Нұрбек Қарабала Naiza 42 турнирінің не үшін жабық түрде өтетінін түсіндірді.
«Жаз басталысымен коронавирус ахуалының қайта күрт нашарлағанын байқаған боларсыздар. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, Алматы айына бір ивент өткізуге дайын емес. «Алматы Аренада» өткен турнирлерде зал толық болмағанын білесіздер. Қазір заман дамып келеді. Турнирдің жабық түрде өткенінде тұрған ештеңе жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ лига алдағы уақытта спортшылардың сыйақы мөлшерін көбейту жоспарда бар екенін сөз етті.
«Әрбір жолдың өз кезеңі бар. Келер жылдан чемпиондарға, жарқын өнер көрсеткен спортшыларға жаңа келісімшарт ұсынып, басқа сомада қаржы беріледі. Сыйақылардың да мөлшерін өсіру жоспарда бар», – деді лига президенті.
Шара кезінде аса жеңіл салмақта Naiza лигасының чемпионы Әліби Ыдырыс «өзіне тиесілі белбеуді» қорғайтынын мәлімдеді.
«Ертең өзіме тиесілі белбеуді қорғаймын. Қарсыласыма келер болсам, Қазақстанда мықты бапкерлердің қол астында дайындалып жатыр. Өте тәжірибелі спортшы. Dar Team-ның жігіттерімен дайындалып жатыр екен. Олар да осал емес. Дегенмен біз де кітапханада отырған жоқпыз. Дайындығымыз жақсы. Шешенстанда оқу-жаттығу жиынын өткіздім. Командаммен түгелдей Грозныйда болдық. Жалпы, ойымдағыдай болды дей алмаймын. Өйткені елімізде де лагерьлер мықты дамып келеді. Бір жетіден кейін елге қайтқым келді.
Naiza тарихындағы үш белбеуді алған спортшы болғым келеді. Ертеңгі кеште осы мақсатты орындау үшін барымды саламын. Мақсат – жеңу», – деді Әліби Ыдырыс.
Оның қарсыласы муай-тайдан және аралас жекпе-жектен чемпионы Флавио Да Силва жауабын қысқа қайырды.
«Жарысқа қатысатыныма қуаныштымын. Жанкүйерлердің көңілінен шығатын жекпе-жек көрсетуге тырысамын», – деді Флавио Да Силва.
Аса жеңіл салмақта Naiza лигасының бұрынғы чемпионы Жұман Жұмабек алдағы жекпе-жектің мансабындағы маңызды айқастардың бірі екенін атап өтті.
«Отар үшін бұл – маңызды жекпе-жек. Чемпион болғысы келеді. Оның еш кем тұсын айта алмаймын. Бірге талай жаттықтық. Іштей бір-бірімізді жақсы білеміз. Сол үшін де Отар өзіне сенімді отыр. Мен де өзіме сенемін. Көбі мені қартайды дейді. Бірақ мен әлі ешқайда кетпедім. Жекпе-жекке сақадай саймын.
Жекпе-жекке дейін Отар – менің қарсыласым, ал кейін досым. Бұл айқас мен үшін өте маңызды. Сол үшін тек жеңіске жетуді көздеймін», – деді Жұман Жұмабек.
Оған қарсылас ретінде қоян-қолтық ұрыстан ҚР спорт шебері Нұрбек Отар шығады.
«Бәрімізде мақсат – бір. Жұманды жеңсем – белбеуге жол ашылады. Қарсыласты ешқандай менсінбеушілік жоқ. Жұман айтқандай жекпе-жекке дейін қарсылас, сосын доспыз»
Әзірбайжан спортшысы Эльнар Ибрагимов кештің көркін қыздыруға уәде беріп, қарсыласының қарымына жақсы баға берді.
«Қарсыласым партерда мықты дейді. Тәжірибесі бар. Екеуіміз бір кардта төбелескенбіз. Жекпе-жегін көрдім. Содан қорытынды шығарып, қалай жұмыс істеу керегін жоспарладық»
Naiza 42 турнирі 25 тамыз күні Алматыда өтеді. Турнир бұл жолы көрерменсіз, жабық форматта жоспарланған. Кештің жекпе-жектерін Naiza лигасының YouTube-арнасынан көре аласыздар.
Add comment