ГлавнаяБлог

Қандай тағамдарды шикілей жеуге болмайды?

Кейбір тағам түрлерін шикілей жеуге кеңес беріледі. Өйткені ондай өнімдерде пайдалы заттар сақталады. Ал піскен не қуырылған тағамдар пайдалы қасиетін жоғалтады.

Мысалы, бұрыштың құрамында көп мөлшерде фосфор, калий, магний, кальций секілді пайдалы заттар бар. Бірақ термиялық өңдеуден соң пайдалы қасиетінің 40 пайызына дейін жоғалтады. Десе де, шикі өнімді тұтынарда абай болған жөн. Өйткені кейбір өнімдер термиялық өңдеуден кейін бактериялардан айырылады.

Картоп
Әр ас үйде міндетте түрде кездесетін картоп барлық дерлік тамаққа қосылады. Картоптың құрамында пайдалы зат көп, тойымды келеді. Крахмал, калий, фосфор, магний, кальций — мұның бәрі картоптың құрамында бар. Дегенмен шикі картопта зиянкес жәндіктер мен түрлі аурулардан қорғау үшін қолданылатын химиялық заттар қалуы мүмкін.

Үрмебұршақ
Үрмебұршақ — ақуызға бай. Сонымен қоса, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектесетін аргинин де құрамында кездеседі. Бірақ пайдалы қасиетін жоғалтпас үшін шикі үрмебұршақтың жеу — қате. Өйткені қызыл үрмебұршақтың сыртқы қабатында қан жасушаларын бір-біріне жабыстыратын фитогемагглютинин ақуызы бар. Оның үстіне, шикі үрмебұршақта өндіріс кезінде қосылатын цианды қоспалар қалып қалуы мүмкін. Үрмебұршақ пайдалы қасиетін барынша аз жоғалтуы үшін алдымен 15-20 минут суға салып, артынша бір сағат көлемінде қайнату қажет.

Балық
Кейінгі уақытта ел арасында кеңінен танылған жапон асханасында шикі балықты жиі қолданады. Бір қарағанда балық өте пайдалы. Құрамында ақуыз, А, В6 және D дәрумендері, кальций, мырыш, йод пен қаныққан майлы қышқылдар бар. Десе де, жапондар тек теңіз балығын жейді. Ал тұзды суда балықтар әр түрлі микробтар мен паразиттерден таза болады. Тұщы су балықтарында қауіпті паразиттер жиі кездеседі. Сондықтан балықты пісіріп жеген дұрыс.

Шұжық
Әдетте шұжық тартылған еттен жасалады. Пайдасы аса көп емес. Тек тойымды деуге болар. Әйтпесе, құрамында тұз, қаныққан майлар секілді пайдасы аз заттар көп кездеседі. Ал шикі түрі ағзаға өте қауіпті. Өйткені кейде құрамында листерия бактериялары кездеседі.

Жұмыртқа
Шикі жұмыртқада сальмонелла бактериясы кездесуі мүмкін. Сондықтан жұмыртқаны міндетті түрде асып не қуырып жеу керек. Сальмонелла бактериялары жылы жерде тез көбейеді, сол себепті жазды күні құрамында шикі ақуызы бар майонез секілді өнімді тұтынарда абай болу қажет.

Саңырауқұлақ
Шикі саңырауқұлақ ұзақ қорытылады. Оның үстіне құрамында агартин токсині кездеседі. Сол себепті саңырауқұлақты суға пісіріп жеу керек.