олармен жұмыс іздеп жүргенде танысып, ойы бір-біріне сәйкес келетін болып шықты.

«Бірінші білімім техникалық – радиотехника, электроника және байланыс, екіншісі – экономика. Zhiber-ге дейін стартаптармен айналыспадым, сондықтан бәрін нөлден бастап зерттедім. Жас стартаперлерге өзіне сенетін және іске асыруға қаражат беретін сериялық кәсіпкерлерді іздеуге кеңес берер едім», — дейді ол.

Алғашында жобамен тек Динара жұмыс істеді, ал платформаны жасауға аутсорсиң әзірлеушілер тартылды. Содан кейін командаға маркетолог Юлия Сун қосылды.

«Платформаны 2020 жылдың шілдесінде іске қостық және бастапқыда барлық қосымшаны қолмен өңдедік. Біз үшін бәрі қалай жұмыс істейтінін түсіну және пайдаланушылардан кері байланыс алу маңызды болды. Жобаның MVP-і осылай қалыптасты», – дейді Динара.

Келесі кезеңде ұжымға оператор Динара Жолжанова мен техникалық директор Юрий Сиротенко қосылды. Қазір командада платформаны жетілдіретін төрт адам бар. Стартапты дамыту барысында Динара ана атанған.

«Бала өмірге келгенге дейін де ұзақ уақыт декретте отыра алмайтынымды түсіндім. Жұмысқа қайта кіріскенімде бала 1,5 айлық еді. Иә, өте кішкентай еді, бірақ дұрыс қойылған басымдықтар жұмыс істеуге және балаға жеткілікті уақыт бөлуге мүмкіндік береді», — дейді Динара.

Zhiber-ді дамытуға стартап-қауымдастықтардың мамандары да көмектеседі. 2020 жылдың желтоқсан айында жоба Қарағанды ​​IT-хабының «Терриконовая Долина» акселерациясынан өтті және қазір MOST Ventures Fund-тың екінші акселерациясына қатысып жатыр. Осының бәрі Zhiber-дің фандрайзиңіне дайындалуға көмектесуі керек.

Трафик және жоспарлары

2022 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша Zhiber арқылы айына 150-ге жуық сәлемдеме өтеді. Бұл ретте стартап белсенді жарнама науқанын жүргізген жоқ. Команда жақында сайтты жаңартты және платформаны мүмкіндігінше сынау үшін әрбір сауданы өңдейді.

Әзірге қызмет Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы бағыттарда жұмыс істейді. Болашақта команда география мен пайдаланушы профилін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мысалы, қызмет B2C нарығын — компанияларға жеткізуді қарастырады.

«Бізге интернет-дүкендер жиі хабарласады. Әдетте, астаналықтар Алматыдан тауарларға, негізінен зергерлік бұйымдарға, киім-кешек пен қосалқы бөлшектерге тапсырыс береді. Әзірге біз бұл бағытты дамытпаймыз, өйткені сәл басқа функционал қажет болады», — дейді Динара.

Қызметтің қазіргі кезеңдегі мақсаты – бүкіл Қазақстан бойынша жеткізуді іске қосу және одан әрі кеңейту. Өңірлер бойынша іске қосу үшін маркетингке инвестиция қажет.

Zhiber халықаралық бағыттарды да іске қосуды жоспарлап отыр. Әуелі бұл қазақстандықтар үшін шетелге және кері сәлемдеме жіберу қызметі болады. Пайдаланушылардан мұндай сұраныстар өте көп. Келесі қадам — ​​сыртқы нарыққа шығу.