ГлавнаяБлог

Excel-ден де артық: Power BI қандай бағдарлама?

Power BI бағдарламасымен жұмыс істеу туралы айтамыз

Еліміздегі компаниялардың көбі жұмыс барысында сапалы шешім қабылдау үшін деректерді талдау әдісін қолданып жүр. Бұған Excel көмектеседі, бірақ кестенің жақсарған нұрсқасы Power BI-ді қолдану әлдеқайда тиімді. Power BI-мен жұмыс істеудің қыр-сырын Құралай Қанаева айтып берді.

Power BI-ді қолдану нұсқауын сайтынан оқу жеткілікті ме?

Power BI – ауқымды деректермен жұмыс істеуге арналған танымал бизнес-анализ құралы. Ол арқылы әртүрлі дереккөздің ақпаратын өңдеп, интерактив есебін жасауға болады.

Құралай Қанаева DAR компаниясының «Біліміңді монетизация жаса» байқауында финалға жеткен еді. Байқаудан жеңген 1 миллион теңгеге Power BI-мен жұмыс істеуді үйрететінонлайн-курс жасап шықты. Курс жақын арада 5Q.kz платформасына жарияланады.

Құралай білім беру саласында он жылдан астам қызмет етіп келеді. Бұған дейін түрлі бағдарламаға қатысқан. Дегенмен ол қатысқан курстар көбіне созылып кетеді әрі пайдасы да ауыз толтырып айтатындай емес екен. Сондықтан өзінің жеке курсын жазуды жөн көріпті.

Power BI бағдарламасын қолдануға қатысты нұсқауды ресми сайтынан оқып шығуға болады. Бірақ олар бағдарлама мүмкіндігін толық үйренуге жеткіліксіз. Сайттағы білім жетсе, курсты ешкім сатып алмас та еді,

дейді Құралай Қанаева.

Power BI-дің Excel-ден артықшылығы қайсы?

Құралай Excel-ге қарағанда Power BI-дің мүмкіндігі көп екенін айтады.

Құралай Қанаева. Фото жеке архивінен

«Excel белгілі бір тапсырмалар орындайтыны анық, әрине. Дегенмен Power BI мүмкіндігі одан көбірек. Бұл – ыңғайлы әрі салыстырмалы түрде тез үйренуге болатын жүйе. Мысалы, құрама кесте мен диаграмма салу сияқты функциялардың көбі Excel-де де бар, бірақ мұндағысы жетілдірілген түрі», – дейді Құралай Қанаева.

Power BI бағдарламалық жасақтамасымен мынадай мамандар жұмыс істей алады:

  • Ірі компаниялар аналитигі;
  • Жоғары және орта буын менеджері;
  • Басшылар.

Бұл жүйе шағын және ірі компанияларға да, түрлі қаржы ұйымына да пайдалы. Мысалы, бизнес-анализ арқылы бизнеске қай тоқсанда не себепті залал келгенін түсінуге болады. Оған қоса, сатылым үлесін салыстырып, өтімділік динамикасын бөліп шығаруға мүмкіндік бар. Power BI түрлі көзден ақпарат жинап, оларды талдай алады, қатер төнетін тұстар мен жаңа мүмкіндіктер табады және шашырап жүрген ақпараттарды топтастыруға мүмкіндік береді.

Power BI жұмысын қайдан үйренуге болады?

Құралай Қанаеваның онлайн-курсы форматы ықшам, ақпаратты жылдам меңгеруге арналған. Курс жақында 5Q платформасына жарияланады.

  • Әр сабақ ұзақтығы – 5-15 минут. Бұл уақыт сабақ үйреніп жатқан адамды шаршатпайды. Бір видеода бір ой түсіндіріліп, практикалық машық үйренуге тапсырмалар беріледі.
  • Курс кең аудиторияға арналған. Оны жаңа нәрсе үйреніп, білімін жандандырғысы келетіндер оқи алады.
  • Курс мынаны үйретеді: кез-келген деректен пайдалысын сүзіп алуды, нақты көрсеткіштерді айқындауды және есептерді ыңғайлы әрі көрнекі етуді.

Басты фото: Campaign Creators/Unsplash