ГлавнаяБлог

Адамдар не себепті маньяктар туралы сериалдарды көруге құмар?

Психолог Динара Қожахметовамен және «5:32» сценарисі Сергей Литовченкомен бірге мұндай әңгімелердің танымал болуының сыры неде екенін анықтаймыз. 2021 жылы қазақстандық «5:32» уеб-сериалы сенсацияға айналды: YouTube желісінде әрбір эпизод бірнеше миллион рет қаралған, көрермендер сценарий авторларын тағы қандай нағыз маньяктар қызықтыратыны туралы болжам жасады, ал сыншылар мен журналистер жобаны батылдық пен жаңашылдық үшін жоғары бағалады.

Сарғыш шашты маньяктар мен танылмаған данышпандар

Эд Гин түрмеге қамалып, ол туралы газеттерде жарияланған соң, маньяктың үйін көруге Висконсин штатынан мыңдаған адам келді. Бұл жағдай белгісіз біреу «қанішер Гиннің» үйін өртеп жібергенге дейін жалғасты. Көлігі полиция аукционына қойылып, адамдар оны иелену үшін төбелесуге дейін барған. Бұл шынайы оқиға кейін Роберт Блохтың романына және Альфред Хичкоктың «Психо» фильміне негіз болды.

Айта кету керек, кейбір маньяктың аудиториясы қалың нөпір: GQ басылымының мәліметінше, кейінгі 5 жылда олар туралы тек Ресейде кем дегенде 40 фильм мен телешоу түсірілген. Кісі өлтірушілердің портретін жасау кезінде сарапшылар психиатрия, сот медицинасы және әлеуметтанудағы көптеген зерттеуге сүйенеді.

Біріншіден, оқиғаны құрастырушылар ол туралы интернеттегі, кітаптардағы, қылмыстық іс бойынша мәліметтерді зерттейді. Тергеушілер қылмыскер туралы қызық мәліметтерді де айта алады. Әрі қарай, сіз оның бейнесін жандандыруыңыз керек.

Мысалы, «5:32» сериалының режиссеры Әлішер Утев нағыз маньяктармен және шизофрениямен ауыратын науқастармен әңгіме видеоларын көріп, олардың жүріс-тұрысын, мимикасын, сөйлеген сөздерін бақылаған. Осыдан кейін режиссер актерлармен жұмыс істеп отырып, кейіпкерлерге жүйкенің тартылуы сияқты мәліметтер берген.

Әрине, сценарий жазғанда қорқынышты сәттер болады, өйткені сіз маньяктың санасына кіресіз. Әлемді оның көзімен суреттеуге тырысасың. Бұл қорқынышты, өйткені маньяк ауру адам және оның барлық әрекеті нормадан тыс, — деп мойындайды «5:32» сериалының сценарисі Сергей Литовченко.

Тіпті 2 ғасыр бұрын қылмыскерлерді зерттегенде сыртқы келбетіне баса назар аударылды. Мысалы, итальян психиатр Чезаре Ломброзо 19-ғасырда олардың классификациясын антропологиялық белгілерге — мұрнының пішініне немесе маңдайдың биіктігіне қарай құрастырды. Түрме дәрігері Ломбросо көптеген тұтқынға зерттеу жүргізген, сондықтан қылмыс түрі адамның сыртқы белгілеріне байланысты екенін салмақты түрде дәлелдеді.

Мысалы, бас сүйегінің формасы дұрыс емес немесе тым дамыған жақтары бар адамдар туа біткеннен бастап қылмыстық бейімділікке ие. Психиатр қара шаштылар ұрлыққа, ал сарғыш шаштылар кісі өлтіруге бейім деп есептеді. Ол классификацияның бір түрін жасап, қылмыскерлерді үш топқа – психикалық ауру, кездейсоқ, туабітті қылмыскер деп бөлді.

Кейіннен Ломброзаның теориясы біржақты болғаны үшін сынға ұшырады. Психологтар мен криминологтар әдетте сериялық өлтіруші көпшіліктің арасында ерекшеленбейді деген қорытындыға келді. Ол күнделікті өмірде «мінсіз», өзінің бейімділігіне опасыздық жасамайды әрі ақылды. Бірақ қоғамға бейімделе алмауының кесірінен қанша жерден жоғары интеллект болса да, мансап биігіне шыға алмайды. Дегенмен бұл оның құрбандарының сеніміне кіруіне кедергі жасамайды.

Маньяктар мегаломанияның арқасында тарихқа енеді — олар өздерінің ұлылығы мен маңыздылығын асыра бағалайды, сондықтан өзіне назар аудартқысы келеді.

«Маған олардың абайсызда ұсталуға ұмтылғандары ұнайды. Овация — оның азапты өмірінің апотеозы. Данышпанның әлсіздігі, аудиторияға деген қажеттілік», — дейді BBC сериалы «Шерлок» роліндегі Бенедикт Камбербэтч.

«5:32» сериалы қалай түсірілді?

Адам өлтірушілер туралы фильмдер зұлым адамды ақтау немесе оның психологиялық жарақатына баса назар аударатынына жиі сынға алынады. Нәтижесінде, «Декстер» сериалы мен Хоакин Феникс ойнаған «Джокер» фильмінде болғандай, көрермен қанішерге жанашырлық таныта бастайды. Екінші жағынан, кейде мұндай картиналар адамның қылмыс жасауға қалай шешім қабылдағанын зерттейді.

Адам – күрделі жаратылыс, ал өнердің жасайтыны – мәңгілік тақырыптарға сұрақтар іздейді. Ең алдымен, адамның қандай екені туралы. Меніңше, 11 қыркүйекте Джеймс Бонд емес, қарапайым Джейсон Борн қызық болған кезде катализатор болды. Кейінірек «Рояль казиносы» шықты, онда Джеймс Бонд әлсіздеу, адамгершілігі жоғары және бұрынғыдай емес. Кинолар мен телешоулар көбіне шынайылыққа бет бұрып жатыр. Сондықтан шынайы оқиғалар қажет — «Ақыл-ой аңшысы», «Нағыз детектив», «Сен» сериалдары сияқты, — дейді Сергей Литовченко.

Көрерменді жалықтырып алмау үшін сериал жасаушылар оқиғаны өткен мен бүгіннің арасына тастай отырып, линиялы емес баяндау әдісін қолданған. Мысалы, «5:32» сериалының 10-бөліміндегі әрекет арттан алға қарай жүреді – Кристофер Ноланның «Есте сақта» фильміндегідей.

«Біз Қазақстанда бұрын ешкім жасамаған инновациялық іс жасағымыз келді. Жалпы, әлем драматургиясы өзгеріп, көрермен жасарып, заман ағымына ілесуіміз керек. Әлішер сериалды лайф-стильде түсіруді ұйғарды, штативсіз түсіргенде кадрда үлкен пландар, көптеген деталь, жылдам монтаждау болады. Бұл ой іске асты — студенттер де, ересектер де сериалды көреді – маған 50 жастан асқан адамдар да жазып, оларға қызық екенін айтты», — дейді Сергей.
Сериал маньяктардың психотравмасын және олардың шекарадан өту себептерін көрсетпейді. Мұны Сергей Литовченко сценарий авторларының жауыздарды ақтағысы келмегенімен түсіндіреді. Оның ойынша, экранда маньяктың бала кезінде таяқ жегені немесе әкесінің маскүнем болғаны көрсетілсе, бұл көрерменге опасыздық жасау болар еді.

«Біз оның әрекетін ақтап жатқан боламыз. Яғни, ұрып-соққан немесе психологиялық күйзеліске ұшыраған кез келген адам экранның алдына отырып: иә, маньякты түсінемін. Олар оны ұрды, мен де оны ұрамын. Сондықтан біз зорлық-зомбылыққа тек осылай қарадық. Негізінде, өлтіру норма емес — бұл заңсыз, адамгершілікке жатпайды және адам табиғатына қайшы келеді », — дейді сценарист.

Көлеңке, алмастыру және қызығушылық — маньяктар туралы сериалдарды жақсы көрудің психологиялық себептері

Кейбіреу үшін фильм көріп отырып, жүйкеңізді қытықтау — бос уақыт бір түрі ғана. Бірақ тарих неғұрлым қатал болса, оның танымал болу құпиялары соғұрлым анық емес. Маньяктар туралы сериалдарға қызығушылықты түсіну үшін аналитикалық психологияның негізін қалаушы Карл Густав Юнг енгізген «көлеңке» ұғымы көмектеседі. «Көлеңке» — жақындарының дұрыс түсінбеуінен және қабылдамауынан қорқатын адамның өз бойында қабылдамайтын тілектері, сезімдері және мінез-құлық ерекшеліктері. Сондықтан олар бейсаналыққа ығыстырылады.

«Әркім өзімен бірге көлеңке алып жүреді, оның жеке саналы өмірмен байланысы қаншалықты аз болса, соғұрлым ол күңгірт және қалың болады. Егер жаман қасиет саналы болса, оны түзетуге қашанда мүмкіндік бар. Бұл ауыртпалықтан біз үлкен күш-жігермен ғана құтыла аламыз. Біз адамның саналы тұлғасы мен оның көлеңкесінің қатар өмір сүруінің жолын табуымыз керек», — деп жазды Юнг «Сана, бейсана және индивидуация» кітабында.

Көрермен сериал арқылы өзінің «көлеңкедегі» қалауын сыртқа шығаруы мүмкін. Сонымен қатар қарау кезінде кінә сезімі жоққа шығарылады, өйткені көбіне өлтіруші ұсталады және әділет жеңеді.

«Адамдарда іске асырылмаған агрессия мен ашу бар, өйткені қоғамда мұндай эмоцияларды көрсету әдеттегідей емес. Біз бәріміз жақсы болуымыз керек, сондықтан біз өзіміздің «жақсы» жағымызды ғана көрсететін бетперде киеміз. Кейбіреу үшін телешоулар осы жағымсыз эмоциялардан аман қалуға көмектеседі, ал басқалары көру арқылы жарақаттарының үстінен өтеді. Мысалы, адамға шынайы өмірде шабуыл жасалды, ол осы тақырыптағы сериалды көреді. Көрермен детектив, қорғаушы ролін ойнай алады (ол шын мәнінде қорғалмаған кезде) немесе өз оқиғасын жәбірленуші, тіпті шабуылдаушы ролінде көрсете алады», — деп түсіндіреді Динара Қожахметова.

Жан түршігерлік қылмыстар туралы көбірек білу адамның өзін қауіпсіз сезінетініне сенеді. «Бұл иллюзиядан басқа ештеңе болмаса да, ол тыныштандырады», — деді клиникалық психолог Анна Якушенко. Мұндай фильмнің шынымен көрерменге зиянын тигізуі оның психикасының тұрақтылығына байланысты.

«Шынында, әсерлі және тым эмпатикалық адамдарға маньяктар туралы сериалдарды қарауға болмайды. Өйткені олар виртуал өмір мен шынайы өмір арасындағы шекараны ажыратпауы мүмкін. Тиісінше, мұндай фильмдерді үнемі көретін болсаңыз, әсерлі адамдар агрессив мінез-құлық танытып, зорлық-зомбылық қалыпты жағдай ретінде қабылдануы мүмкін», — деп есептейді Динара Қожахметова.

Зорлық-зомбылық көріністері — бұрыннан киноматографияның бір бөлігі және ол болашақта жойылмайды. Тағы бір мәселе, әркім өзіне қолайлы градусты өзі анықтайды. Бұл фильмдер мен сериалдарды таңдау, олардың эмоционалдық фонға әсері ең алдымен жеке жауапкершілік екенін білдіреді.