MVP (Minimum Viable Product) немесе минимал өміршең өнім дегеніміз – жасалатын өнімнің нарыққа өтетін-өтпейтінін анықтауға арналған құрал. Бұл тұтынушылардан өнімді әрі қарай дамытуға қатысты фидбэк алуға да көмектеседі. DAR компаниясының senior аналитигі Жадыра Хайруллина MVP-ді қалай жылдам жасауға болатынын айтып берді.

Нарыққа өнімді шығарған соң ол тұтынушыларға өтіп, идея сәтті боп кетеді деген ой стартапердің қиялы ғана. Нарық деген өте қатал, стартаптардың 42%-і бірінші жылы-ақ өшіп қалады. Мұны болдырмас үшін бәрін MVP-ден бастау керек.

MVP-дің басты мақсаты мынадай:

– алғашқы клиенттер тарту;

– тұтынушылардан кері байланыс алу;

– өнімді әрі қарай дамыту стратегиясын ойластыру.

MVP тәсілдерін пайдалануға қатысты мысал қарастырайық.

Стартапер төрт доңғалағы бар көлік жасауы керек болды делік. Екі мысал алайық. Біріншісі бойынша, әуелі скейтборд жасалды. Бұл minimum әрі viable, тақтаға мініп қозғалуға болады. Сосын клиенттен кері байланыс аласыз, ол «бізге руль керек» деуі мүмкін. Руль қосып, самокат жасап шығарасыз. Клиент енді доңғалақ кішкентай болып тұрғанын айтады. Доңғалағын үлкейтемін деп влеосипед жасайсыз. Жылдамдық арттыру керек болып мотоцикл шығарасыз. Ақыры соңында өзіңіз о баста армандаған өнім – көлік жасайсыз. Бұл – жайлы транспорт әрі адамдар бұл өнімге ақы төлейді,

– деп түсіндірді Жадыра Хайруллина.

Енді екінші мысалды алайық. Егер стартапер идеясын тым идеал көріп, оны әр кезеңде бұзып-жарғысы келмесе, нәтижеге қиналып жетуі мүмкін. Сонша уақыт жасағаны клиентке ұнамай, ісінің бәрі далаға кетуі де ғажап емес. Демек бұл мысалда қауіп көп. Бұл MVP тәсіліне жатпайды.

MVP жасаудың негізгі төрт тәсілі бар:

– «Волшебник страны Оз» (1939 жылы түсірілген фильм атауы негізінде), болмаса мұны Флинстоун MVP-і дейді;

– MVP консьержі;

– Жекеленген MVP;

– Бір параметрі бар өнім (One-Feature-Product).

1. Флинстоун MVP-і

«Флинстоундар» деген ескі мультфильм бар. Мына отбасы тас ғасырында өмір сүреді. Отағасы бәрін көлікке отырғызып, транспорт жүруі үшін аяғын қозғалтады. Бұл – имитация, функционал иллюзиясы.

Демек клиентке «көлік жасап шығардым» дейсіз де, көлікке мініп ап оны өзіңіз алып жүресіз.

Бұл тәсілді DAR компаниясы да қолданды.

Компаниямыздың шетел аудиториясына арналған Fin Tech саласындағы жобалары болды. Онда ақша аударымы функционалы бар еді. IT блоктың міндеті банкке, трейдиңге арналған алаңдардың бәрін біріктіріп, бір экожүйе ішінде ақша аударатын операция жасау болды. Жұмыс ауқымы өте көлемді боп шықты. Жұмысты оңтайландыру үшін қаржы менеджерін компьютер алдына отырғыздық. Экранында осы жүйенің барлық қалташасы ашылып тұрды. Ол клиенттерден түскен барлық аударма операциясын осы қалташараларда қолмен істеп шықты. Ал клиент оның бәрі автоматты түрде жасалып жатыр деп ойлады. Осылайша, маркетиңге кететін уақытты қысқарттық, аударма жасауға қажет емес алаңдарды анықтап, алып тастадық. Сосын барып жүйені автоматтандырдық. Бұл тәсілді стартаптың алғашқы кезеңінде қолдануға болады,

– дейді Жадыра Хайруллина.

2. MVP консьержі

MVP консьержінің мақсаты – аудитория проблемасын шешуді автоматтандыру. Бұл тәсілді қолданғанда клиент қызметті ұсынып отырған автомат жүйе емес, адам екенін түсінеді. Әдетте, бұл тәсіл офлайн жұмыста қолданылады.

2019 жылы DAR Logistic жобасы басталды. Жоба банк картасын жеткізумен айналысты. Курьер бір жұмыс күнінде 15 картаны қаланың әр жеріне жеткізуі керек еді. Арнайы қолданба әзірленді. Қолданба жүйесі курьердің уақыты зая кетпес үшін оған оңтайлы маршрут жасап беруі қажет. Алгоритм өте күрделі болды – кептеліс, жеткізу уақыты, клиент үйінде бола ма, жоқ па, карта алу уақытын басқа күнге ауыстыра ма, жоқ па деген сияқты көптеген факторды ескеру керек.

Біз жұмысты қай алгоритмнен бастау керек екенін білмедік. Сондықтан MVP консьержі тәсілін қолдандық. Таңертең call орталық менеджерлері курьердің маршрутын қолмен сызып, оны қолданбаға енгізіп, курьерге беріп отырды. Осы әдістен кейін барып алгоритм реттелді.

3. Жекеленген MVP

– Қазір бар құралдар мен сервистерді қолданады;

– Өнім прототипі кешенді өнім сияқты көрінеді.

Компания жекеленген MVP тәсілін 5Q платформасын іске қосарда қолданды. Платформа онлайн курстар ұсынады, оны студенттер мен оқытушылар контент жариялауға ыңғайлы етіп жасау қажет болды. Платформаны іске жылдам қосу үшін дайын moodle open source шешімі пайдаланылды. Бұл – тегін, функционалы өте көп бағдарламалық жасақтама. Демек компания 5Q платформасын жасарда жаңа сервистер ойлап тауып әуреге түспеді. Бар сервиспен-ақ жаңа платформа жасап шықты.

4. Бір параметрі бар өнім (One-Feature-Product)

– Қолданушының тек бір басты проблемасын шешеді.

– Тексеруге ғана арналған басты функциялары бар бағдарламалық жасақтама болуы мүмкін.

MVP-дің бұл тәсіліне жақында ашылатын 5Qit жобасы мысал бола алады. 5Qit – корпоратив басқару құралы. DAR-да бірнеше еншілес компания бар. Сол компаниялар ішіндегі процесті автоматтандыру керек болды. 5Qit-ке салынған көптеген функционалдың бәрі кішкентай ғана проблема – келісімшартқа келісу процесінен басталды.

MVP-дің осы тәсілдерін біріктіріп те қолдануға мүмкіндік бар. Бұл тәсілдерді 2 күнде қарастыруға болады.

Оған қоса, сайтты іске қосу және басқа да идеяны жылдам жүзеге асыру үшін дайын платформаларды пайдалану керек. Мысалы, PlatpformLP және Flexible платформаларын алайық. Олардың жазылу ақысы – айына 5 мың теңге шамасында. Солайша, гипотезаны тестілеуге арналған дайын құралыңыз болады,

– дейді Жадыра Хайруллина.

Басты фото: Newbreedrevenue.com