1997 жылы профессор, психология ғылымдарының докторы Владимир Серкин Солтүстік тұрғындарының психологиясын зерттеп жүріп көпшіліктің «жақсы күндер әлі алда, қазір қинала тұруым керек» деп ойлайтынын байқайды. Кейін осы түсінікке сай келетін «Өмірді кейінге шегеру синдромы» ұғымын психологтар терминологиясына енгізеді.
Бастапқыда профессорды адамдардың табиғаттың қатал мінезіне көніп жүре беруіне не себеп болғаны қызықтырады. Сұрастыра келе Солтүстік тұрғындарының «Бір кездері басқа бір жылы жаққа ұшып кетемін. Қазір уақытша қинала тұруым керек» деген ойдың жетегінде жүретінін анықтайды.
Психолог мамандардың айтуынша, адамдардың өмірді кейінге шегеру синдромына шалдығуына түрлі фактор әсер етеді. Соның жиі кездесетіні — тұқым қуалау, өмір сүріп жатқан орта, ата-ананың берген тәрбиесі, адамның өзіне сенімінен айырылуы, эмоционал тұрақсыз болуы.
Владимир Серкин синдромды «спецификалық невроз» деп атайды. Әдетте невротикте «мұны қалаймын, бірақ істей алмаймын» деген проблема болса, өмірді кейінге шегеру синдромына шалдыққан адамда «қалаймын — істей аламын — бірақ мұны жасауға өзіме мүмкіндік бермеймін» деген проблема бар. Профессор мысал ретінде Маргарет Митчеллдің «Желмен бірге ұшқандар» романындағы басты кейіпкер Скарлетт О’Хараның «Мен бұл туралы ертең ойланып көремін» деген классикалық фразасын алған.
Ал отандық психолог Сая Бақимова адамның ішіндегі конфликтіні және неге дәл қазір бақытсыз екенін анықтау маңызды екенін айтады.
«Психоанализде кей адамның ауызша өлімді мойындағанымен, өзін іштей мәңгі өмір сүремін деп есептейтіні айтылады. Бұдан өзге адамдардың экстремал спорт түрлеріне, денсаулығына зиян келтіретін химиялық заттарға тәуелділігінің астарында көбіне өз мүмкіндігін шектен тыс асырып бағалау, өзіне төнетін қауіп жоқтай сезінуі жатады делінген. Өмірді кейінге шегеру синдромының шығу тегін осымен байланыстыруға болады.
Адамға іштей міндетті түрде қолайлы уақыт пен ыңғайлы мүмкіндік туатындай көрінеді. «Нағыз өмірім дәл сол сәтте басталады» деп ойлайды. Өз клиенттерімнен жиі байқайтыным — күйеуге шығуым керек, үйленуім керек, көлік және тағы басқа алуым керек. Осыларға қол жеткізген кезде ғана өзімді бақытты сезінемін немесе балалы болған кезде барлығы жақсы болады, деген ойдың жетегінде жүреді.
Осы тұста «Алдымызға келген адам неге қазір бақытсыз? Оның ішінде қандай конфликтілер бар?» деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Жұрт ойлайтындай, психологтың жұмысы біреуді үйлендіріп жіберу емес. Неге адамның қазіргі сәтте өмірін «паузаға» қойып қойғанын анықтау. Бұған дейін өмірді кейінге қалдыру синдромын аға буынға тән нәрсе деп келдік. Аштық пен таршылық көрген ата-әжелеріміз бәрін сақтап, жинап, кейінге қалдыра беретін. Әрине, мұндай жан жарақатының адамның әдеті мен өмір сүру стиліне әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Бірақ жастар да дәл осылай аштық көрді деп түсіндіре алмаймыз. Бұл ішкі невроздың бір көрінісі», — деді Сая Бақимова.
Ары қарай психолог психоанализ ілімінде адамның ішінде бір уақытта өмір мен өлімге деген құштарлықтың қатар өмір сүретінін айтады. Өмірге құштарлық өлімге құштарлықты тежеп отырады. Ауыр психикалық жарақат пен депрессия керісінше адам бойында өлімге құштарлықты арттырады.
«Өмір сүруге асықпау да осындай бір белгі дер едім. Бір өкініштісі, адамдар кейде өз бойында осы белгілердің барын байқай бермейді. Біздің логикамыз мұны барды қанағат тұту, ысырапшылдыққа бой алдырмау, үнемдей білу деп өзін ақтап алады. Терапия кезінде адам отбасы, жұмыс, бала-шаға деп жүріп өзін көп нәрседен тыйып тастағанын аңғаруы мүмкін», — деп түсіндірді психолог.
Психолог Гүлнұр Байболова мұны адамның шынайы өмірді қабылдай алмауы және кінә сезімімен байланыстырады.
«Өмірді кейінге шегеру» синдромына келетін болсақ, әр буынның өз себебі бар. Иә, жастар ата-әжелері сияқты аштық пен соғыс көріп өскен жоқ. Бірақ олар осы синдромға шалдыққан адамдардың тәрбиесін көрді және махаббатқа шөлдеп өсті. Айналып келгенде басты себептердің бірі — өмір шындығын қабылдамау. 12 мүшесі сау, ел қатарлы тіршілік етіп жүрген азаматтар психотик болмаса да, қиындықпен бетпе-бет келген кезде осы деңгейге түсуі мүмкін. Шынайы өмір мен өз санасында құрып алған өмірдің ара-жігін ажырата алмай қалады.
Шынайы өмірдегі сәтсіздіктер мен қатені қабылдаудың қиын болатыны сонша – адам қиялындағы жалған әлемде өмір сүруге бейім болады. «Бақытты күндер әлі алда. Бүгінгі күн маңызды емес. Болашақта мен үлкен жетістікке жетемін» деп өзін алдайды. Қалаған өміріне жету үшін еш әрекет етпейді. Екінші себеп — адамның өзін кінәлі сезінуі, бақытты өмірге лайық көрмеуі», — деп түсіндірді психолог.
Сонымен қатар Гүлнұр Байболова өмірді кейінге қалдыру синдромынан емделу жолын ұсынды.
- Өмірді кейінге шегеру синдромына шалдыққан адамдар «Жаңа өмір бастаймын», «Дүйсенбіден бастап бәрі өзгереді» деген сөздерді жиі айтады. Өздері іштей осы сөзге сенеді. Олар үшін «ескіні түзетуден, жаңаны алған» оңай көрінеді. Бірақ «ескіні түзетпей жатып, жаңа өмір бастау» мүмкін емес. Өйткені осы күнге дейін жасалған қатеден адам сабақ алмайынша қайталана береді. Мысалы, ерлі-зайыпты қиындығын өткере алмай екі жаққа кетті делік. Егер екеуі арада болған жағдайлардан сабақ алмастан, жаңа шаңыраққа қадам басса, осы жағдай қайталана береді. Сол себепті өмірді сәтсіздік емес, пайдалы сабақ, тәжірибе деп қабылдау маңызды.
- Өмірін кейінге шегеретін адам «Менің ескі және жаңа өмірім бар» деп ойлайды. «Жаңа өмірім басталады» деген сәтті құдды нүкте сияқты көреді. Қазіргі өмірін қабылдағысы келмейді, өзі өмір сүріп отырған ортадан тезірек кеткісі келеді. Бірақ бұл адамға көмектеспейді. Сол себепті өмірді бар күйінде қабылдау, бағалау, алғыс айту маңызды.
- Шектен тыс перфекционизм де – өмірді кейінге шегеруге себеп. Перфекционист адамдар мінсіздікке ұмтылып, үнемі барлығын 100% керемет жасағысы келеді. Алайда адам түгілі, табиғатта мінсіз ешнәрсе жоқ. Екінші жағынан бұл адамдар еш уақытта мұратына жетпейді, үнемі мінсіздік іздеймін деп «жеңіліс тауып», беті қайтып қалады. Кейін өмірін кейінге шегеруге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда бір нәрсені 100% сәтсіз етіп жасағаннан, 90% сәтті жасау керек деген «бағдарлама» көбірек көмектеседі.
- Психоанализде «қарабайыр идентификация» деген ұғым бар. Адам өзін іштей өзге біреуге ұқсатып, сол адамның өмірін сүріп жатырмын деп ойлайды. Осындай бейсаналы үлгі тұтқан адамдардың бірі «өмірін кейінге шегеретін» жан анасы, әкесі, бауырлары болуы мүмкін.
- Проблеманы шектен тыс әсірелеу. Адам баласы өмірінің барлық саласының сәтсіз болуы мүмкін емес. Мысалы, жұмысында немесе жеке өмірінде сәтсіздікке ұшыраған адам өзін бақытсызбын, тағы басқамын, қолымнан еш нәрсе келмейді деп есептейді. Мұнда ол жұмысын өзінен бөлек аспекті ретінде қарастырып тұрған жоқ. Сол себепті проблеманың тек бір салаға қатысы барын мойындау да маңызды.
Add comment