– Құртты дәл осылай ұсыну идеясы қалай пайда болды? 

– Чупа-чупсты балалар жақсы көреді. Ал құрт – біздің буынның балалық шағының бал дәмі. Чупа-құртты шығарудағы бірінші мақсат – балаларды қызықтыру. Дүкендегі тәттілердің бәрінде химиялық қоспа бар. Өкінішке қарай, оның орнына балама да жоқ. Ал біздің өнімдеріміз осы орайда тәттілердің орнын басады. Балаларға ғана емес, таяқшамен жеу үлкендерге де ыңғайлы. Чипс балалардың ең сүйікті әрі ең зиян тағам түрі екенін ескеріп, «Қырт-құрт» чипстерін дайындадық. Сонымен қатар «Тик-так» тәттілері сияқты «Тек тат» құрттарын өндіріп жатырмыз. Бұл өнімдердің ешқайсысында химиялық қоспалар жоқ.

– Дүкендегі кей құрттың формасы икемді болуы үшін құрамы өзгертіліп, түрлі қоспамен дайындалатыны айтылып жатады. Ал чупа-құрттар қаншалықты табиғи өнім? 

– Бұл кәсіпті бастамас бұрын оны зерттеуге шамамен 2 жылдай уақыт кетті. Тауардың патенті мен сертификатын алу жұмыстары бар. Сырт көзге құрт жасаудан оңай жұмыс жоқ сияқты. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес. Чупа-құртты әзірлемес бұрын Қазақстанның әр өңіріндегі құрт жасау әдістерін салыстыра зерттеу үшін еліміздің әр облысына бардық. Әрқайсысын зертханаға апарып, құрамын тексердік. Бізде құрттың беделін түсіріп жіберген. Мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті жергілікті құрт шығаратын үлкен компаниялар құрамына ұн немесе маргарин қосады. Себебі ұн қоспаса, құрылғы құртты формаға келтіре алмайды. Егер құртқа ұн қоссаңыз, формасы қатты әрі жұп-жұмыр болады. Содан сатып алған құрылғыларымызды қолданбай, Қаскелең өңіріндегі ауылдағы цехта құрттың майлылығын сақтап, ата-бабамыздың әдісімен жасаймыз. Цех қызметкерлері құртты қолмен домалақ пішінде дайындайды. Оған қоса, біз ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отырмыз. Деңгейіміздің өскенінің бір белгісі шығар. Көптеген ата-ана чупа -құртты дәрумен ретінде сатып алады. Қазақтың жеті қазынасындай құртты да сондай деңгейге жеткізуіміз керек.

Создатель Asyl Tas Holding

– Не себепті чупа-құрт Asyl Tas деп аталады?

– Құрт – біздің асыл тасымыз. Ол ата-бабадан мұра болып қалды. Қазіргі таңда құрттың чупа-чупс, чипс және өндіріс барысында тик-так түрін әзірлеп жатырмыз. Құрт екі түрлі қорапта шығады. Қораптың сыртқы дизайнына да мән беріп, оны ойластыруға жарты жылдай уақыт кетті. Бірінші қораптың қаптамасында «асыл тасымыз­дың» пайдасы туралы үш тілде ақпарат бар. Екінші дизайндағы қорапта Абайдың «Жетінші қара сөзі» үш тілде жазылған. «Жетінші қара сөзді» таңдауымыздың да себебі бар. 45 қара сөздің ішінде Абайдың жалпы адамзатқа айтқан өсиеті бар, яғни қара сөздегі адамгершілік құндылықтар бар адамға қатысты. Шетелдегі дос-танысыңыз осылайша қазақтың дәмінен ауыз тиіп, тарихымен танысады. Иісі қазақтың өнімін жаңғыртып, ұлттық брендке айналдыру әр адамның еншісінде. Ұлттық өнім де шетелдік өнімдерден кем түспейтінін дәлелдегіміз келеді. Чупа-құрттың сыртқы қаптамасы да оңай ашылады. Қағазы да жоғары да сапада шығарылады.

Asyl Tas құрты

– Өнімдеріңіз ұлттық бренд ретінде қаншалықты танымал?

– Шетелдегі танымалдылығымыз біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Алғашқысы Корея болса, Ресейде Мәскеудегі «Бауырсақ маркетпен» келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Дубайда сатуға сертификат алдық.  Ал Қазақстан бойынша батыс өңірлерде – Ақтауда, Атырауда, Ақтөбеде болса, сондай-ақ Нұр-Сұлтанда, Қарағандыда сатылым жоғары.

– Asyl tas өнімдерінің бағасы қалта көтере ме?

– Чупа-құрттың бір данасын дүкеннен 100 теңгеге сатып алуға болады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, чупа-чупстың бағасы 75 теңгеден басталып, 150 теңгеге дейін барады. Бірақ химиялық қоспасыз чупа-құрт баланың денсаулығына пайдалырақ. Иә, брендке айналдыру мақсатымызға айналғандықтан сапасына аса қатты мән береміз. Соған орай бағасы да лайық болады. Мысалы, сары қораптағы 50 дана құрттың бағасы 4250 теңге болса, ал қара қораптағы 13 дана чупа-құрт 2200 теңге. Құрттың бағасы құнын, сапасын ақтай алады.