ГлавнаяБлог

Білім беру бизнесі. Жандос Байжұма Quantum орталығын табысты кәсіпке қалай айналдырды?

Жандос Байжұма – кәсіпкер, физик ғалым, эдьюкейтор, Quantum білім беру орталығының негізін қалаушы. Біз онымен орталықтың өткені мен бүгіні, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс, өнер мен білімнің байланысы және елдегі білім жүйесі туралы сұхбаттастық.

«Не істеп жүрмін?»

Республикалық физика-математика мектебінің түлегімін. Алғашында мамандығым бойынша лабораторияда жұмыс істедім. Сол кезде бизнес, кәсіп туралы блогтар оқып, қызығушылығым арта бастады. 2012 жылы сыныптасым “Қаладағы мектеп оқушыларын ҰБТ-ға физика-математика бағыты бойынша дайындайық” деп ұсыныс тастады. Бастапқыда физика-математика пәндерін таңдайтын оқушылар саны аз болғандықтан, менің курсым өтімсіз болды. Санамда «Не істеп жүрмін?» деген сұрақ туындады. 

Кейіннен ҚазҰУ бөлім басшысының қызметіне шақырту алдым. Бұл ұсынысты қабыл алып, 2012-2014 жылдар аралығында бөлім басшысы болып жұмыс істедім. 2013 жылы үйленген соң отбасыммен көбірек уақыт өткізгім келді. Оның үстіне жұмыста мені жеткілікті деңгейде қадірлемейтіндей сезім туындады. Сөйтіп, нар тәуекел деп 2014 жылы университеттегі жұмыстан шықтым. 

Кеңсем үйімде еді

Үйде репетиторлықпен айналысатынмын. 2014 жылы жеке кәсібімді бастап Quantum білім беру орталығын аштым. Кеңсем үш бөлмелі үйімде орналасты. Бірінші жылы оқушыларды тек математикадан дайындадық. Алғашқы кәсібім болғандықтан, мені ешкім танымағандықтан 2014 жылы шамамен 15-20 ғана оқушы тәрбиеледік. Кәсіп бастаған жыл ауыр жыл болды. Бірақ бастаған істі аяғына дейін жеткізу керегін түсіндім. Осы жолда жұбайым, ата-анам көп қолдау көрсетті.

Екінші жылы математикадан бөлек, физика, тарих сияқты сабақтарды қосуды ойға алып, мұғалімдерді жұмысқа қабылдадым. Талғар ауданындағы Бесағаш, Тұздыбастау ауылының оқушыларын ҰБТ-ға дайындай бастадық. Оқушылар саны арта бергендіктен, Бесағашта орналасқан бір мекемені жалға алып, ресми түрде екінші орталықты аштық. 2016-2017 жылдары бұл жерде 10-нан астам мұғалім жұмыс істеп, 100-ге жуық оқушы білім алды. 2014 жылдан бері қарай әр жыл сайын біздің орталықта оқитын оқушылардың саны 100% артып отырды. 

Өз ісінің фанатиктері керек

Бүгінгі таңда Quantum білім беру орталығында 25 мұғалім еңбек етеді. Бәрінің білімі, кәсіби дайындығы жоғары дәрежеде. Мұғалімдерді жұмысқа аларда олардың мамандығына, саласына деген қарым-қатынасына баса назар аударамыз. Өз ісін сүйетін мамандарды алғашқы қатарға қоямыз, бағалаймыз. Бізге өз ісінің фанатиктері керек. 

Сонымен қатар біздің орталыққа жұмысқа орналасқысы келген кез келген маман Quantum орталығының философиясын ұғынуы, санасына сіңіруі қажет. Ал біздің философиямыз қандай? Бәрі өте қарапайым. Біз балаларға, жасөспірімдерге түсінікті әрі сапалы білім беруді қалаймыз.  

Миссиямыз – қоғамға бейімделген, мәдени деңгейде дамыған, зияткер жастарды дайындау. 2025 жылға қарай Quantum білім беру орталығының толыққанды мектепке айналғанын көргім келеді және осы бағытта жұмыс істейміз. 

Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс туралы

2014 жылдан бастап биылға дейін Quantum білім беру орталығы 3000-нан астам шәкірт тәрбиеледі. Биыл 500-ге жуық оқушы біздің орталықта білім алып жатыр. Бұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Мұның екі себебі бар: біріншіден, Алматы қаласында екінші орталықты аштық, екіншіден, «мемлекеттік шығармашылық тапсырыс» бойынша жаңа үйірмелерді іске қостық. 

Бұрын тек ҰБТ-ға дайындасақ, қазір ұлттық және заманауи би, актерлық шеберлік және шешендік өнер, бейнелеу өнері, графика, көркем фотосурет пен видеомонтаж, домбыра, гитара сияқты өнер үйірмесін, үлкендерге арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. 

2021 жылдан бері мемлекет тарапынан өнерді қолдауға қаржы бөліне бастады. Әр кәсіпкер мамандарды жинап, өнер үйірмелерін аша алатын болды. Мемлекет үйірменің қиындығы мен жиілігіне байланысты әр өткізген сабақ үшін, әр бала үшін қызмет құнын төледі. Өте тың бастама. Жасөспірімдердің бос уақыты көп болғандықтан олар пайдасыз іске әуестене бастайды. Ал мұндай үйірмелер саналы, сапалы ұрпақ қалыптастыруда елеулі роль ойнайды.

Өнер мен білім қатар тіршілік етеді

Қоғамның мәдениетке, руханиятқа, өнерге бет бұруы қуантады. Өнерсіз берілген білім құмға тең. Өнер мен білім қатар тіршілік етеді. Тәрбие дұрыс болмаса, алған ілім-білім зая кетеді. Расында, өнерден хабары бар, мәдениетке жаны ашитын адам тонамайды, ұрламайды, «Қаңтар оқиғасындағыдай» бұзақылыққа бармайды. Өнерді бағалайтын адам өмірдің кереметін сезіне алады, басқа адамның мүлкіне, құқығына қол сұқпайды. Сол себепті Quantum орталығы өнер саласына бет бұрды.

Оқушаларға білім ғана беріп қоймай, жаңа мәдениет қалыптастыру қажет. XXI ғасырда эмоциялық интеллект өте маңызды. Оқушылар 11 жыл бойы сыныптастарымен ғана араласып, мектеп мұғалімдерінен ғана білім алады. Ал университетке түскен кезде жаңа ортаға үйренісіп, жаңа адамдармен тіл табысып кетуі оңай болсын деген ниетпен біз түрлі салада тәжірибесі бар мамандарды шақырып, шеберлік сабақтарын өткіземіз. 

Балалардың өзара байланысы нығайсын, достығы артсын, бауырмал болсын деген оймен жыл сайын көкке шығып, табиғат аясында уақыт өткізіп, тимбилдиң ұйымдастырамыз. Түрлі ойын ойнаймыз, жарысамыз, өнер көрсетеміз. Балалардың сабақтан тыс жерде де коммуникатив дағдыларын дамытуға көңіл бөлеміз. 

Білімге негізделген экономика

Таяқтың екі ұшы бар ғой. Еліміздің білім беру жүйесін реформалар құртты деп ойлаймын. Білім беру саласы кейінгі 10 жылдықта ең көп өзгеріске түсіп, реформаларға ұшырағаны айдан анық. Саны бар, сапасы жоқ реформалар, батыстың білім жүйесіне еліктеудің салдарынан бұрынғы оқу саласының маңызды элементтерін жоғалтып алдық.  Оқу бағдарламасында балаларға пікірін білдіруге мүмкіндік берілгенімен, іс жүзінде олардың ойына құлақ асатын жүйе толық қалыптаспады.  

Қазақстандағы білім беру жүйесінің оңтайлы тұсы да бар. 2000-жылдардың басында «Кез келген жолмен ақша тап» деген идеология болса, қазір білімді болуды насихаттап жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. «Бәсекеге қабілетті болудың жалғыз жолы – ғылым-білімге үйір болу» екенін қалың бұқараға түсіндіру қажет. Мұнай, газ, алтын сынды шикізаттың бәрі сарқылады, сарқылмайтын, таусылмайтын – білім ғана. Халық білімді болғанда мемлекет алға жылжиды. 

Осы орайда Израиль, АҚШ мысалын еске алғанымыз жөн. Өйткені олардың идеологиясы «білімге негізделген экономикада». Заманауи технологиялардың қарыштауына, адами капиталдың дамуына жол ашатын мемлекет үздік болмақ. 

Тәуекелге бел байлаңыздар

Алдыңғы буын өкілдері, үлкен кісілер «қазіргі жастар бұзылып барады» деген пікірде. Олай ойлаудан аулақпын. Қазіргі жастарға айтарым: ештеңеден қорықпаңыздар. Отбасылы болғанға дейін сіздер жоғалтатын — тек уақыт. Сол уақытты тиімді пайдаланыңыздар, жақсы, жаңа дүние үйреніңіздер, дамыңыздар. Тәуекелге бел байлаңыздар. Fail fast and learn fast. Қателесуден қорықпаңыздар. Қате – прогрестің драйвері екенін ұмытпаңыздар. Жаһан жұрты жақсы білетін жаңалықтар, ғылыми жетістіктердің 90%-ы қателесудің нәтижесінде пайда болған, сондықтан тек алға.