ГлавнаяБлог

Digital Bridge 2022 қалай өтті?

Астана қаласында 28-29 қыркүйек күндері Digital Bridge 2022 халықаралық форумы өтті. Бұл іс-шараға IT саласының азулы мамандары қатысты. Елордада 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жиынның биылғы бағдарламасы өте ауқымды болды. Атап айтқанда, 45 панельдік сессия,  технопарктер көрмесі, ІT-стартаптар аллеясы, IT-мектептер көрмесі, IT-вакансиялар жәрмеңкесі,  Astana Hub Battle жарысы өтті. 5Q Media екі күндік іс-шараның ең маңызды сәттерін тізіп шықты. 

Рекорд: 29 келісімге қол қойылды

Екі күн ішінде форум алаңында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер мен басқа да ұйымдар ІТ-инновацияны дамыту бойынша 29 меморандум мен келісім жасасты. Бұл — бұрын-соңды болмаған рекорд көрсеткіш. Соның ішінде Astana Hub еліміздің ІТ-әлеуетін арттырып, тиісті мамандар дайындауға серпін беру мақсатында 11 меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Digital Bridge 2022 аясында Astana Hab түркі елдері технопарктерімен ТМҰ мүше-елдердің инновациялық экожүйесін дамыту туралы және Technology Hub India компаниясымен екі елдің ІТ-жүйесін дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.

Түркі елдерінің 6 технопаркі меморандумға қол қойған сәт

«Қазір біздің технопарк ІТ-саладағы адами капиталды дамытуға арналған бағдарламаларды жандандырып жатыр. Соның ішінде Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жеке тұлғаларды ІТ бағытында оқытуды қаржыландырып, кадрлар мен білім орындарын ынталандыруда. Сондықтан EPAM және New Age ІТ-компаниялармен ынтымақтасу арқылы еліміздің ІТ-саласына серпін жасағымыз келеді», — деді Astana Hab бас директоры Мағжан Мәдиев.

«Менің ойымша, бұл форум — Орталық Азия елдерінің басын қосатын керемет бастамалардың бірі. Жаһандық тұрғыда біздің елдер тым шағын болуы мүмкін, алайда түркітілдес елдері біріксек, жоғары деңгейге шыға аламыз. Маркетинг жағынан алсақ, бұл бәріміз үшін тиімді болмақ. Біз бәсекелес емеспіз, қайта бір-бірімізді қолдап, толықтырғымыз келеді», — деді Қырғызстан Республикасы Жоғары технологиялар паркінің директоры Чубак Теміров.

«Қанды ішкен» ЭЦҚ немесе GovTech-бастамалар мемлекеттік қызметтер деңгейін қалай көтереді? 

Digital Bridge 2022 халықаралық форумы аясында қазақстандық IT саласының көшбасшылары панельдік сессияға қатысты. Бұл жерде сарапшылар елде цифрландыруды дамытуға қатысты идеялар ұсынды. GovTech ұғымы мемлекет, стартап және инновациялық компаниялардың жаңа технологиялар арқылы мемлекеттік қызмет пен өнімдерді цифрландыратын бағытын білдіреді. Сессия барысында мемлекеттік қызметтерді Қазақстан азаматтарына қолжетімді ету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Министр сонымен бірге, электрон цирфлық қолтаңбаның қолайсыз екенін айтып, бір сынап өтті. «Шыны керек, жеке өзімнің мына ЭЦҚ қанымды ішіп бітті. Бір жерге бару керек, алу керек, орнату керек, қосымша қолданбалар жазу керек. Цирфлық даму министрі ретінде бұған әрине, көңілім толмайды. Сондықтан осы жерде отырған адамдардың арқасында QR қолданысқа енді. eGov Mobile-ды ашқан соң, кез келген QR-код-ды жақындатасыз да, қол қоя бересіз. Алдағы уақытта қолды QR-мен қоятын боламыз» деді Бағдат Мусин.

 

Қазақстандағы GovTech дамуы: бизнеспен коллаборация сессиясынан сурет

«Қазақстандықтардың өмірін жақсартатын инновациялық өнімдерді шығару — Kaspi.kz-тың басты миссиясы. Ел мүддесін ойлап еңбек еткен кезде ғана компанияны дамытуға болады деген позияцияны ұстанамыз. Kaspi.kz – нағыз Қазақстанда жасалған өнім, бұл мақтанарлық жайт. Елімізде бар сервисті әлемнің басқа жерінде таба алмайсыз. Еліміздің азаматтарын заманауи, жеңіл әрі ыңғайлы онлайн сервиспен қуантудан талмаймыз», — деді Михаил Ломтадзе.

Сонымен қатар панельді сессияда жылжымалы мүлікті сатып алу тақырыбы талқыланды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин Blockchain технологиясының дайындығы туралы мәлімдеді. «Барлық алып-сату келісімінің кез келген кезеңінде әділ өтуін қамтамасыз ету үшін, блокчейн инфрақұрылымы әзірленді. Енді қазақстандықтар қажет келісімшарттарды Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінбей, онлайн тіркей алады. Сондай-ақ, Қазақстан банктерімен бірігіп жасалған Цифрлық ипотека жобасы бойынша 36 мың жылжымалы мүліктің кепілі тіркелді. Тіркеу уақыты – 3 сағат, бұл ХҚКО-лар жұмысын 5 есе жеңілдетеді. Жемқорлықты болдырмау мен азаматтардың 169 млн теңге үнемдеуін жаңашылдықтың басты артықшылықтары деп санаймыз», — деп толықтырды ол. Бұдан бөлек, сессияға BI Group холдингіні басшылар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова және «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты.

Solve for Tomorrow жеңімпаздары анықталды

Samsung Electronics компаниясы Digital Bridge 2022 халықаралық технологиялық форумында Solve for Tomorrow бағдарламасының қорытындысын шығарды. Биыл конкурсқа қатысу үшін, Қазақстанның әртүрлі қалаларының мектептерінен 800-ден аса оқушы өтінім берген. Қазылар алқасы ең қызықты, болашағы бар 40 концептті іріктеп алды. Ақтық сынға 10 команда өтті. 

Solve for Tomorrow жеңімпаздары

Биыл бірінші орынды Ақтөбелік Virgo командасы иеленді. Қатысушылар  Nuret SS жобасын ұсынды. Бұл — ауадағы денсаулыққа зиянды газдар мен олардың мөлшері туралы хабарлайтын шахташыларға арналған газталдағыш. Жеңімпаз команда гран-при ұтып 4 миллион теңге алды. Екінші орынды қостанайлық Ortus командасы иеленді. Олар жерді өз бетімен өңдей алатын электрқозғалтқышпен жұмыс істейтін робот-тракторды әзірледі. Командаға 2,5 миллион теңге берілді. Ал үшінші орынды шымкенттік Kazbionics алды. Олар дауыспен немесе бұлшық ет жиырылуымен басқарылатын ересектер мен балаларға арналған қолға тағатын толыққанды протез әзірлеп, 1 миллион теңге ұтып алды. Финалға дейін жеткен қалған қатысушыларға 300 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығы тағайындалды. 

Әйелдердің цифрлық экономикадағы мүмкіндіктері қандай?

Мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттыру және ШОБ дамытудағы өсу нүктелерінің бірі ретінде әйелдердің әлеуеті «Цифрлық экономикадағы әйелдердің мүмкіндіктері» панельдік сессиясында сөз болды. Technowomen технологиялық салалардағы әйелдерді қолдаудың белсенді қозғалысына қатысушылар цифрлық экономикаға көшудің маңызын және сол арқылы ашылатын мүмкіндіктерді атап өтті.

«Егер біз баламалы ШОБ-тар атышулы кванттық секіріс жасайды деп ойласақ, біз ойша артта қалдық деген сөз. Ірі корпорациялардың цифрлық қызметтерін пайдалануға дағдыланған тұтынушы бұдан былай ШОБ-тың төмен технологиялық бизнес үлгілерін қолдана алмайды. Бұл әйелдер үшін жақсы мүмкіндік», — деді БКБ атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.

«Цифрлық экономикадағы әйелдердің мүмкіндіктері» панельдік сессиясынан сурет

Корпоративтік басқару институтын дамытудағы және инвестициялық тартымдылықты арттырудағы әйелдердің әлеуеті тақырыбын инвестициялық банкир Әсем Кенжебек жалғастырды: «Тек халықаралық үкіметтік ұйымдар емес, шетелдік инвесторлар да компаниялардың бақылаушы және атқарушы органдарында әйелдердің болуы туралы талаптарды енгізіп жатыр. Мысалы, Гонконг қор биржасында листиң үшін құрамда әйелдердің болуы туралы қатаң талап бар, әйтпесе жоба листиң комиссиядан өтпейді. Және бұл гендерлік теңдік орын алды деген сөз емес, бұл әйелдердің жауапкершілігі жоғары дегенді білдіреді».

Astana Hub Battle жеңімпаздары белгілі болды

Digital Bridge-2022 форумында ең мықты стартап жобалар таныстырылды. Жартылай финалға жүзге тарта жоба шығып, оларға  өзін таныстыруға 1 минут уақыт берілді. Ал финалға 10 стартап өтті. Соның ішінде оқ бойы озық шығып, жеңімпаз болған мына жобалар:

  • 1-орын ($10 000) — NBFIT. Әйелдерге босанған соң денсаулығын қалыпқа келтіруге көмектесетін ассистент-бағдарлама.
  • 2-орын ($5 000) —  EasyTap. Өзіңізге қолайлы уақытта дүкен не мейрамханаларға қосымша жұмысқа кіріп, табыс табуға көмектесетін сервис.
  • 3-орын ($3 000)—  Cybionyx. Қашықтан жұмыс іздеуге арналған сервис.

MOST Ventures венчурлық қоры жасанды интеллект арқылы тіске анализ жасауға арналған бұлтты сервис жасап шығарған AIdent сервисіне $20 000 көлемінде арнайы сыйлық берді.