ГлавнаяБлог

Саяхаттап жүріп табыс табу. Qazaq Travelers авторлық туры қалай пайда болды?

Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы - Шардара ауданы Қазақстан ауылының тумасы. Бала кезінен саяхаттауды жақсы көреді. Осы қызығушылығымен 2019 жылы Qazaq Travelers атты авторлық турагенттік ашқан. Бастапқыда хобби болған, бүгінгі күнде Нұрдәулеттің жеке кәсібіне айналып отыр.

Авторлық турымның ашылғанына биыл 3 жыл болды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде  география мамандығы бойынша білім алдым. Магистратура оқып жүргенде университетіміз шетелмен ғылыми тәжірибе алмастыру мақсатында бізді Литваға жіберді. Литвадағы 4 күн бос уақытымызда үйде жата беренше «Еуропаны бір аралап қайтайық» деп Варшава, Париж, Милан қалаларына бардық. Саяхатқа бұрыннан қызыққаннан қалалар туралы интернеттен ақпарат қарап, маршуртты өзім жоспарладым.

Еуропадан елге келгеннен кейін сол  жаққа қайтадан бару  туралы  ой пайда болды. Жұмысқа да құлшыныс болмады. Ол кезде Алматыда № 92 лицейде  география пәнінен сабақ беретін едім. Мұғалім болу ұнайды, бірақ қағазбастылық шаршататын. Шетелде жұмыс істеп, ой-өрісімді кеңейтіп, сенбі-жексенбі күндері басқа мемлекетке  барып, Еуропаны аралаймын деп ойладым. Сол кезден бастап шетелде жұмыс істеуге болатын әртүрлі мүмкіндікті қарап жүрдім. Бір күні Германиядан жұмыс шығып, осы жаңалық туралы ата-анама айтқан едім, «Шетелде жұмыс істегені несі?», «Уайымдаймыз», «Елде жұмыс табылмай қалды ма?», «Ақшасы құрысын» деп қарсы болды.

Магистратурада оқып жүргенімде Еуропаға жасаған турдың маршрутын студенттер сұрай бастады. «Сіз былтыр Еуропаны аралаған кезде маршурт жасаған екенсіз ғой, бізге жоспарын ұйымдастырып бересіз бе?» деп ұсынысын айтты.  Оларға қалаларға бару жолы, картаны пайдалану, қонақүйлер мен хостелдерге бронь жасау, автобус пен ұшақ билеттерін алып беруге көмектесіп жүрдім.

Еуропаға барғандармен әлеуметтік желідегі ортақ чаттарда сөйлесіп тұрдық. Кейін олар елге келгенде «Саяхаттарың қалай болды?» деп сұрайтынмын. Олар «Жақсы болды», «Адасып қалдық», «Сіз бірге жүргенде жақсы болар еді» деді. Бұл сөздері мені ойландырып тастады. Негізінен адамдардың көпшілгі шетелге шығуға қорқады. Содан жеке авторлық турды неге бастамасқа деген қызығушылық туындады.

Авторлық турға байланысты ақпарат іздей бастадым.  Орыстарда авторлық турлар өте көп. Ал қазақ аудиториясында 2019 жылы авторлық турды Динара Болат қана бастаған екен. Ол кісі психолог, блогер болғандықтан өзінің аудиториясы бар. Ал турлардың бағасы салыстырамалы түрде әлдеқайда қымбат болды. Содан «Неге қолжетімді бағада тур ұйымдастырмасқа?» деген ой келді. Басында «Қалай болар екен?» деп біраз қорықтық. Сөйткен қорқынышты жеңіп, 2019 жылы желтоқсан айында турымызды бастадық.

«Алғашқы авторлық турыма төрт туристпен барып қайттым»

Ең алғашқы турымыз 2020 жылдың наурыз айында Өзбекстанға болды. Маршрут Ташкент-Самарқанд-Бұқара қалаларына жасалды. Алғашқы турға төрт туристпен барып қайттым. 6 күндік турдың бағасы – 90 мың теңге.  Ол бағаның ішіне қонақүй, ұшақ билеті, Өзбекстан қалалары арасында пойыз, такси, гид қызметі, медициналық сақтандыру кірді.

Ең алғашқы тур болған соң «Клиенттің бәріне ұнады» деп айта алмаймын. Өзбекстанды дұрыс білмегендіктен адастық та. Сағым сынбасын деп өз-өзімді қайрап, турды ары қарай жалғастырдым. Бұл турдан мынандай табыс таптым деп айта алмаймын. Жарнамаға кеткен шығындарды ғана  жапты.

Түркияға жасалған турымыз ойдағыдай өтті

Екінші турым 2020 жылдың сәуір айында Түркияға жоспарланды. Бұл турға 16 адам жиналды. Барлығы қыздар болды. Ол кезде түрікше де білмеймін. Түркияда оқитын сыныптасыма байланысқа шығып, одан көмек сұрадым. Себебі бұрын өзім Түркияда болмағанмын. Тур басталмай тұрып бір апта бұрын «Бойымды үйретейін, ертең бәленбай адамды ертіп жүру оңай емес» деп Түркияға келдім. Сыныптасым күтіп алып, жанымда бірге жүрді. Группа келмей тұрып баратын жерлерімізді аралап шықтым.

Сыныптасыма сеніп жүргенімде оның аяқасты емтиханы шығып, келе алмайтынын айтты. Содан бір Аллаға ғана сенім артып тәукел жасадым. Түрікше де білмеймін, тек баратын жолдарды білемін. Алматыдан келген 16 адамды күтіп алып, олармен Стамбул-Анкара-Каппадокияны араладық. Әйтеуір, шүкір бәрі ойдағыдай өтті. Ол кезде Түркия туры 8 күн болды. Бағасы – 270 мың теңге. Группа алғысын айтып, бәрі риза болып қайтты. Соңында тіпті бір-бірімізді қимай қоштастық.

Үшінші турымыз мамыр айында Еуропаға болды. Ол кезде де төрт адам алып бардым. Еуропаға бұрын барып келгендіктен маршурт жасауда ешқандай қиындық болмады.

«Пандемияның кесірінен шығынға ұшырадық»

Жұмысымыз енді ғана ретке келіп жатқанда елімізде пандемия басталып кетті.  Сәуір, мамыр және жаз айларына да біраз жоспар жасап, турларымызды сатып үлгерген едік. Содан барлық турымызға «отмена» жасап, адамдардың ақшасын қайтару керек болды. Туристерге барлық жағдайды түсіндіріп, ақшаларын шетінен бөліп жатып бір жылдың ішінде қарызымыздан құтылдық. Жарнамаға салған ақшамыз күйіп кетті. Пандемияның кесірінен солай біраз қиындық болды.  Турдың арасы үзіліп, бетіміз қайтып қалды.

2021 жылдың тамызында Грузия-Түркия турын ұйымдастырдық. Өте жақсы тур болды. 24 адамнан құралған екі топ алып бардым. Бұл жолы турды жарнамаға жіберген жоқпыз. Олар бізге Іnstagram парақшамыздан жазылды. Турда адамдарға Түркияның әртүрлі жайлауын, шай өндіретін фабрикаларын аралаттық. Негізі бұл жаққа басқа тур компаниялары келе беремейді. Осы жолы Түркияның жаңа қырынан, әдемі табиғатын көрсеттік. Туристер ағаштан жасалған үйлерде тұрып риза болды. Толығымен 12 күндік тур жасадық. Бұл турда тәжрибеміз бар болғандықтан қызмет көрсету жағын жақсарттық.

Еуропаға тур жасау үшін жолдың ашылуын күтіп отырмыз. Мүмкін жаз айларыннан бастап қалатын шығармыз.

«Аудиториямыз қалыптасты»

Пандемия кезінде бекер уақыт өткізбей, маркетинг, психология, адамдармен жұмыс істеу жағынан білімімді жетілдірдім. Осы жолы жаңа гид қызметкерлер алып, бағыттарды көбейтіп, бизнес жағынан жоспар құрып жатырмыз. Бастапқыда турмен хобби ретінде айналысып қазір кәсіп қылдық. Әртүрлі бағыт бойынша ұсынастар түсіп жатыр. Ұзынды-қысқалы 2 жылдық тәжірибеміз бар. Бізге ешкім үйреткен жоқ. Өзіміз  барып жүріп, шығынға батсақ та, маңдай терімізбен үйрендік.

Турды бастаған кезде екі мақсат болды. Бірніші мақсат — қазақ тілімізді дамыту. Себебі туризм саласында қазақ тілінің жағдайы өте мүшкіл.  Тілімізге кішкене болсын үлесімізді қосу үшін турды тек қазақ тілінде жүргіземіз.

Екінші мақсатымыз —  қолжетімді саяхатты ұйымдастыру. Қазір блогерлердің бәрі тур жасағыш болып кетті.  Олардың бағалары бізбен салыстырмалы түрде қымбатырақ.

Қазіргі таңда үнемі шығып тұратын 150 адамнан тұратын тұрақты аудиториямыз қалыптасты. Ол кісілер «Мына жерге барғым келеді, тур ұйымдастырсаңызшы» деп өздері жазып тұрады.

Авторлық тур — болашағы бар жақсы іс. Талай адамның шетелге шығуына, ұшаққа мінуіне, адамдардың шетелге шығуға деген қорқынышын жеңуге үлесімізді қосып себепші болдық. Оларға саяхат жасау ләззат сыйлайтын іс екенін көрсеттік. Көп адам саяхат десе, «Ойбай, қымбат» деп өздеріне шектеу қойып тастайды. Керсінше саяхаттау — ақша құрту емес, өзіңе салған инвестиция.

Алғашқы Өзбекстан турынан 40-50 мың теңге табыс таптық. Ол кезде бұл жұмысты хобби үшін бастаған болатынбыз. Пандемияда біраз шығынға ұшырадық. Шығынға ұшырасақ та, бұл жолдан бас тартпай, дамытып жатырмыз. Пандемиядан кейін  турдан ең көп табыс тапқан ақшамыз —  1 миллион теңге.

Тур жасаудың қиындықтары

Адамдар біз туралы «Оларға рахат», «Шетелде қыдырады», «Гид болып жүрген күшті» деп ойлайды. Гид қызметін атқарып жүрген адам демалысты ойламайды. Өйткені мойнында қаншама адамның жауапкершілігі бар.  Кейде топта ештеңеге көңілі толмай, сын айта беретін адамдар болады. Сондай адамдармен жұмыс істеу сәл қиындау. Өйткені группаның эмоциясы бізге тікелей әсер етеді.

Турдағы адамдар бір-бірімен келіспей ренжісіп қалуы мүмкін.

Туристердің бірі тарихи орындарға қызықса, кейбірі суретке көп түсуді олайды немесе базар аралағысы келеді.

Топ болған соң әрқайсының еркелігін көтеруге келмейді. Ортақ бір шешімге келуге тырысамыз. Турда адамдармен жүргенде уақыт жағын үнемдей алу үшін жоспарлаған елге өзім бірінші барып қайтамын.

Биыл жеке дамуыма  уақыт бөліп жатырмын. Жастар табысының 40-50%-ын  дамуына арнауы керек. Жылдар бойы қиналып ипотека төлегенше,  өзіне керек білімге күш салса, қажет қаражатын 1-2 жылдың ішінде жинап алуына болатынын айтқым келеді.