Сондай-ақ эмоциялық интеллектісі ойлау қабілетін де шыңдайды. Ғалымдар жасаған зерттеулердің нәтижесінде жағымды эмоциялар адамның өзіне сенімді болуына да, физикалық деңгейде де өзін жақсы сезінуіне көмектесетіні белгілі болған. Ал көңіл-күйдің болмауы жоқ жерден күрмеулі мәселе бардай сезім туындатады екен.
Лиза Фельдман Барретт, «Эмоциялар қалай пайда болады?»
Кітап авторы — нейробиолог, жүйке жүйесінің жұмысы, ми құрылысы, адамның өзін-өзі ұстауын зерттеп жүрген маман. Кітаптың бос сөз емес, нақты дәлелдерге сүйене отырып жазылуы оның құнын арттыра түсетіні белгілі. Қанша жерден ғалым жазды десек те, тілі жеңіл, оқырманды баурай алатындай қызық жазылған.
Әр адам эмоцияларды өзінше шығарады. Өйткені оны туындататын — өзі. Мысалы, сәби уайым дегенді білмегендіктен, ол эмоцияны көрсете алмайды. Бірақ уақыт өте келе үйренеді. Ми жабық қораптың ішінде жатады десек, ол сыртта болып жатқан дыбыс, дәм, иіс сияқтылар арқылы ғана ақпаратты өңдейді. Әр сезімді миымыз болжап, алда не болуы мүмкін екенін тауып отыруға әрекеттенеді. Қазіргі кездегі сезімді туындату үшін өткен шақты еске сақтап алады. Кейін сәл энергия қосып, болашаққа бағыттайды.
Біз эмоциялық тәжірибемізді жақсарту арқылы оны автоматтандыра аламыз. Сонда миымыз алдағы уақытта пазл құрастырғандай тез-ақ құрап береді. Жалпы алғанда эмоциялардың пайда болуы, эмоцияларды түсіну, басқару, өзгелердің қалауын ұғынуға көмектесетін кітап.
Ларри Сенн, «Көңіл-күй лифті. Сезіміңіз бен эмоцияыңызды басқаруды үйреніңіз»
Автордың ойлап тапқан «Көңіл-күй лифті» концепциясы әлемнің 40-тан астам елінің миллиондаған тұрғынына көмектесті деген факт бар. Біздің өміріміз көңіл-күй лифтісі іспеттес. Біз үнемі қабаттан-қабатқа ауысып жүреміз. Кейде төменгі (күйзеліс), кейде жоғары (эйфория, бақыт) қабатқа барамыз. Көңіл-күй лифтіміз бізді біресе көтереді, біресе түсіреді. Мұның бәрі біздің түрлі эмоцияны қалай бастан өткеретінімізге байланысты өзгеріп тұрады.
Күнделікті өмірде қиындықтарды қалай еңсеруіміз, сапалы өмір сүруіміз де осыған байланысты. Төменгі қабатқа қайта-қайта түсе бермеу үшін қай батырманы басып, жоғарыға көтерілу керегін жақсы білген керемет емес пе?
Тіпті төменге барғанның өзінде онда ұзақ уақыт аялдамаудың амалын тапсаңыз — ұтқаныңыз. Көңіл-күйіміздің батырмаларын өзіміз басамыз ба, жоқ әлде эмоцияларымыз ба? Міне, кітапта құбылмалы көңіл-күйді басқару, эмоцияларды түсіну, өміріңізді бақылауда ұстаудың амалдары айтылады.
Дэниел Гоулман, «Эмоциялық интеллект. Неге ол IQ-дан да маңызды болуы мүмкін»
Дэниел Гоулман — америкалық психолог, эмоциялық интеллект саласында мойындалған эксперт. Оның айтуынща, эмоцияларымыз отбасында болсын, қызмет бабында болсын жетістікке жетуімізде маңызды роль ойнайды. Осындай ойды айта келе ол эмоциялық интеллект түсінігіне тереңірек тоқталып, оны өлшеу әдісін бөліседі.
Кәдімгі интеллектіден мұның арасында қандай айырмашылық бар? Неге EQ-і жоғарылар IQ-ы жоғарылардан алда тұрады? Ашу, күйзеліс, күйбелектік, уайымшылдықтан арылудың амалы қандай? Кітаптан осы сұрақтарға жауап табуғаболады.
Кітап алғаш рет 1995 жылы басылса да, әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. Әлемнің 40 шақты тіліне аударылған. Бір ғана АҚШ-та 5 миллионнан астам данасы сатылған. Айтпақшы, кітапта автордың өз өмірінен де бірнеше нақты мысал келтіріледі. Эмоциялық интеллект көрінісінің толық анализін таба аласыз.
Джоан Деклер, Джон Готтман, «Баланың эмоциялық интеллектісі»
Бұл кітапты ата-аналар мен мұғалімдер оқып шыққаны абзал. Мұнда отбасылық қарым-қатынас саласындағы психолог Джон Готтманның жылдар бойғы жүргізген зерттеулерінің қорытындысы жазылған. Авторлардың айтуынша, эмоционал тәрбиеші һәм ата-ананың басты мақсаты — баланың эмоциясын тану, сезіну, қабылдау. Әр эмоцияны түсінуіне көмектесіп, атын атап, түсін түстеу керек дейді. Осылайша мәселені шешудің не қабылдаудың жолын көрсету қажет.
Баламен қарым-қатынас құруға қатысты нақты кеңестер расында көмектеседі. Өйткені мұнда шынайы деректер келтіріледі. Кітаптан бір мысал келтірейік.
Кішкентай баласының ашуланғандағы түрі сүйкімді болып көрінетін әкенің оқиғасы баяндалады. Әрине, 2 жасар қыздың қылығы тәтті болады. Дегенмен оның орнына өзіңізді қойып көрсеңіз, бәрі белгілі болады. Ойлаңызшы, ашуға булығып тұрғанда қарсы алдыңыздағы адам оған күліп тұрса, қандай сезімде боласыз? Осы сияқты ойлантатын біраз мысал бар.
Корнелия Спилман, «Эмоциялық интеллектіге арналған ертегілер»
Автордың 6 жасқа дейінгі балалар мен олардың ата-аналарына арналған сериялық кітаптары бар. Атап айтқанда, «Мен басқаларға қамқор болған кезде», «Мен бірдеңі қызғанып тұрғанда», «Мен ашуланған кезде», «Көңіл-күйім болмаған кезде», «Мен қорқып тұрғанда», «Мен өзіме сенімді болған кезде». Бұл кітаптарда түрлі кейіпкер бар. Мысалы «Мен ашуланған кезде» кітабында көжек балаларға өзінің ашуға берілетін кездері туралы әңгімелеп береді.
Ашу — кішкентай балалар мен олардың ата-аналарын уайымға салатын сезім. Кітапты тыңдап, суреттерін қарау арқылы балаңыз эмоциясын қалай басқару керегін, қатты ашуланып тұрса да өзін тежеп, өзгелерді ренжітпеудің жолдарымен таныс болады. Әр кітапта кейіпкер ауысып тұрады.
Эмоциялық интеллектіні бала кезден қолға алған өте жақсы. Сонда бала толыққанды болып өседі. Ал оған осы сияқты кітаптар көмектеседі. Балаңызды түсініп қана қоймай, оған да сезімдерін, эмоцияларын басқаруды үйретіңіз.
Add comment