Шағын ғарыш аппараттарының класына жататын наноспутниктердің салмағы 10 келіге жетеді. Олар бірнеше камерамен жабдықталған. Олардың бірі Жердің эллиптикалық бейнесін 4К режимінде түсіре алады. Датчиктер сәуле, қысым, ауырлық, жарық және газ құрамы туралы мәліметтерді жинап, үлкен көлемдегі мәліметтерді, бейнелер мен суреттер талдау үшін Жерге жібереді.

Бүгінгі таңда наноспутниктер әлемнің көптеген жетекші университеттерінде және коммерциялық ұйымдарда жасалады. UniSat спутниктері білім беру мақсатында әзірленген.

Бұл спутниктерді ұшырудың өзіндік мәні бар. Ол Орталық Азиядағы қыздар мен әйелдердің шексіз әлеуетін көрсетеді. Олардың ғылым мен техниканың шекарасын кеңейту қабілетін паш етеді. Биыл бағдарламаға үш елден 2000 адам қатысты. Оларды ғылым, техника, инженерия және математика саласындағы білімін арттырып, жаңа технология құрастыруға шабыттандырғанымызға өте қуаныштымыз. UniSat бағдарламасының нәтижелері қоғамдағы ғарыштық өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.

Қыздар наноспутниктерді  ҚазҰУ Технопаркінде 10 күндік марафон кезінде құрастырды. UniSat қатысушылары ғарыш аппараттарын жобалау, әрлеу, бағдарламалау және құрастыруды меңгерді. Қыздар спутник құрастырғанда бөлшектері зақым келтірмеуі үшін арнайы костюмдер киді. 

Кіріспе дәрісте спикерлер спутникті қалай жасағанын баяндады. Содан кейін  3D модельдеу негіздерін үйретті. Практикалық тапсырма орындағанда наноспутник корпустарының 3D моделін әзірледік. Спутник құрастырғанда және ұшырған кезде қандай қатерлер пайда болуы мүмкін екенін айтып берді. Біз оларды ескеруге тырысамыз.  Бұл бағдарлама маған ғана емес, жобаға қатысушы қыздардың бәріне қызық екені таң қалдырды, – деді қырғызстандық Айша Гулисбекова.

Қатысушылар ғарыш технологиялары және Жерді қашықтан зондтау орталығына барды. Қыздар алған теориялық білімдерін бірден сабақ барысында қолданды. Менторлардың жетекшілігімен олар наноспутниктердің корпустарын 3D-модельдеу арқылы жобалап, 3D принтерге басып шығарды.

«Кәдімгі пластикті қолданып 3D басып шығаруды меңгердік. Бұл технологияны ғарыш саласында ғана емес, медицина сияқты басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын. Бұл адамзат үшін де пайдалы болмақ», – деді жоба қатысушысы Жәния Көшкімбаева.

Сондай-ақ UniSat наноспутниктерінің ішкі жүйелерін бағдарламалап, оларды іске қоспас бұрын зертханалық жағдайда сынап көрді.

«Қырғызстанда 15-19 жас аралығындағы әрбір үшінші қыз компьютерлік сауаттылыққа ие және қыздардың 80%-дан астамы әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарды таңдайды. Бірақ бұл таңдау қыздардың кәсіби мүддесі мен ұмтылысын қаншалықты көрсетеді? Сондықтан 2020 жылы ЮНИСЕФ қыздарға көкжиегін кеңейтуге, гендерлік стереотиптерді жеңуге және мамандық таңдауға көмектесу үшін «Ғылымдағы қыздар» бағдарламасын бастады.

Жыл сайын 10 мыңнан астам қыз осы бастамаға қатысады. Наноспутниктерді іске қосу 2 жылдық жұмысымыздың нәтижесі ғана емес. Бұл қыздар мен жастарымыздың ғылыммен айналысуына шабыт береді», – деді Қырғызстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Юлия Олейник.

Наноспутниктер жинаған қоршаған орта туралы ұшу деректерін өңдеу, деректерді визуализациялау, миссия туралы есепті дайындау және деректерді ғылыми және практикалық мақсаттарда пайдалану ЮНИСЕФ пен ҚазҰУ онлайн-курс бағдарламасына енгізілді. Қыздар командада жұмыс істеу дағдыларын, Linux-та бағдарламалау негіздерін меңгерді. Аэроғарыштық технологиялар саласындағы жетекші қазақстандық сарапшылардың дәрісін тыңдады.

«Өзбекстанда да өзге елдердегідей әртүрлі себепке байланысты ұлдар мен қыздар арасында компьютер сауаты,ыка техникалық білім және мансап құруда айтарлықтай алшақтық бар. UniSat білім беру бағдарламасы осы алшақтықты азайтуға, қыздарды ғылым мен технология саласындағы дағдыларға қызықтыруға және үйретуге бағытталған.

UniSat Өзбекстан жастары арасында технологиялық салалардағы гендерлік мәселеге қоғамның назарын аударуға көмектеседі. Жоба қатысушылары замандастарына үлгі болып, өзіне сенім артуға жігерлендіреді деп сенеміз. Олар қыздардың кез келген салада жетістікке жете алатынына дәлел бола алады», – деді ЮНИСЕФ-тің Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Мунир Мамедзаде.

Қатысушылар ұйымдастырушылардың тапсырмасымен спутниктерге жерге қонғанда зақымданудан қорғайтын пластик аяқтар әзірледі.  Наноспутниктерді ұшырар алдында стратосферадан жерге баяу түсуіне көмектесетін парашютті жинады.

Аппаратты құрастырғаннан кейін мамандар наноспутниктер көкке көтерілуі үшін гелий шарын үрледі. Жеткілікті биіктікке көтерілген соң спутниктер жерге түсе бастады. Іске қосу кезінде қыздар Жерге радиация, қысым, гравитация, жарық, газ құрамы және ауаның ластануы туралы мәліметтерді кіріктірілген сенсорлар арқылы жерге жіберетін наносеріктерден мәліметтер жинады. Менторлармен бірге алынған деректерді талдады.

UniSat – БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру бағдарламасы. Бағдарлама мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен біліктілігін дамыту, сондай-ақ командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және креативтілік сияқты дағдыларды жетілдіру.

Елімнің өркендеуіне үлес қоса алатынымды түсінгенде жігерлене түстім. Наноспутниктер ұшыратын қазақстандық қыздардың бірі атанамын деген ой STEM-мен айналыса беруге шабыт берді. Күн санап қыздар көптеп ғылымға қызығып жатыр. UniSat жобасы маған жол сілтегендей қыздарға жалғыз емес екенін, кез келген салада жетістікке жете алатынын көрсету қажет. Әртүрлі STEM мамандықтар бойынша жұмыс істейтін әйелдер осы салада қыздардың өзін дамытуға әсер етеді, – деді жоба қатысушысы Дана.

Элизавета да мұндай шараларға қатысу, STEM-мен айналысатын қыздармен танысу жігерлендіретінін айтып, тың білім алып, жаңа дүние меңгергеніне және спикерлердің дәрісін тыңдағанына қуанышты  екенін айтты.

«Математика, физика, химиядан білімімді арттырып, биоинженерия бойынша жақсы университетке түскім келеді. Қырғызстандағы басқа да қыздарға көмектесіп, оларға үлгі болып, білім алуға, өзін дамытуға жігерлендірсем деймін», – дейді қатысушылардың бірі.

UniSat бағдарламасы Dubai Cares халықаралық білім беру қорының, «Clé de Peau Beauté» брендінің және филантроп Назанин Алакия ханымның қолдауымен жүзеге асады.