1 қараша – Халықаралық вегандар күні. Атаулы датаға орай, «Веган және вегетариан болу қаншалық қажет?» деген сауалға жауап іздедік. Бұл туралы нутрициолог, health коуч Талшын Артыққызы айтып берді.
Веган мен вегетарианның айырмасы қандай?
Халықаралық вегандар күні 1994 жылғы 1 қарашадан бері тойланып келеді. Веганизм (вегандық) – вегетариандар берік ұстанатын өмір стилі.
Вегандар – тамақ рационынан ет пен балықты ғана емес, жануардан алуға болатын жұмыртқа, сүт сияқты барлық өнімнен бас тартқандар. Олар былғарыдан, жүннен, жібектен киім кимейді. Вегетариандар – жануар етінен бас тартқанымен, оның өнімін тұтына беретіндер.
Веганизмді ұстану себебі әртүрлі болуы мүмкін. Вегетариандар көбіне жануарлардың өліміне және олардың азапталуына себепкер болғысы келмейтінін айтады.
«Қалыпты өмір салтын ұстанған адамға вегетариандыққа бірден өтуге болмайды»
Вегандар мен вегетариандардың тағам рационында ет болмайды. Ал ет – ақуыз бен түрлі витаминге, минералға бай тағам. Әсіресе, вегандардың асында жануар ақуызы өте аз. Өйткені олар я жұмыртқа жемейді, я сүт ішпейді. Сол себепті олардың денсаулығында ақуыз тапшылығы байқалады.
Жалпы, қалыпты өмір салтын ұстанған, яғни бұған дейін ет жеп, сүт ішіп келген адамға вегетариандыққа бірден өтуге болмайды. Олай етер болса, 2 аптаның ішінде ақуыз тапшылығы пайда болады, зат алмасу процесі өзгереді. Меланоцит пигменттері азайып, шашқа ақ кіреді, шаш түсе бастайды. B12, B9 жетіспейтін анемия пайда болады. Бұл, әрине, денсаулыққа зиян.
Алайда қазір елімізде веган және вегетариан өмір салтына саналы түрде көшкен азаматтар бар. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Бұған Tik-Tok желісінің дамуы да әсер етті. Жасөспірімдер осы әлеуметтік желідегі түрлі топқа тіркеліп, «ет жемейік, жануарларға обал ғой» деген сияқты тенденцияға ереді. Сөйтіп вегетариандық өмір салтын ұстана бастайды.
«Қазақ қоғамына веган және вегетариан рационы аса қажет дей алмаймын»
Дегенмен «эпигенетика», «генетика» деген ұғымды ұмытпау керек. Біз – қазақпыз. Қазақтың хромосомасында ет пен қымыз, сүт пен шұбат бар. Сондықтан біздің генетикамызға, ішегімізге ет жеу қалыпты әрі аса керек. Вегетариан өмір салтына көшкен қазақ азаматтары бірден анемияға шалдығып жатады. Әлсірейді. Бұл вегетариандық салтқа ішек әзір дайын емес екенін білдіреді.
Әр халықтың ішегі қабылдайтын ас әртүрлі болады. Басқа ел азаматтары біздің ұлттық тағамдарды таңсық көреді. Кешқұрым бешбармақ жейтінімізге, болмаса жылқы етін жейтінімізге таңғалады. Біз де шетке шықсақ, ол елдің тамағына үйреніп кетуіміз қиын. Мысалы, қытайдың ащы тағамдарын басында татып көргенімізбен, оны тұрақты тұтынуға ішегіміз шыдамайды.
Жалпы, маман ретінде қазақ қоғамына веган және вегетариан рационы аса қажет дей алмаймын. Ал денсаулық жағдайына байланысты бұл салтты уақытша ұстануға болады. Адамның ішек жүйесінде метоболизм синдромы пайда болса, вегетариандық өмір сүру салты ұсынылады.
Мұндай синдром кезінде организм ақуызға төзбейді. Оған қоса, пациент неврологиялық ауруға шалдықса, ішекті аса жоғары тітіркенуден сақтау үшін наутрицологтар уақытша веган рационын жазып береді.
«Ақуыз қорын өсімдікпен толтыру керек»
Вегандар организміне ақуыз жетіспейтінін айттық. Ақуыз – организмнің кірпіші. Адам жануар ақуызын мүлдем қолданбағаннан кейін басты құрылыс материалынан айырылады. Демек оның қорын толтыру керек. Бұл үшін өсімдік ақуызын көп мөлшерде тұтынған жөн. Жасыл түсті өсімдіктер, оның ішінде бұршақ тұқымдастар ақуызға бай. Жарма құрамында да ақуыз мөлшері көп.
Нутрициологтар веган өмір салтына саналы түрде көшіп жатқан пациентке өсімдік ақуызы негізінде жасалған ақуыз коктейльдерін ұсынады.
Жануар ақуызы жылдам сіңеді, ал өсімдік ақуызының сіңімділігі төмендеу. Организмде ақуыз тапшылығы болса, адам ең әуелі анемияға ұшырайды. Бұл – әлем бойынша ақуыз жетіспеушілігінен пайда болатын бірінші ауру.
Қазір АҚШ-тан, Ресейден жұмыртқаға қарсы технология туралы жаңа білім келіп жатыр. Біз сияқты нутрициологтар шетелден оқиды, өйткені елімізде бұл сала оқытылмайды. Демек әлгі білімнің бәрін алып жатырмыз. Мұндай технологиялар «қартаймауымыз керек, ішекке көп салмақ салмауымыз керек» дегенді ұстанады.
Дегенмен ондай білімнің бәрі бізге сай келе бермейді. Өзімнің негізгі оқығаным – ғылыми биология және физиология. Адам анатомиясы мен медицинаны да оқыдым, сондықтан генетиканы ысырып тастауға болмайтынын білемін. Әр халық өзіне тән тағамды жеуге тырысуы керек. Біздің ас қорыту жүйеміз етке, оны қорытуға жаттыққан. Соны ескеру қажет.
Басты фото: Несси Гилева
Add comment