ГлавнаяБлог

Naiza 45 Grand-Prix. Чемпион титулдары кімге бұйырады?

Naiza 45 Grand-Prix турнирі қарсаңында спортшылар баспасөз-конференциясына қатысып, алдағы жекпе-жек туралы пікірлерін айтты. 

Сегізбұрышта Қазақстанның AIBYN FIGHTING TEAM мен ALMAS QYRANDARY TEAM және Ресей мен Қырғызстан командалары кездеседі.

Гран-при жекпе-жектерінен бөлек жанкүйерлер екі титулдық айқас көреді. Қазақстандық файтер Райымбек Орынбай (7-3) мен ресейлік Сайфулла Жабраилов (12-2) жартылай жеңіл салмақтағы уақытша чемпиондық белбеуді сарапқа салады. 

Ресейлік спортшы Сайфулла Жабраилов жекпе-жекке сақадай сай екенін айтты:

— Мақсатым айқын, қарсыласым анық, уақыты белгіленді. Жоспар бойынша жұмыс істеуім керек. Жекпе-жек қызық өтетініне сенімдімін. Қарсыласыма жекпе-жекке аз уақыт қалғанда ұсынысты қабыл алғаны үшін алғысымды айтамын. Екеуіміздің де өз жоспарымыз бар. Титулды алсақ деп үміттеніп отырмыз. 

Біраз спортшымен жұдырықтастым. Оның ішінде тәжірибелілері де бар. Мен үшін қарсыласымның кім екені маңызды емес, өзімнің қаншалықты дайындалғаным маңыздырақ. 

Оның қарсыласы Райымбек Орынбай жақында ғана жекпе-жек өткізген еді. Міне, араға ұзақ уақыт салмай октагонға оралады:

— Жақында жекпе-жегімді сәтті өткіздім. Артынша бапкерім хабарласып, осы жекпе-жекті ұсынып жатқанын айтты. Мен ойлануға бір күн сұрап, ертесіне оң жауабын бердім. Қарсыласыма құрметім мықты. Әдемі жекпе-жек болады деген сенімдемін. 

Екінші титулдық жекпе-жекте қазақстандық Сергей Зубков (4-4) пен ресейлік Хусейн Адамов (10-2) қолғап түйістіреді. Қос спортшы ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуді бәске тігеді. 

Ресейлік жауынгер Хусейн Адамов кәсіби ММА-мен қатар поп-ММА спортында жекпе-жек өткізіп үлгерді:

— Мен кәсіби ММА-ге оралған жоқпын, осындамын. Кәсіби ММА болсын, поп-ММА болсын — октагонға тек жеңіс үшін шығамын. Барлық жерде — бір спортшы. 

Чемпиондық белбеу о баста менің мақсатым еді деп айта алмаспын. Десе де, Naiza-мен келісімшартқа отырарда титулдық жекпе-жекті ұзаққа созбауын сұрадым. Бір жекпе-жектен соң мүмкіндік алуды өтіндім. Алғашқы жекпе-жегімде бірнеше қарсыласым өзгеріп өтпей қалған еді. Сәті енді келіп тұр екен! Кім мықты,  белбеуді сол алады!

Қазақстандық Сергей Зубков қысқа қайырып, жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді.

— Жекпе-жекке дайындығым жақсы. Ауыр лагерден өттім. Кейінгі жекпе-жегімнен соң демалып үлгермедім. Бірден жаттығуға кірістім. 

Naiza Grand-Prix турнирінің жүлде қоры қомақты. Финалда жеңіске жеткен ұжым 25 миллион теңге иемденеді.

Еске салайық, NAIZA 45 турнирінің тікелей эфирі 7 қазан күні 18:00-де басталады. Жарысты 5Q қолданбасы мен Naiza TV YouTube-арнасынан көре аласыздар.