ГлавнаяБлог

Кешірім тілі һәм айыпты мойындаудың маңызы

Гэри Чепмен кешірім сұраудың бес түрі барын айтады

Кешірім сұрай білу — адамгершілік. Өйткені әлдекімге тудырған қолайсыздық, келтірген залал, айтылған ауыр сөзден кейін жүректен жылы сөз шығуға тиіс. Олай болмаған жағдайда әлгі адаммен араңыз алшақтап, суып кетуі мүмкін. Біреудің аяғын басып кеткенде жай ғана «Кешіріңіз» деу жеткілікті болғанымен, одан әлдеқайда тереңірек, күрделірек мәселелерде мәмілеге келу анау айтқандай оңай емес. Мұндайда кешірім сұраудың жөнін білген артық болмайды. 5Q Media философия докторы, психолог Гэри Чепмен тізіп шыққан кешірімнің бес тілі туралы баяндап береді. 

Автордың «Махаббаттың бес тілі» деген бестселлер кітабы бар. Ол жерде жұбайыңызбен жарасымды өмір кешу үшін махаббатты білдіру туралы айтылады. Ол сондай-ақ, кешірім сұраудың да жөні мен реті барын айтып, осы тақырыпта да кітап жазған. Дженнифер Томаспен бірлескен туындысы «Кешірім сұрау жеткіліксіз болғанда» деп аталады. Мұнда авторлар адамдардың аяушылық білдіру сезімін әр адамның әр түрлі жеткізетінін жазады. Әрі сол типтер бойынша кімнен қалай кешірім сұраған жөн екеніне нұсқау береді. Сонымен кешірімнің мынадай бес «тілі» болады екен: 

  • Өкініш білдіру сезімі. «Осы қылығыма қатты ұялып тұрмын» дегенге саяды. Яғни біреуге бірдеңе жасағанына ұялып, өкінген адам. Сол жасағанынан жерге кірердей болып тұрғанын көрсетеді. 
  • Мойнымен көтеру сезімі һәм жауапкершілік. Бұл жағдайда адам өзінің кінәсін не қатесін мойындайды. «Бұлай істегенім дұрыс болмады» деп айта алады. Яғни өзінің де, өзгенің де алдында ақ адал. Бірақ осылай мойындағаннан кейін «кешір» деген бір ауыз сөз айтылмауы мүмкін. Яғни мұндай типтегі адамдар мойындағанын кешірім сұрағаным деп қабылдайды.   
  • Шын жүректен өкіну. Бұл бірінші тілден сәл басқаша. Алғашқысында көбіне айтушының сезімі білінеді. Ал мұнда екінші тарап яки ренжіген жақтың сезіміне бағытталады. Бұл тәсіл былай көрініс табады: адам кінәсін мойындайды, сол қылығының қарсы тараптың жүрегіне батқанын біліп, солай етуге толықтай құқылы екенін айтады. Сондай-ақ, келесіде олай етпеуге уәде береді. «Дәл қазір сенің нендей күй кешіп тұрғаныңды түсініп тұрмын. Өте қапалысың. Келесіде олай істемеймін» деген сыңайдағы сөз айтылады. 
  • Орнын толтыру. Кешірім сұраудың бұл түрі сөзбен шектелмейді. Яғни қолымен істегенін мойнымен көтеру іспеттес. Мұндайда ренжіткен адам жаман қылығын қайтсе жамаудың жолын, орнын толтыру әдістерін іздестіреді. «Кешірші, бүгін саған бара алмайтын болып тұрмын. Келесі аптада барайық» деген сыңайда шешім ұсынуы мүмкін. Яғни кешірімнің бұл тілінде сөйлейтін адам сөз емес, іске көбірек мән береді. Ол өзін жегідей жеп, өкіне бергеннен гөрі әрмен қарай істеу керек амалдарды жасағанды құп көреді. 
  • Сөзбен кешірім сұрау. Ренжіткен адамының кешірімін қалайда алып, жағдайда реттеуге тырысатын адамдар осы типке жатады. Олар қоятын басты сауал — «Кешірдің ғой?». 

Кешірім сұраудың осындай бес тәсілін авторлар жіктеп шығады. Бір айта кетерлігі, мұның ішінде дұрыс не бұрыс тәсіл жоқ. Бұлар — бар болғаны келеңсіз жағдайда реттеуге көмектесетін әдіс түрлері. Дегенмен қарсы тарап, әсіресе жақындарыңыздың кешірім тілін білген артық болмайды. Себебі тез арада татуласып, табысу үшін онымен дұрыс коммуникация құру қажет. Мысалы, жұбайыңызбен қатты ренжісіп қалдыңыз. Сіз өзіңізше кешірім сұрағандай болдыңыз, ал ол болса, одан бетер ашуланады. Бұл жерде мәселе — бір кешірім тілінде сөйлемеуіңізде. Біреу өкпелі кезде өзінің маңызын сезінгісі келеді, біреу нақты іспен дәлелдегенін қалап тұрады. Енді бірі қарсы тарап қателескенін мойындаған кезде ғана кешіреді. Мұндай «пернені дәл басу» тезірек ортақ тіл табысу үшін қажет. Тіл ұшындағы «кешірдім» ғана емес, жүрек түкпіріндегі шынайы кешірім маңызды.