Статистика көрсеткендей, жасөспірімдер күніне 6 сағат уақытын компьютер алдында өткізеді. Балалардың шамамен 70%-ы зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрініс табатын ойындарды ойнайды. Ноттингем Трент университеті International Gaming Research Unit атты зерттеу өткізіп, қатысқан 7000 адамның 12%-ында компьютер ойындарына тәуелділік белгілері бар екенін анықтаған. Ал Гарвард университетінің психологы Мареса Орзак “компьютер ойындарын ойнайтындардың 40-80%-ы виртуал ойын әлемінің құрсауына түскен” дейді.
Адамдар компьютер ойындарының көмегімен өзін мазалайтын мәселені ұмытуға, алмастыруға тырысады. Іс-әрекет дұрыс арнаға бұрылмаса, ақиқатты виртуал шындықпен шатастыра бастайтын деңгейге жетеді.
Компьютер ойындарына тәуелділік көп жағдайда мына себептерден туындайды:
- Адамның жеке өміріндегі қызық, жарқын сәттердің болмауы. Мұндай сәтте көпшілік өмірді өзгертудің жеңіл әрі оңай жолын іздей бастайды. Осылай виртуал әлемнің есігін ашады.
- Бала шақтағы травмалар. Бала кезде ойыны қанбай қалған адамдар осы олқылықтың орнын толтыру үшін компьютер ойындарына әуестене бастайды. Көбі өзінің балалық қиялын жүзеге асыру үшін виртуал әлемге жүгінеді.
- Отбасылық жанжалдар. Ұрыс-керістен аулақ болу үшін адамдар өзі ойлап тапқан қиял әлеміне енуге тырысады. Мұндай жағдайда компьютер көмекке келеді.
- Қоршаған ортадан шеттеп қалу һәм социофобия. Тұйық, ұялшақ адамдардың біразы виртуал әлемнің көмегіне жүгінгенді жөн санайды.
- Бос уақыт. Мысалы, 9 сағат жұмыс істейтін адамның айналысатын ісі бар. Ал сол 9 сағат уақытты қайда жұмсарын білмей жүрген жан үшін компьютер ойындары оңтайлы нұсқа болуы мүмкін.
Адамның компьютер ойындарына байланып қалғанын қалай түсінеміз?
1 қаңтардан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы видео ойындарға тәуелділікті ресми түрде “аурулар мен бұзылулар” тізіміне енгізді. Аддикцияның бұл түрі халықаралық аурулар классификациясының (ICD-11) он бірінші басылымына енді. ДДСҰ мына критерийлер арқылы тәуелділіктің бар-жоғын анықтауға болады дейді:
- Ойынды басқара алмау. Компьютер ойындарына тәуелді адам күніне қанша рет ойнайтынын, қашан ойнайтынын, қашан үзіліс жасайтынын және қашан аяқтайтынын білмейді. Қанша уақыт шыдаса, сонша уақыт ойнайды.
- Ойын әрқашан бірінші орында. Тәуелді адамға білім алудан, жұмыс істеуден, адамдармен араласудан қарағанда виртуал әлемге оралу маңыздырақ. Уақыт өткен сайын бұл сезім күшейе түседі. Осылай қоғаммен байланыс үзіледі.
- Мәселелер кедергі емес. Ойынға тәуелді адам үшін жұмыстан айырылу, оқудан шығып кету немесе отбасы ішіндегі жанжалдар айтарлықтай мәселе болмауы мүмкін. Ол үшін компьютер ойындары хобби емес, тіршілік көзі саналады.
- Ойын ойнап жүргеніне ұзақ уақыт болған. Диагноз қою үшін тәуелділік кем дегенде 12 айға созылуы керек деген болжам бар. Тәуелділіктің кез келген белгісі байқалған жанға міндетті түрде көмек әрі қолдау қажет.
Америка психиатрлар қауымдастығы қосымша мынадай нұсқаларды ұсынады:
- Компьютер ойындарын ойнауға мүмкіндік болмаған жағдайда тәуелді адам алаңдап, ашуланып, қайғыра бастайды.
- Монитор алдында ұзағырақ уақыт өткізуді, бұрынғыдан да мықтырақ компьютер қолдануды қалайды.
- Виртуал әлем үшін хоббиден, шынайы өмірден бас тартады.
- Өз ісінің дұрыс емесін, жағымсыз жағы барын білсе де, компьютер ойындарын ойнауды жалғастыра береді.
- Ата-анасына, достарына және мамандарға монитор алдында қанша уақыт өткізгендігі туралы өтірік айтады.
Мамандар не дейді?
Нейробиологтардың зерттеуіне сүйенсек, психоактив препараттармен қатар виртуал ойындар да тәуелділік тудырады. Монитор алдына отыра салысымен компьютер ойындарына тәуелді адам миының ләззат алуға жауапты аймақтары белсенді жұмыс істей бастайды. Нашаға тәуелді адамның миы да есірткіні көргенде осындай күй кешеді.
Психоактив заттар бауырға, миға, өзге де ішкі органдарға әсер етіп, денсаулықты зақымдайды. Компьютер ойындары жанама түрде зиян тигізуі мүмкін. Мысалы, адамның қимыл-қозғалысы шектелуі, жеке гигиенасы мен ұйқысы бұзылуы, көзінің көру қабілеті төмендеуі мүмкін.
Не істеу керек?
Тәуелділікті нақты ауру ретінде қарастыру дұрыс емес, өйткені ол психикалық мәселелердің себеп-салдарынан туындайды. Тәуелділіктің тамырын басып, онымен арнайы күресу маңызды. Оны емдеу үшін мамандар психотерапия, дәрі-дәрмек, тіпті гипноз қолданады. Аутогендік тренинг, психосинтез, отбасылық және мінез-құлық психотерапиясы да пайдалы.
Көптеген маман есірткіге немесе ішімдікке байлаулы жандарды емдеу жолы қандай болса, компьютер ойындарына тәуелді адамдарды да солай емдеу керек деп санайды.
Егер емделуші кәмелетке толмаған болса, ол үшін отбасының көмегі мен қолдауы маңызды болмақ. Психотерапевт көмегіне жүгіну де өте маңызды. Клиникалық психолог немесе психиатр адамның неліктен виртуал ойындарды шамадан тыс ойнайтынын анықтауға көмектесіп, одан арылудың тиімді әдістерін бөліседі.
Жағдай ушыққан шақта дәрі-дәрмекке жүгінген жөн. Бұл терапия тікелей күйзеліс пен ұйқысыздықтан, ашушаңдық пен мазасыздықтан арылуға бағытталған. Мамандар көбіне тыныштандыратын дәрілерді тағайындайды.
Егер адам өзінде бар мәселені мойындамаса, арылуға ұмтылмаса, оған қол ұшын созу қиынға соғады. Өз іс-әрекетіне саналы түрде баға беретін, өзгеруді, тәуелділіктен арылуды қалайтын адамға көмектесу оңай.
Адамның қалыпты жағдайға қашан оралатынын дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ мынадай заңдылық бар: компьютер ойындарына бағынышты болғанына 2 жыл болған адамнан, виртуал әлемге аяқ басқанына 6 ай болған адам тезірек емделеді. Бастысы, мамандардың айтқанын бұлжытпай орындау керек.
Add comment