Ұлмекен Сәндібекқызы, психолог:
Бала 3 жасына дейін ата-анасының жанында болуы керек
Ата-анадан бөлек өсу – бала психологиясы үшін үлкен дағдарыс. Негізі бала 3 жасына дейін әке-шешесінің жанында болуы керек. Бұл уақытта сәбиде базалық сенім қалыптасады. 3 жастан бастап баланың қоршаған орта мен туғандарына сенімі орнайды. Егер оны ата-анасынан ерте ажырататын болса, табиғаттың заңдылықтары бұзылады. Бала болашақ өмірде жиі мәселелерге жолығып, көңілінде ата-анасына деген реніш пайда болады. Тіпті, жалтақ болып өседі. Анасына еркелейін десе, ата-әжесінің қас-қабағына қарайды. Бұл жағдайдың соңы баланың туған ата-анасын мойындамауына алып келеді.
Балаға ең қиын соғатыны – ата-әжесінің о дүниелік болған сәті. Олар кеткен соң бала жетімдікті сезініп, ерте есейіп, ауыр психологиялық жарақат алады. Ата-анасы мен туған бауырлары арасындағы қарым-қатынасты салыстырып, айналасындағыларды кінәлай бастайды. Бұл – ата-әженің қолында өскен балаларда болатын қалыпты жағдай.
Маманның Жадыраға кеңесі
Хат жолдаған кейіпкердің жағдайына қарап, ата-әжесіне қалдырудың астарында олардың қамқорлығы жатыр деген ойдамын. Ол сәтте ата-анаңыз да олай қалдыруды қаламаған болар. Ата-әжеге тастап кетудегі себебі ата-анаңызға керексіз болғаныңыздан емес, тек жағдай деп қабылдаған дұрыс. Себебі ешбір ата-ана баласын басқаға бермейді.
Қазір ересек көзқараспен қарай отырып, ата-әжемен өткен жағымды сәттерді еске алғаныңыз өзіңіз үшін дұрыс болады. Ата-анасымен өскен балаларда да қиындықтар кездесіп жатады. Жағдайды, өткенді барымен қабылдасаңыз, ата-әжеңізден алған құндылықтарыңызға ризашылық айтасыз. Ал ата-анаңызға ренжулі болсаңыз, олармен отырып жеке сөйлесуіңіз керек. Олардан ала алмаған махаббатты сезінуге әлі де кеш емес.
Балабек Сақтағанов, психолог:
Баланың ата-анадан бөлек өсуі тұлға ретінде қалыптасуына кері әсері етеді
Қазақтарда тұңғыш баланы ата-әжеге беру дәстүрі бұрында болған. Бұл дәстүрді қазіргі қоғамнан да байқап жатамыз. Баланы ата-әжеге беру – ержеткенінше солардың қолында өсіп, туған ата-анасы екеніне сеніп өмір сүруі. Немересі өскеннен кейін ата-әжесі: «Біз сенің туған ата-анаң емеспіз, ата-әжеңбіз. Сені туғандар…» деп шындықты айтып жатады. Сол уақытта балалар ең бірінші психологиялық соққы алады.
Баланың осы уақытқа дейінгі құрып келе жатқан жоспарлары мен ата-әжесіне махаббатының барлығы бұзылады. Балаға «әке-анаң емеспіз» деп айтылғаннан кейін ол шешіле алмайтын мәселеге тап болады. Ата-анасына ренжіп «сіздер маған дұрыс жол көрсетпедіңіздер», «ата-ана ретінде махаббатыңызды бере алмадыңыздар» дейтін балаларды да талай көргенмін. Бұл – бала тарапыннан дұрыс реніш.
Ата-аналардың балаларын ата-әжесіне беруіне қарсымын. Себебі бұл жағдай баланың өсіп жетілуі мен бойындағы құндылықтардың пайда болуына, тұлға ретінде қалыптасуына кері әсері етеді. Қоғамда мұндай трамвадағы балалар өте көп. Бұндай жағдайда бала шынайы өмір сүре алмай қалады. Олар тек алдамшы өмір сүреді.
Кейіпкерге кеңес
Бала үшін туған әке мен ананың орны – әлемдегі ең күшті құндылық. Сондықтан балаларды ең қымбатынан айыруға қарсымын. Кейіпкеріміздің қазір ата-әжесімен де қарым-қатынасы баяғыдай емес екенін біліп тұрмын. Бала ішкі сырын да анасына айта алмайды. Өйткені анасы балаға осы уақытқа дейін басқа адам болып келген. Әкесі де пікірін балаға өткізе алмайды. Болған қатенің орнын жоюға ұмытылып, балаға моральдық, психологиялық көмек беру керек. Мәселені шешу жолы – ашық, еркін сөйлесу.
Ата-әжелер эгоистік пікірмен өмір сүруді доғаруы керек
Ата-әжелер бала писхологиясын, бала мен ата-ана қарым-қатынасын дұрыс біле бермейді. Бала дүниеге келгеннен бастап ата-ана үшеуінің арасындағы туысқандық жақын байланыс болады. Біз мұны көзбен көре алмасақ та, бұл – олардың арасындағы нәзік байланыс. Сәби дүниеге келгеннен бастап ата-анасы оған жақын жандар екенін үйретпесе де, олардағы байланыс дами береді.
Ата-әжесімен кеткен бала ата-анасын мойындамай, бағынбай жатады. Ата-әженің қолында өскен бала ата-анасынның қасына барғанда оларды бірден жақын тартып кете алмайды. Баламен бірге өсіп, керек заттарын сатып алып беріп, қылықтары мен қызығына бірге қуанбағандықтан оның ата-анасымен байланысы тіпті алшақтап кетеді. Бала 17-18 жасқа келгенде бұл жағдайды реттей алмайсыз. Мұндай олқылықтар болмауы үшін осы нәрсенің бәрін ата-әжеге түсіндіру керек.
Басқа отбасыда өмір сүрген ата-әжелердің «мен ол баланың әкесін тәрбиеледім», «немеремді де өзім тәрбиелеп беремін» деп айтуы – қате түсінік. Ата-әже ретінде беделіңізді немерелеріңіздің алдында көтеріп, қажет нәрселерін сатып алып беріп, қамқорлық жасауға болады. Тіпті баланың ата-анасы мен ата-әжесі бірге тұрған күннің өзінде тұңғыш немерені «сіздің балаңыз деп» беру дұрыс емес. Әр баланың өз әке-шешесі бар. Ата-әжелер жеке эгоистік пікірмен өмір сүруді доғаруы керек. Баланың қиындықтары болады. Ол кейде жылайды, ауырып қалады, шошып оянады. Сол уақыттарда бала ата-анасының қамқорлығында болып, олардың қорғанышын сезініп өссе, психикасы бұзылмайды. Баланың психикасы бұзылғанын бірден көре алмайсыз. Ол 25, 30, 40 жаста көрініс беруі мүмкін. Психика бұзылды дегеніміз – араққа салынуы, ажырасуы, пара алуы, біреуге байқамай зияны тиіп кетуі сияқты жағдайларға тап болуы.
Айғаным Қуатқызы, психолог:
Әже – екінші ана, ал ата – екінші әке емес
Ата-әже мен немеренің қарым-қатынасы оның болашағы, тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуында ерекше орын алады. Дегенмен немерелерін қаншалықты жақсы көрсе де, олардың кейбір әрекетінің бала үшін кері әсер ететін тұстары да болады. Кейбір отбасыда ата мен әже бала тәрбиесін, оған деген жауапкершілікті толықтай өз қолына алып жатады. Әже – екінші ана, ал ата – екінші әке емес. Бала тәрбиесінде, онымен қарым-қатынаста әркімнің функциялары мен міндеттері болуы керек. Балаға қатысты негізгі мәселелерде ата-ана шешім қабылдауы керек. Мұндай отбасыда әке баласымен қатынаста оқшаулануға бейім болып, бала тәрбиесіне көп араласпайды.
- Анасы мен әкесі тыйым салған нәрсеге атасы мен апасы рұқсат берсе, нәтижесінде
бала манипулятор болып өседі, өтірік айтуды, барлық жағынан пайдасын табуды және кез келген жолмен қалаған нәрсені алуды үйренеді. Бала тәрбиесінде бір жүйе, бірыңғай талаптар болуы керек. - Ата мен апа баланы шамадан тыс еркелетсе, қымбат ойыншықтар сатып алып беріп, баланың кез келген өтінішін орындаса, бала тым ерке, қатыгез, ересектерге құрмет көрсе алмайтын эгоист болып өседі.
- Егер ата мен апа «Біз, сенің ата-анаңнан жақсымыз», «Біздің тамақ өз үйіңдегіден де дәмді», «Біз саған тәттілерді көбірек береміз» деп өз ата-анасының әрекеттерін құнсыздандыратын болса, бала ата-анасына бағынуды тоқтатады, олармен психоэмоционалдық байланысы үзіледі, қырсық болып өседі.
- Ата мен апа тым қамқор болып немересінің бауын байлап, ойыншықтарын жинап, мұрнын сүртіп, бала өзі жасау керек әрекеттерді жасаса, бала тәуелсіз әрекет жасай алмайтын, басқалардан көмек күтуші болып өседі.
Қарт адамдар әдетте мазасыз келеді және немелеріне қауіп төндіретін барлық нәрсеен қорғауға тырысады. Нәтижесінде бала мазасыз, қорқақ болып өседі. Сонымен қатар құрдастарымен дұрыс байланыс орната алмайтын болады.
Add comment