Қос боксшы арасындағы тарихи айқас 5 жыл бұрын – 2017 жылы басталған. Тең нәтиже, жеңіліс. Бұл – екі жекпе-жектегі Головкиннің нәтижесі. Үшінші кездесуде отандасымыз жеңіске жетуге барын салары анық. 5Q Media бокс мамандары және спорт өкілдерінен Геннадий Головкиннің үшінші жекпе-жегіне қатысты кәсіби пікірін сұрап көрді.
Нұрбек Қарабала, Naiza лигасының президенті:
«Геннадий Головкиннің Афиныдағы Олимпиадада бокстасқаны әлі есімде, дәл сол тарихи күні бүгінгі ринг профессоры GGG дүниеге келді.
Көпшілік төрешілердің шешімімен келіспесе де, Гена күміс жүлдені абыроймен қабылдады.
Головкин мен Альварестің трилогиясына бар жоғы бірнеше күн қалды. Қазақстан ғана емес, күллі әлем GGG үшін жұдырығын түйіп отырғанына сенімдімін. Меніңше, бұл жекпе-жек 9 раундқа дейін созылады, екеуінің біреуі құлайды және ол Канэло болады деп сенемін».
Серік Сәпиев, бокстан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы:
«Мен үшін бұл жекпе-жекте айқын фаворит жоқ. Екеуі де – жоғары деңгейдегі боксшылар. Бұл жекпе-жектің Головкин үшін маңызы өте зор. Мансабындағы ең маңызды айқасы деуге де болады.
Дегенмен қандай нәтиже болмасын, Головкин үшін бұл мансабындағы соңғы айқасы емес деп ойлаймын. Ол әлі де жоғары деңгейде жұдырықтаса алады».
Асу Алмабаев, аралас жекпе-жектен Brave FC лигасының жауынгері:
«Негізі бірінші кездесуде Гена ұтты. Ол кезде боксшымыздың жасы да, дайындығы да шыңда тұрған еді. Гена нағыз бабында болған сәтте Канело чемпиондық белбеуін тастап кетіп, жекпе-жекке шықпай қойған. Бұл Генаның мықтылығын тағы бір дәлелдейді. Физикалық тұрғыдан оқ бойы озық тұрған кезінде ешкім онымен жекпе-жекке шыққысы келмегені айдан анық.
Гена қазір де биігінен ылдилады дей алмаймыз, бірақ оның соңынан еріп келе жатқан небір мықты жас бар. Уақыт өз дегенін істейді. Бокс – техниканы, күшті жане ең бастысы – жылдамдықты талап ететін спорт түрі. Өте қиын спорт деп айта аламын. ММА сияқты емес. ММА кейінгі 10 жылда дамып келе жатса, бокс ғасырлар бойы тарихын түзді. Сол себепті де боксшылар ММА жауынгерлеріне қарағанда қаржы жағынан әлдеқайда көп табады деп ойлаймын.
Үшінші жекпе-жекті айтсақ, жасымен де, чемпиондық титулмен де Канело фаворит болып тұр. Бұл жолы Гена – андердог. Соған қарамастан оны бүкіл қазақ елі жақсы көріп, қолдау жасап отыр. Спорттан хабары бар әр азамат асыға күтіп отыр деп ойлаймын. “Головкин Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан спортшылар қатарынан” деп айтсам, қателеспеймін. Бұрын бізді шетелдерде көп біле бермейтін. Ол қазақ елі, жері, мемлекеті бар екенін танытты. Оның үлкен ареналарға шығуымен бүкіл әлемге танымал болдық.
Генаның жанкүйеріміз әрі оны толық қолдаймыз. Нәтиже қандай болса да, құрметіміз азаймайды. Ұтса, әрине төбеміз көкке жеткендей болып қуанамыз, ұтылса да, еш мойымаймыз. Себебі Гена Қазақстан тарихында, әлемдік бокс тарихында есімін алтын әріптермен жазған боксшылардың бірі деп білемін».
Сәкен Бибосынов, бокстан 2020 жылғы Токио Олимпиадасының жүлдегері:
«Әуесқой мен кәсіпқой бокстың айырмашылығы көп. Дегенмен боксшы ретінде Головкин абайлап шабуылға шықса, қарымта шабуылда Альваресті ұстайтын болса, жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары. Бокс тілімен «Канело» контр-панчер дейміз ғой. Жасаған соққыларына қарай қарымта шабуылға шығу керек.
Бивол «Канелоның» осал тұстарын дұрыс пайдаланып, қалай жеңуге болатынын көрсетті. Дәл сондай тактикамен Головкин де жеңе алады деген сенімдемін. Ауыр жекпе-жек күтіп тұр, дегенмен Головкин ағамызға барынша қолдау көрсетіп, жеңісіне сенім артамыз».
Фаниль Рафиков, Dar Team командасының жауынгері:
«Объектив түрде айтсақ, «Канело» 60/40 пайыз фаворит саналады. Бірақ мен де бүкіл Қазақстан сияқты Головкинге жанкүйер боламын. Гена жеңіс жолында келеді, сондықтан мексикалыққа қарағанда көңілі тыныш.
«Канелоны» сенсациялық жеңіліс есеңгіретіп тастады. Өйткені ол бұған дейін барлық қарсыласын оңай жеңетін, ал Бивол оны тоқтата білді. Жекпе-жекте бастан-аяқ соққыларын дарытты.
Үшінші жекпе-жек бұрынғыларына қарағанда тартысты өтері сөзсіз. Головкиннің тәжірибесі мол, көңілі тыныш, қателіктерінен сабақ ала біледі. Сондықтан жеңіске деген мүмкіндігі жоғары».
Кештің басты жекпе-жегі шамамен Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 18 қыркүйек таңғы сағат 8:00-де басталады. Оны Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.
Айта кетейік, Головкин – «Канело» трилогиясы қос боксшы арасындағы алғашқы екі жекпе-жек өткен Лас-Вегаста өтеді. 2017 жылғы бірінші кездесу тең аяқталса, 2018 жылы өткен екіншісінде Альварес төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.
Add comment