1. Qoqys Talk подкасы

Qoqys Talk  – ІТ саласындағы отандық подкастың бірі. Жүргізушісі – Алихан Ойтан. Ол қазіргі уақытта Бельгияда бағдарламалаушы болып жұмыс істейді. Подкасына қонаққа ІТ-мамандарын шақырады, яғни ІТ жайлы ІТ-мамандары сөйлейді. Соған қарамастан подкаст жеңіл қабылданады әрі көңілді өтеді.

Подкаста ІТ-мамандарының Google сияқты ірі компанияға қалай жұмысқа орналасуынан бастап, онда қандай қызмет атқарады, жұмысында туындаған мәселелерді қалай шешетініне дейін қамтиды.

Мысалы, «Google-дың ойлары» подкасында «Google біз жайлы қандай ақпараттарды жинайды, оны не істейді, біз алып компаниядағы өзіміз жайлы ақпараттарды қалай қорғасақ бола?» деген сұрақтарға жауап береді. Подкаст орыс және қазақ тілдерінде шығады.

Оны мына жерден тыңдай аласыз.

2. «Код и Кофе» подкасы

«Код и кофе» – Kolesa Group-тың бастамасымен шыққан подкаст. Толығымен орыс тілінде шығады. Бұл подкаста ІТ саласындағы әртүрлі мәселе қозғалып, оны қарапайым адамдарға түсінікті тілде жеткізуге тырысады.

Подкаст қонақтары көбіне Kolesa Group-тың қызметкерлері болса да, олар UI/UX дизайнер, продакт-менеджер сияқты ІТ мамандықтарының ара жігін көрсетіп, олардың күнделікті өмірдегі қызметіне тоқталады.Сондай-ақ подкаст тыңдай отырып, ІТ-компанияның ішіндегі атмосферамен танысасыз.

Подкасты мына жерден тыңдай аласыз.

3. «ІТ бизнес – анализ» подкасы

Бұл подкаст ІТ саласындағы мамандықтардың бірі – бизнес-сарапшыға арналады. Подкастың пайда болу оқиғасына үңілсек, екі құрбы қыз өзара әңгіме айтып отырады. Бірі бизнес-сарапшы  болса, екіншісі – басқа саланың иесі. «Бизнес-сарапшы деген кім?», «Ол қандай қызмет атқарады?» деп бір-біріне сұрақ қою арқылы подкаст жүргізеді.

Бұл подкаст әдетте шәй ішіп отырып әңгімелескен сияқты әсер қалдырады. Шақырылған қонақтар бизнес-сарапшы мамандығын сан түрлі қырынан қарастырып, оның болашағын да әңгімелейді.Мысалы, «Қазірдің өзінде Amazon сияқты үлкен компанияларда бизнес-сарапшы қызметі жоқ. Сонда келешекте бизнес-сарапшы мамандығы жойылуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап іздейді. Тіпті, осы подкасты тыңдап жүріп, мамандығын түбегейлі ауыстырып, Epam Systems компаниясына бизнес-сарапшы болып жұмысқа тұрып кеткен азаматтар да кездеседі. Бұл туралы подкастан біле аласыз.

Оны мына жерден тыңдай аласыз.

4. Pinemelon.com подкасты

Стартап жайлы подкаст тыңдағыңыз келе ме? Онда мына подкаст сізге арналған. Pinemelon.com –  АҚШ-тағы қазақстандық стартаптың подкаст-күнделігі. Онда әр апта сайын кәсіпкерлердің өмірінде туындаған мәселелер туралы әңгіме өрбітеді.

Подкаста сырттан қонақ келмейді. Лариса Пак, Алексей Ли және Арман Сүлейменов стартапты дамыту барысында кездескен әртүрлі тақырыпты ортаға салып, сол жайлы ойын білдіреді.Сонымен қатар стартап жұмысындағы жаңалықтарды да бөліседі. Бір қарағанда, Америкадағы қазақстандық стартаптың даму жолын бақылап отырғандай боласыз. Подкаст орыс тілінде.

Оны мына жерден тыңдай аласыз.

5. Web development Podcast подкасы

Жаңадан шыққан қазақтілді подкаст. Жүргізушісі – Сержан Аналбаев, web developer. Ол Django және web-әзірлеу тақырыбын Қазақстанда бағдарламалауға енді ғана қадам басқандарға түсінікті болатындай етіп жеткізгісі келген. Осы мақсатта подкаст жасауды қолға алған.

Әзірге подкасты тек телеграмдағы Kaztech арнасынан тыңдай аласыз. Дегенмен жуырда Spotify, Google Podcasts сияқты платформаларда қолжетімді болмақ.

Подкасты мына жерден тыңдай аласыз.

6. «Физматчане» подкасы

Бұл – екі достың әртүрлі тақырыпта қозғаған әңгімесі. Жүргізушілер – Назым Әзімбаева мен Адал Ізмұханов. Олар РФММ түлектерімен сөйлесіп, түрлі тақырыпты талқылайды. Дегенмен осы жерде атап өтейік, бүгінде ІТ саласында жүрген ФизМат түлектерінің көбі қазірдің өзінде халыққа танылып үлгерді.

Осы подкасты тыңдап, кешегі оқушы математик, физик балалардың қазіргі таңда белгілі бір салада мықты маман болып жүргенін аңғарасыз. Мысалы, Илон Масктың ұйымдастырған жарысында финалға дейін жеткен Санжар Тайжанның әңгімесін тыңдай аласыз.

Подкаст мына жерде.

7. «Карьерные пути програмистов» подкасы

Бұл подкасты Google компаниясында жұмыс істейтін қырғызстандық Тілек Мамутов жүргізеді. Подкаст орыс тілінде, сондай-ақ онда қазақстандық ІТ-мамандар ғана емес, қырғызстандық, украиналық бағдарламашылаумен де тілдесіп, олардың әлемдік ірі компанияларға қалай жұмысқа тұрғаны мен шетелдік тағылымдамаларға ие болғаны жайлы сөз қозғайды.

Бұл подкаст үлкен корпорацияларда жұмыс істегісі келетін жандар үшін пайдалы болмақ.

Подкастты мына жерден тыңдай аласыз.

8. NU Way подкасы

Бұл – Назарбаев университетінің түлектері жайлы подкаст. Мұнда ІТ саласы ғана қамтылмайды. Белгілі бір салада өзін көрсете білген университет түлектерін шақырып әңгіме-дүкен құрады. Дегенмен подкасқа назар сала отырып, шетелдік компанияларда істейтін НУ түлектерінің әңгімелерін тыңдай аласыз.

Соның бірі – Google компаниясында жұмыс істейтін Әнуар Серіков. Ол қандай адамдарға бағдарламалауға барудың қажеттілігі жоқ және бос уақытында жазып жатқан кітабы жайлы айтқан.

Подкасты мына жерден тыңдай аласыз.

9. «Успех в деньгах?!» подкасы

Бұл подкаст бастапқы уақытта Dar компаниясының жетекшілігімен шыққан еді. Ал қазір біздің порталдың орыс тіліндегі редакциясының подкасы. Жүргізушісі – Роман Лукьянчиков. Подкаст өзін-өзі дамыту арқылы айналасына пайдасын тигізіп жүрген жандар жайлы. Бір қарағанда, өзін-өзі дамыту тақырыбына арналғанымен, стартаптар мен ІТ саласына басымдық берілген. Мысалы, Олжас Сатиевпен әңгімеде еліміздегі киберқауіпсіздік мәселесі көтеріледі.

Подкасты мына жерден тыңдай аласыз.

10. Techaim подкасы

Бұл – қырғызстандық подкаст. Орыс тілінде болғандықтан оны шетелдіктер де тыңдай алады. Бұл подкасты осы тізімге қосып отырған себебіміз – оның ішінде қамтылған тақырыптар мен аты аталып өткен бағдарламалар біздің елімізде де бар. Мысалы, бір эпизодта TechWomen қатысушысын қонаққа шақырып, осы бағдарламаның артықшылығы мен беретін мүмкіндіктері жайлы сөйлеседі.

Елімізде де осы TechWomen бағдарламасы жыл сайын жұмыс істейді. Жалпы, подкаст STEAM (science, technology, engineering, arts and mathematics) бағытында жұмыс істеп, сол салада азды-көпті жетістіктерге жетіп жүрген әйелдерді ел арасында танытып, жас ұрпақтың ІТ саласына қызығушылығын оятуды мақсат етеді. Подкаст кейіпкерлері мансап жолындағы тәжірибесін бөліседі. Олардың әңгімесі сізге мотивация беретіні анық.

Подкасты мына жерден тыңдай аласыз.