Одан бөлек, тұңғыш рет әйелдер арасында чемпиондық титул үшін жұдырықтасатын Валерия Карыгина (4:6:1) мен Дильшода Умарова да (1:0) баспасөз маслихатына қатысты. Сонымен қатар кештің басты жекпе-жектерінің бірінде жұдырықтасатын Фаниль Рафиков пен Фарходжон Машрапов, Айбек Нұрсейіт пен Тоқтарбай Жүсіпұлы конференцияның көркін қыздырып, алапат айқастар мен жойқын ұрыстарды жіберіп алмауға шақырды. 

Нұрғали Нұрғайыпұлы: Чемпиондық белбеуді тағатын сәт келді

Еркін күрестен еліміздің намысын талай дүбірлі додада қорғап, әлемнің үздік балуандарымен белдескен Нұрғали Нұрғайыпұлы NFC тұжырымында екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен болатын. Үшінші жекпе-жегінде-ақ мансабындағы ең маңызды саналатын титулдық айқасқа шыққалы жатқан спортшы белбеуді иеленетін күн туғанын айтты. 

«Былтыр Naiza тұжырымымен келісімшартқа отырған сәтте өзімді тұжырымның чемпионы ретінде елестеткен болатынмын. Міне, Алла қаласа сол сәт ертең болады. Бұл жекпе-жек басқа жекпе-жектеріме қарағанда өзгеше болатыны анық. 3 ай бойы Тайландта оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тыңғылықты дайындалдық. Тік тұрып айқасуға да, күресуге де дайынбыз. Қарсыласымнан барлық тұрғыдан мықтымын деп ойлаймын және соны ертең дәлелдейтін боламын. Кештің басты жекпе-жегінде өнер көрсететіндіктен жанкүйерлер мен көгілдір экранның ар жағындағы көрермендерге керемет жекпе-жек сыйлауға тырысамыз. Екеуіміз де бекерден-бекер басты кездесуде өнер көрсетіп жатқан жоқ екенімізді көрсетеміз», – деді Нұрғали.

Олжас Абзалиев: Жанкүйерлердің көңілінен шығатын жекпе-жек көрсетеміз

«Әрине, бұл жекпе-жек қарсыласыма үшін де, мен үшін де өте маңызды болмақ. Нұрғали еркін күрестің хас шебері болғандықтан тек күреске мән беріп, сол тұрғыдан ғана жұмыс істейтін шығар. Бірақ көрермендерге қызықсыз, бір сарынды айқастар ұнамайтыны анық. Сол себепті тік тұрып айқасуға, ашық айқасуға, жанкүйерлердің делебесін қоздырып, қиқуға бастыртатын жекпе-жек көрсетуге шақырамын. Дегенмен күрестен де қарсыласымнан осалмын деп айта алмаймын. Командамыз ABYROI TEAM-мен елордамызда керемет оқу жаттығу жиынын өткізіп, барлық тұрғыдан шеберлігімізді шыңдадық. Ертең шаршы алаңда соның бәрін көрсетіп, жанкүйерлерімізге керемет жекпе-жек тарту етіп, жарқын жеңіске жетеміз деген ойдамын», – деді чемпиондық белбеуге үміткер Олжас. 

Дильшода УмароваКарыгина мен үшін оңай олжа

52 келі салмақта чемпиондық белбеуді сарапқа салатын Дильшода Умарова қарсыласынан бір бас жоғары екенін айтып, чемпиондық белбеудің иегері атанатына сенімді екенін мәлімдеді. 

«Әрине, әр спортшының осал тұсы мен мықты тұстар болады. Бірақ қарсыласымның мықты жағын аса көріп тұрғаным жоқ. Тек алға қарай жүріп, ашық айқасқа ұмтыла береді. Каратэшілер үшін мұндай қарсыластар өте ыңғайлы. Егерде Карыгина дәл сондай мәнерде жұдырықтасатын болса, мен үшін оңай олжа болары анық. Дегенмен 5 раундтық тартысты жекпе-жекке дайындалып келдім. Өйткені екеуіміз үшін бұл маңызды жекпе-жек, әрі тарихи жеңіс болмақ. Naiza тұжырымының тұңғыш рет әйелдер арасындағы чемпиондық титулына ие болу арқылы атымның тарихта қалғанын қалаймын», – деді Умарова. 

 Валерия Карыгина: Белбеу қарсыласыма қарағанда маған әдемірек жарасады

«Чемпиондық белбеудің иегері атанатыма еш күмәнім жоқ. Белбеу Дильшода қарағанда маған әдемірек жарасты. Сондықтан шаршы алаңда сол титулды иелену үшін барымды саламын. Шыны керек, жеңіске жетеріме толыққанды сенімдімін. Қарсыласымның аяқ-қолын ауаға сермегеннен басқа алып баратқан ешнәрсесі жоқ. Оған қарағанда әмбебап, кез келген аспекті де жұмыс істей аламын. Дегенмен ертең көрермен қызыққа әрі тартысқа толы айқастың куәсі болары анық. Сондықтан мұндай тарихи сәтті, оқиғаны қапы қалдырмауға шақырамын», – деді Валерия. 

Фаниль Рафиков: Балаевқа қарсы жекпе-жек қызық болса, мен дайынмын..

Naiza тұжырымының жеңіл салмақтағы экс-чемпионы Фаниль Рафиков соңғы сәтке дейін мерейтойлық турнирде өнер көрсететіне күмәнмен қарап, аз ғана уақыт аралығында жекпе-жекті қабыл алған Фарходжонға алғысын айтқанымен аяушылық көрсетпейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ аты атыңызға айналған Марат Балаевпен де жекпе-жекке шығуға қарсы емес екенін де айтты.

«Шыны керек, соңғы сәтке дейін осы турнирде өнер көрсететініме күмәнмен қарадым. Белгісіз себептермен қырғыз спортшы жекпе-жектен қашты. Иә, ол менен қашты. Өйткені мен ол ұрып жүрген спортшылар сияқты оңай шағылатын жаңғақ емеспін. Соңғы секундқа дейін шайқасатын, өліспей беріспейтін жанмын. Соңғы сәтте жекпе-жекке келіскен Фарходжанға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бірақ шаршы алаңда ешқандай да аяушылық көрсетпеймін, менің кезекті құрбаным болады. Айтпақшы, Марат Балаевтың да жекпе-жекке шыққысы келгенін көрдім. Шыны керек, жанкүйерлерге қызық болса, лига басшылары құптаса мен айқасуға дайынмын. Бұл – менің үйім. Өз үйімді кім көрінгеннің мекеніне айналдырмаймын. Сондай-ақ шаршы алаңға шығатын өлеңімді де ауыстыратынымды айттым. Өйткені қасиетті туымызды қорлағандардың шашбауын көтерер хақым жоқ. Шыны керек, маған салса, көк туды қорлағандарды сол жерде-ақ тепкілер едім. Олардың кешірімі де қажет емес. Кешірімді осы жерді қасық қаны сарқылғанша айқасып, аман алып қалған батыр бабаларымыздан сұрасын», – деді тұжырымның экс-чемпионы. 

Фанильдің қарсыласы Фарходжан да қарсыласының тәжірибелі, мықты екенін, дегенмен шаршы алаңда оған тосын сый дайындағанын айтып, жеңісіне сенімін білдірді.

Айбек Нұрсейіт: Қанатқа қарсы жекпе-жекті күллі қазақ күтті

«Шыны керек, Қанатқа қарсы жекпе-жекке қатты дайындалдық және салмақты да барынша реттестірдік. Бұл жекпе-жекті күллі қазақ жанкүйері күткені анық. Бірақ жарысқа 5 күн қалғанда «Қарсыласың ауырып қалды, жекпе-жек болмайды» деген хабар көңілімізді түсіріп жіберді. Енді оның шынымен ауырған, ауырмағанын айта алмаймын. Өйткені өз көзіммен көрген жоқпын. Не де болса, барлығы Аллаға аян. Әрине, денсаулықтан асқан байлық жоқ. Дегенмен қазіргі қарсыласым Тоқторбай да оңай шағылатын жаңғақ емес. Бар ынта-назарымызды осы жекпе-жекке ауыстырып, осы қарсыласты ұту үшін барымызды саламыз. Алла қаласа, жанкүйерлерімізді жарқын жеңісімізбен қуанту үшін, еліміздің абыройын асқақтату үшін аянып қалмаймыз. «Ақырын жүріп, анық бас» демекші, мақсатымыздың жолында қандай да болсын қиындыққа шыдауға дайынбыз», – деді Айбек.  

Нұрбек Қарабала: Марат Балаев пен Арман Оспанов арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру ойда бар

Әлемдегі ең үздік тұжырымдардың қатарына кірген NFC лигасының президенті Нұрбек Қарабала  NAIZA 40 турнирінің  басты жекпе-жегінде өнер көрсететін жауынгерлердің де кездесуіне ерекше тоқталып, тұжырымның жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ аты аңызға айналған Марат Балаевтың да тұжырымда жұдырықтасуы мүмкін екенін әбден атап өтіп, Арман Оспановпен жекпе-жек ұйымдастыру да ойда бар екенін айтты. 

«Шыны керек, жанкүйерлердің басым көпшілігі мэйн-кардтағы кездесу аса көңіл бөліп жатқан жоқ. Бірақ бұл екі алыптың айқасынан көз жазып қалып, өкініп қалмаңыздар дегім келеді. Ертең чемпиондық белбеу үшін өтетін екі кездесуде аса қызық әрі тартысты өтетініне сенімдімін. Одан бөлек, турнирде сынға түсетін барлық жұптың да жекпе-жектері қызық болары анық. Әрине, Марат қарсыласы жекпе-жектен бас тартқан Фанильмен жұдырықтасуға қызығушылық танытты. Бірақ оған жас жігіттермен жекпе-жекке шыққанын қаламайтынымды айтып, бұл ұсыныстан бас тарттым. Бәлкім оған өзінің жас шамасына, атақ-даңқына лайықты қарсылас табармыз. Көпшілік оның Арман Оспановпен шыққанын қалайды. Бәлкім бұл жекпе-жекті де көріп қаларсыздар. Айтпақшы, жаңадан ашылған 53 келі салмақ дәрежесіне де көп жауынгер шыққысы келетінін айтып, хат жазып жатыр», – деді лига президенті.

Айта кетейік, Naiza тұжырымы келесі турнирін 16 шілде күні Ақтау қаласында EAGLE FC лигасымен бірлесе өткізеді.