ГлавнаяБлог

Күзде жиі сырқаттанудың 5 себебі

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Күздің қоңыр салқыны келгенде адам ағзасы әлсіреп, ауырып қалуға бейім болады. Тұмау, суық тию секілді бірқатар ауру аяқ басқанда көпшілігі бойынан қуат кеткенін сезіп, ештеңеге зауқы соқпай, беймаза күй кешеді. Көп жағдайда денсаулықтағы өзгеріске мән бермей, оның себебіне бойлай бермейді. 5Q Media күз мезгілінде ағзаның не үшін әлсеріп, ауыруға бейім келетінінің себебін анықтап көрді.

Күзде ауру қоздырғыштары ұзақ өмір сүреді

Салқын тию, тұмаурату — күздің қалыпты құбылысы іспеттес. Жоқ жерден пайда болады. Десе де әр нәрсенің өз себебі бар. Ағзаға патоген бактериялар мен вирустар түскенде адам тез ауырып қалады. Жаздың құрғақ ауасында мұндай патогендер тез таралмайды, ал күзде салқын әрі дымқыл ауада патогендер, керісінше, жылдам көбейеді. 

Мысал ретінде тұмау вирусын алуға болады. Ортомиксовирус тобына жататын вирус ауада 4 сағатқа дейін өмір сүреді, ал аэрозольдің кепкен тамшысы шаң бетінде 2-5 аптаға дейін тіршілік етеді. Күздігүні салқын жел вирустың әр жерге апарып, аурудың артуына әсер етеді. 

Таза ауаны жабық кеңістікке алмастыру

Жазда таза ауада демалып, саябақта серуендейтін адамдар күн салқындағанда жылы үйден шықпай қояды. Жабық кеңістікте ауада патогендер тез көбейеді. Сондықтан тұмау не тиіп қала береді. Әдетте ауырып тұрған адамнан 90-100 сантиметр қашықта тұрғанда вирус жұқтыру қаупі жоғары. Сол себепті күзде вирус адамнан адамға тез тарайды.

Дұрыс тамақтану

Адам күзде артық салмақ қосуға бейім келеді. Сондықтан уақытында тамақтану маңызды әрі тамақтың мөлшеріне емес, сапасына аса мән берген дұрыс. 

Сонымен қатар күзде дастарханда міндетті түрде сүт қышқылды өнімдер — мысалы, айран, йогурт, сүзбе болуы керек. Олар ішек микрофлорасын қалыпқа келтіреді әрі иммун жүйесін нығайтуға көмектесетін пайдалы бактерияларға бай.

Ауа-райына сай киіну

Күздің алғашқы аптасында ауырғандар саны күрт артады. Бұған ауа-райының салқындауы себеп. Күзде ауа райы тұрақсыз: таңертең суық, күндіз ыстық, ал кешкісін жаңбыр жауып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан әркез жылы киініп жүрген абзал.  

Дәрумен жетіспеушілігі

Жайдары жазда күн астында көп серуендеп, белсенді өмір сүретіндер күн салқындағанда өмір салтын өзгертуі мүмкін. Десе де, күн сәулесінен не серуендегенде пайда болатын дәрумендердің орнын толтыру қажет. Дәрігермен кеңесіп, ағзаға қажет дәрумендерді ішкен жөн. Ағзаға дәрумен не минерал жетпегенде адам аурушаң болады. 

Күзде сырқаттанбас үшін не істеу керек?

Жоғарыда көрсетілген себептерді ескере отырып, күзде ауырып қалмас үшін не істеуге болатыны туралы кеңестер ұсынамыз:

  • мүмкіндігінше медициналық маска тағып жүріңіз және қолыңызды жиі жуыңыз — бұл патогендердің ағзаға түспеуіне көмектеседі;
  • тұмау белгілері бар адамдармен қарым-қатынасты уақытша тоқтата тұрыңыз;
  • ауа-райына қарай жылы киінуді ұмытпаңыз;
  • күн көзінде жаттығу жасап, таза ауада көп серуендеудің маңызы зор;
  • тұмаудан қорғайтын екпе салдырыңыз;