QazVac вакцинасы

Дүниежүзінде COVID-19-ға қарсы 200-ден астам вакцина әзірленді. Оның алтауы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының клиника сынағынан толық өткізіліп, қолдануға рұқсат берілді.

Қазақстандық ғалымдар да қысқа уақыт ішінде коронавирусқа қарсы бес вакцина әзірледі. Оның ішінде QazVac вакцинасының тиімділігі дәлелденіп, пайдалануға ұсынылды. Отандық вакцинаны әзірлеуге Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты мен Ұлттық биотехнология орталығы атсалысты.

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейюс QazVac вакцинасының әзірленуін құптап, оны төтенше жағдайда қолдану үшін ДДҰ ұсынған дәрі-дәрмектер тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Ал Денсаулық сақтау экс-министрі Алексей Цойдың айтуынша, QazVac-қа шамамен 10 ел қызыққан әрі ол бірнеше елге гуманитар көмек ретінде жіберілген.

Экспресс-тест

Назарбаев университетінің түлегі, PhD Болат Сұлтанқұлов адам ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын экспресс-тест ойлап тапты. Нәтиже 15 минутта белгілі болады. Экспресс-тестті ауру белгілері пайда болғаннан кейінгі бастапқы жеті күнде қолдану керек. 

Болат Сұлтанқұловтың айтуынша, тест Халықаралық вакцинология орталығында сынақтан өткен. Технологияның дұрыс жұмыс істейтіні дәлелденген.

Бірақ бұл сынама әзірге сатылымға шыққан жоқ. Ресми клиника сынақтары аяқталған соң, оны тұрғындар кез келген дәріханадан сатып алып, үйінде қолдана алады.

Ауыл шаруашылығы буданы

Қазақстан ғалымдары ауыл шаруашылығының бірегей буданын ойлап тапты. Құрылғы бірден екі қызметті атқарады: топырақты қопсытады және оны ұрықтандырады. Ғалымдардың айтуынша технология топырақтың құнарлылығын сақтауға және оның өнімділігін арттыруға көмектеседі.

Құрылғының атауы – қопсытқыш-тыңайтқыш, отандық өндірістің ауыл шаруашылық буданы. Ол екі жағында арнайы түтігі бар үлкен темір тырмаға ұқсайды.

Энергия үнемдейтін шам

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары энергия үнемдейтін шамның жаңа түрін ойлап тапты. Оның басқа шамдардан негізгі артықшылығы – нарықта электр энергиясын арзандатады әрі жарық беру қуаты әдеттегі шамнан үш есеге артық.

Шам ҚазҰУ-дың эксперимент және теория физикасы ғылыми-зерттеу институтының нанотехнология зертханасында жасалған.

Жоба авторы Мерлан Досболаевтың айтуынша, бұл шамға артық шығын кетпейді және оның Қазақстанда баламасы жоқ. Энергия үнемдейтін шамның моделі барлық сынақтан сәтті өтіп, арнайы сертификат алған.

Университеттің ғылыми-зерттеу институты жылына 3 мыңға дейін шам шығара алады.

Х-Graft таңғышы

Қазақстандық ғалымдар жара мен күйікті емдеуге арналған Х-Graft атты таңғыш әзірледі. Оны II және III деңгейлі күйікті емдеуден бөлек, стоматология мен пластика хирургиясында да қолдануға болады. Сонымен бірге науқасты емдеу мерзімін бірден үш күнге қысқартуға мүмкіндік береді.

Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары бұл таңғыштың арқасында науқастардың 95%-інің жарасы тез жазылатынын байқаған. Ал әдеттегі таңғышты қолданған науқастардың тек 60%-інің жарасы толық жазылған.

Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұловтың айтуынша, бұл препараттың шетелде баламасы болғанымен, құрамы бойынша айырмашылық бар. Ал құны шетел өніміне қарағанда 10 есе арзан. Ғалымдар X-Graft-ты патенттеп алған. Жақында бұл таңғыштар барлық науқасқа қолжетімді болмақ.