ГлавнаяБлог

Алматыдағы глампиң: таза ауада комфортпен демалуға мүмкіндік беретін 7 орын

Қала сыртында түнеу үшін шатыр, азық-түлік, ыдыс-аяқ алып жүрудің қажеті жоқ. Жуынатын бөлме мен тағамы дайын үйлері бар глампиңде демалуға болады. Глампиң шатырлы, палатка, күмбезді және модульді болуы мүмкін. Алматыда осы нұсқалардың барлығын таба аласыз.

BubbleGum View

BubbleGum View – Қазақстандағы алғашқы панорамалық глампиңнің бірі. Талғар ауданы Белбұлақ ауылында орналасқан. Алма бағының арасына төрт күмбезді үй салынған. Олар екі кіші және екі үлкен болып бөлінеді. Біріншісі ерлі-зайыптылар мен бала-шағаға, тағы бірі үлкен екі адамға, екіншісі алты адамға дейінгі топқа арналған.

Кішкентай үйде екі орынды кереует, киім ауыстыратын бөлме, креслолар мен пуфтер бар. Кішкентай күмбездердегі дәретхана мен душ басқа үйде орналасқан, ал үлкен күмбезде душ қабылдауға болады. Өзіңізбен бірге азық-түлік әкелу керек, ал мекеме ыдыс-аяқ пен барбекю керек-жарағын береді.

Мекенжайы: Талғар ауданы Белбұлақ ауылы, «Ақбұлақ» шипажайына апаратын айналма жол.

Бағасы: стандарт күмбез – 30 мың теңге (жұмыс күндері), 40 000 теңге (демалыс және мереке күндері). Комфорт күмбезі — 35 мың теңге (жұмыс күндері), 45 мың теңге (демалыс және мереке күндері). Үлкен күмбез 55 мың теңге (жұмыс күндері), 70 мың теңге (демалыс және мереке күндері). Үлкен күмбез екі адамға 45 мың теңге (жұмыс күндері), 55 мың (демалыс және мереке күндері).

Aua Glamping

Талғар ауданы Қотырбұлақ ауылында орналасқан тағы бір күмбезді глампиң. Дизайны мен түсі бойынша ерекшеленетін екі гео-күмбез бар: ақ және сұр. Әрқайсына төрт адамға дейін сыяды. Күмбездердің жанынан тас жиегі бар шағын тоған жасалған.

Күмбездерде екі кісілік кереуеттер мен душ кабиналары бар ванна бөлмелері, асүйде тоңазытқыш, микротолқынды пеш және электр шәйнек бар. Глампиң әзірге қонақтарға тамақ дайындамайды, бірақ барбекю, отқа арналған тостаған және шашлық ұсынады.

Бағасы: жұмыс күндері – 60 000 теңге, демалыс күндері – 70 000 теңге.

Keremet Glamping

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында орналасқан премиум эко глампиң. Артезиан суы бар құты, гималай бу бөлмесімен ағаштан салынған сауна және гриль үйі бар.

Бағасы: екі адамға күніне 60 мың теңге, бес ересек адамға 80 мың теңге, сегіз адамға 100 мың теңге. Бағаға сауна, гриль үйі және құты кіреді.

Бес адамға бір сағат моншаға түсу, гриль үйі және ыдыс бөлек беріледі – 10 мың теңге.

ГОРА Glamping

Талғар ауданы Бесқайнар ауылындағы төбеде орналасқан. Мұнда террассалары және Іле Алатауы тауларының тамашалауға болатын 10 тент-хаус бар. Әрбір тент-хауста мангалымен, қазанымен барбекю алаңы бар.

Шатыр үйлерде ванна, душ, раковина, жылы еден және электр жылытқыштары бар. Бір тент-хаусқа екі адам сыяды. Жазылатын диванға тағы екі адамға дейін орналастыруға болады. Бір адамға қосымша төленетін жарна — 10 мың теңге. 14 жасқа дейінгі балаларға тегін.

Бағасы: жұмыс күндері – 40 мың теңге, демалыс және мереке күндері – 50 мың теңге. Бір сағат моншаға түсу адам басына — 7 мың теңге.

Tau-Tas

Тент үйлердің тағы бірі Алматыда, Іле-Алатау табиғи саябағындағы Аюсай шатқалының визит орталығына жақын жерде орналасқан. Жақын орналасқандықтан глампиң қонақтары Bozhan Grill мейрамханасында және The Paw кафесінде тамақтана алады.

Сондай-ақ Жапон жолы, «Мың Көз» соқпағы, бірінші Аюсай сарқырамасы бағыты бойынша жаяу серуендеуге болады. Tau-Tas глампиңінің үйлері екі түрге бөлінеді: негізгі Camp және Cabin. Біріншісіне: ересектерге арналған екі кереует, электр шәйнек, микротолқынды пеш, тоңазытқыш, ас құралдары бар, террассада гамак ілулі тұрады, барбекю қарастырылған. Кабинада екі кісілік кереует, бір кісілік кереует және душ бөлмесі бар.

Бағасы: Cabin жұмыс күндері – 50 мың теңге, демалыс күндері – 60 мың теңге.

Camp жұмыс күндері – күніне 28 мың теңге, түнемесеңіз – 20 000 теңге; демалыс күндері – күніне 38 мың теңге, түнемесеңіз – 30 мың теңге.

KOLSAY GRAND 

Алматыдан 260 шақырым жерде орналасқан «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында орналасқан. KOLSAY GRAND «комфорт» класындағы эко қонақүйі күмбездерден және қонақтарға тамақ әзірлейтін жеке мейрамханадан тұрады.

Күмбезді үйлерде ересектер мен балаларға арналған төсектер бар. Душ пен дәретхана, тоңазытқыш пен үстел қойылған. Глампиңде SPA да жұмыс істейді.

Бағасы: жұмыс күндері – 42 мың теңге, демалыс күндері – 47 мың теңге.

Aglamp.kz

Талғар ауданы Бесқайнар ауылында орналасқан. Глампиңде скандинав стиліндегі үйлер салынған. Олар екі класқа бөлінеді: A-фрейм шале (саунасы бар және саунасыз) және Scandi. A-фрейм шале — жұмсақ жиһазы, гамак, камині және душ бөлмесі бар ағаш, екі деңгейлі үйлер.

A- фрейм шалесін жалдау бағасына мыналар кіреді: үй, таңғы ас, ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника, негізі қажеттің бәрі (тәпішке, көрпе, сүлгілер, душқа арналған гель, шампунь, паста және щеткалар), шай, кофе, ауызсу. Scandi бағасына мыналар кіреді: үй, барбекю, шезлондар, барбекюге арналған отын, шәйнек, стақан, шай.

Аумақта әткеншектер, волейбол торы және уақытты қызық өткізуге болатын алау алаңы бар. Сағатына 5 мың теңге төлеп, атқа мінуге немесе садақ атуға болады.

Бағасы: A-фрейм шале – 69 мың теңге, Scandi – 25 мың теңге.