Қазақстан 2025 жылға дейін 100 мың IT-маман дайындауы керек. Ал елде әлі де «IT – ердің ісі» дейтіндер көп. 5Q Media-ның кейіпкері Ақнұр Абубәкірова – мұның қате пікір екенін дәлелдеп жүрген қыздардың бірі. Ол қазір Қазақстандағы ірі IT компаниялардың бірі – DAR-да senior frontend әзірлеуші болып қызмет атқарады. Бізге қызметі туралы және саладағы тәжірибесі жайлы әңгімелеп берді. Жас мамандарға кеңесін де аямады.
– Frontend әзірлеушінің қызметі қандай?
– Қолданушылар сайтқа немесе қолданбаға кірген кезде экранға бірінші шығатын визуалды frontend әзірлеушілер жасайды. Бірақ бұрын адамдар бұл жұмысты оңай көріп, барлық логика backend-те деп ойлайтын. Негізі олай емес, қазір frontend-тің жұмысы күрделенді. Олар көптеген қолданба мен сайтта ғана емес күрделі жүйеде жұмыс істейді.
– DAR компаниясында қандай өнімдер жасап жатырсыз?
– DAR-да senior әзірлеуші болып жұмыс істеймін. Қазір финтех бөлімінде жүрмін. 5Q жобасында онлайн курстар да жасап жатырмыз.
Біздің компанияда программалушылар бір ғана жобада тоқтап қалмай, түрлі жобада бағын сынап, бағытын әрдайым өзгерте алады. Үнемі нарыққа, қолданушылардың қызығушылығына талдау жасап отырамыз, сосын сол бағытта пайдалы өнімдер дайындаймыз.
– Оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы жұмысыңыз қандай болды?
– Бакалаврды 2018 жылы бітірдім. Алғашқы жұмысымда шағын уеб-студияда жобаларды тапсырыспен орындадым. Онда маман аз болды, сол үшін бір жобада frontend те, backend-те, тіпті кейде дизайнер, контент жасаушы да болуға тура келді. Бұл жұмыстан кейін басқа да уеб-студияларда қызмет еттім. Кейін программалау курстарында сабақ бердім. Ал DAR компаниясына 2019 жылы жұмысқа тұрдым, senior әзірлеуші деңгейіне дейін көтерілдім.
– Студенттер қазір қайдан мол тәжірибе жинай алады? Қандай кеңес бересіз?
– IT саласына келгенде ең әуелі негізгі базаны үйреніп алу керек. Оны жоғары оқу орнында бүге-шүгесіне дейін оқытады. Ал ондағы бағдарлама ұнамаса, қосымша курстарға барып, оқып алған жөн. JavaScript-ті ғана үйрену міндетті емес. Егер жас маман алгоритмдер негізін толық меңгеріп алса, кейін өзіне ұнаған, нақты бір бағытты таңдай алады. Ал ең бірінші қандай компанияда немесе стартапта жұмыс істегені аса маңызды емес. Ол әркімнің таңдауына байланысты.
Негізі көбі алғашқы жұмысы ретінде стартаптарды таңдап жатады. Өйткені онда бір идея аясында жиналған, мүдделес адамдар болады. Егер адамға идея ұнаса, қандай жұмыс болса да, оған жанын беріп, барлық потенциалын жұмсайды. Ал кәсіби дамығысы келген, үлкен процестің барысын көргісі келетін адамдарға ірі компанияларға баруға кеңес беремін.
DAR-да Junior әзірлеушілерге жұмысқа тұру мүмкіндігі бар, түйіндеме жіберіп көруге болады. Біз DAR академияда жылына екі рет курс өткіземіз. Сонда қатысып, финалдағы жобаны өткізіп, өзін жақсы қырынан көрсеткен жас маман жұмысқа тұруға мүмкіндік алады.
Frontend әзірлеуші болу үшін қандай курстарды өткен жөн?
– Ақпараттық жүйелер мамандығында жоғары оқу орнын бітірдім. Ең әуелі frontend әзірлеуші болу үшін жалпы бағдарламалау негіздерін, яғни базалық білім болуы маңызды. HTML, C++ және JavaScript-тің бастапқы деңгейін үйрену қажет. Кейін JavaScript framework-терінің біреуін таңдап, сол бойынша курс оқып алса болады.
Frontend-тің бір жақсы жері – JavaScript-тің бір ғана framework-ін үйреніп кетсеңіз, басқаларына бейімделу өте оңай. Ал backend-те программалаудың бір тілінде жазсаңыз, басқа тілге ауысу қиын болады. Сол үшін frontend-те жан-жақты болып, басқа тілге бейімделу өте ыңғайлы.
– Қалай ойлайсыз, қоғамда IT саласындағы қыздарды шеттете ме?
– Иә, бізде бұл салада тек жігіттер жұмыс істеуі керек деп есептейтіндер көп. «IT-маманмын» десең, «Өй, оның қыздарға не керегі бар, жігіттердің жұмысы емес пе?» дейтіндер бар. Меніңше, бұл – қате таптаурын. Өйткені тарихты ақтарсақ, IT саласының негізін қыздар қалаған деуге болады. Әуел бастан компьютермен тек әйелдер жұмыс істеп бастаған, ең алғашқы программалаушы да әйел болған. Бұл салаға ер адамдар кейін ғана қосылған.
Негізі ешқандай мамандық жыныс таңдамайды. Оған біздің курстарға қатысқан азаматтардың құрамына, компаниядағы қызметкерлерге қарап көз жеткізуге болады. Бәрі тең.
Оте керемет материал! Молодцы!