Үздіктер ақшалай сыйақыға ие болады
– Naiza Awards номинациясы спортшылар үшін өте керек деп ойлаймын. Өйткені ММА жан-жақты дамып, ММА саласындағы әр түрлі мамандықтардың пайда болуына, жетілуіне жол ашты. Бұл отандық ММА индустриясы үшін үлкен жетістік. 2021 жылы «Naiza» промоушені 9 турнир өткізіп, 103 тартысты жекпе-жектің куәсі болдық. Көрермендер керемет нокауттарды, камбэктерді және тартысты жекпе-жектерді тамашалады. Сондықтан өткен жылдың үздік көрсеткіштерін ескеріп, Naiza марапатын өткізуді жөн көрдік. Жеңімпаздар Naiza Awards мүсіншесімен марапатталып қана қоймай, ақшалай сыйлыққа да ие болады», – дейді лига президенті Нұрбек Қарабала.
Аралас жекпе-жек әлеміне ғана емес, қалың жұртқа танымал спортшы Ардақ Назаров та Naiza Awards жобасының берері мол екенін айтып, бұндай шараның тұрақты түрде өткізу керектігін жасырмады.
– Шыны керек, мұндай іс-шара бұрын соңғы ММА тарихында болған жоқ. «Naiza» тұжырының үздіктерді анықтап, марапаттауы жас спортшыларға мотивация беріп, үлкен ареналардан көрінуіне ықпал етеді. NFC тұжырымы қазаққа арналған жоба деп айтуға болады. Ертең осы тұжырымда тәжірибе жинаған спортшылар әлемдік ареналарда еліміздің атын шығарып, абыройын асқақтатады деген сенімдемін. Сондықтан тұжырымның айына бір емес, бірнеше турнир өткізгенін қалаймыз. Қолымыздан келгенше көмегімізді беріп, ақыл-кеңесімізді айтуға дайынбыз. Ал номинацияларға келер болсақ, ең үздік жекпе-жек ретінде Асу Алмабаевтың бразилиялық спортшыға қарсы өткізген кездесуін айтар едім», – деді Ардақ Назаров.
Кіл мықтыда кім мықты?
2021 жылдың «Жыл проспектісі» номинациясы бойынша «Dar Pro Team» командасының мүшесі Қазбек Сағын жеңімпаз атанды. Расында, үміткерлер арасынан Қазбекті «Жыл проспектісі» атағына лайықты деуге болады. 29 жастағы спортшы қоян-қолтық ұрыстан үшінші рет әлем чемпионы атанып қана қоймай, NFC тұжырымында екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де уақытынан бұрын жеңіске жетті. Үміткерлер арасында Қазбектің командаластары Елшат Дауров, Гамлет Асанов және белорусиялық спортшы Витал Павловский мен Роман Жомарт болды.
Аралас жекпе-жектің ардагері Ержан Естановтың NFC 34 турнирінде жасаған әдісі жылдың үздік сабмишені атанды. Отандасымыз әзірбайжандық Руслан Маммадовтың аяғына жасаған (рычаг колена) әдісі сирек кездесетін самбишеннің түрі саналады. Қазбек Сағын, Асылжан Таскет, Елшат Дауров және Имран Тайсұлтанов сияқты сайыпқырандардың алдын ораған Ержан Естанов жеңісіне сенімді болса керек.
– Шыны керек, жылдың үздік сабмишені атағы бұйырарын сездім. Өйткені бұндай әдіс қиын, әрі сирек жасалады. Сондықтан жыл қорытындысы бойынша үздік деп танығанына қуаныштымын. Әрине, басқа қазақ бауырларымыздың жасаған әдістері де нашар емес, бәрінікі де ерекше. Бәлкім жас бауырларым жасымды сыйлап, жеңісті маған берген болар. Десе де, NFC тұжырымы өнер көрсетуге мүмкіндік берсе тағы түрлі-түрлі сабмишендер көрсетуге дайынмын. Тұжырымның чемпиондық атағы үшін де жұдырықтасқымыз келеді. Бірақ чемпиондық белбеу өзге ұлт өкілдерінің спортшыларында болса ғана», – дейді Ержан.
NFC тұжырымының белбеуіне екі мәрте үміткер болған Серікбай Ходжабай «жыл апсеті күтпеген нәтиже» номинациясын жеңіп алды. Ол NFC 33 турнирінде М-1 тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған Хамзат Долгиевпен жұдырықтасып, сенсация жасады. Расында, Серікбайға сенгендердің қатары сирек еді. Дегенмен отандасымыз атышулы Долгиевті уақытынан бұрын жеңіп, көпшілік күтпеген нәтижеге қол жеткізді. «Жыл апсеті» номинациясына Жұман Жұмабековті жеңген Айжігіт Еркебайұлы, Сора Рахмонованы ұтқан Вероника Борисова және бірнеше ұйымның чемпиондық белбеуіне таласқан Вадим Малыгинды тұқыртқан Асет Анарбаев үміткер болған еді. Айтпақшы, Вероника Бориосва қыздар арасындағы жылдың үздік спортшысы атанды. Ол NFC 31 турнирінде Сора Рахмонованы, NFC 35 турнирінде Нұрсауле Сархадты айқын басымдықпен жеңіп, 61 келідегі чемпиондық атаққа бірден-бір үміткер екенін дәлелдеді.
«Жыл жекпе-жегі» номинациясы бойынша жеңімпаз ретінде Фаниль Рафиков пен Ильдар Құдайбергенов арасындағы кездесу танылды. Бұл номинацияға үміткер болған әр жекпе-жекті үздік деп атауға болады. Сержан Сапарғалиев пен Григорий Попов арасындағы қызыл-ала қанға боялған айқас та көрерменнің көзайымы айналғаны анық. Әліби Ыдырыс пен Аслан Өтеғалиевтің чемпиондық белбеу үшін өткізген жекпе-жегі де тартысқа толы болған еді. Дегенмен Ильдар мен Фаниль көрермен қауымға естен кетпес кеш сыйлап, шаршы алаңда жанын салып айқасып, жыл жекпе-жегі атағына лайықты екенін көрсетті.
«Жылдың үздік спортшысы» атағы 70 келідегі тұжырым чемпионы Ильдар Құдайбергеновке бұйырды. Тағдырдың тауқыметімен 8 жылға темір торға тоғытылса да рухы сынбай, жігері жасымаған спортшының өз мақсатына деген беріктігі көпшілікке мысал бола алады. Расында, ұзақ уақыт үзілістен кейін спортқа қайта оралған Ильдар тұжырым аясында төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Үшінші жекпе-жегінде тұжырым чемпионы Фаниль Рафиковтан басым түсіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Сондай-ақ чемпиондық атағын тәжірибелі Серікбай Ходжабаевқа қарсы қорғап, белбеуін сақтап қалды.
Жанкүйерлер үшін де, комисия мүшелері үшін де «жыл нокаутын» таңдау қиынға соққаны анық. Өйткені номинацияға үміткер болған әр нокаут ерекше әдемі. NFC 34 турниріндегі Архат Мыңбаевтың хай-кик соққысымен жасаған нокауты, дәл осы турнирде Арман Әшімовтің бүйірден ұрып құлатқанын да үздік деп тануға болады. Одан бөлек, Елжан Алиасқардың жеңілмеген қарсыласын 18 секундта қалың ұйқыға жіберуі де көрерменнің көз алдында. Асу Алмабаевтың да бразилиялық Кайк Аленкарды «апперкот» соққысымен құлатқанына да үздік нокаутқа лайықты. Дегенмен «жыл нокауты» номинация бойынша Айжігіт Еркебайұлының Жұман Жұмабековке қарсы чемпиондық жекпе-жекте жасаған нокауты жеңімпаз атанды. Дегенмен Айжігіт «жылдың үздік нокауты» нұсқасы бойынша жеңімпаз атанатына сенбеген екен.
– Шыны керек, менің нокаутым жылдың үздік нокауты атанатына сенген жоқпын. Өйткені Асу Алмабаев сияқты ағаларымыздың нокауты менікін де күшті еді. Әлбетте, бұндай атақты иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл маған үлкен мотивция береді. Болашақ та тамаша өнер көрсетіп, үлкен жеңістерге қол жеткізгім келеді. Бірақ енді қазақ бауырларымызбен жұдырықтасқым келмейді. Одан да, басқа ұлт өкілдерімен шығып, қазақ бауырлардың маған қолдау көрсеткенін қалаймын. Дегенмен чемпиондық белбеуімді қорғағаннан кейін 66 келіге ауысып, сол салмақта чемпион атануды көздеймін», – дейді жыл нокауты номинациясының жеңімпазы.
«Жылдың ең үздік командасы» атағына талантты спортшыларға қолдау көрсетіп, үлкен жетістікке жетуіне жол ашып жүрген DAR PRO TEAM командасы ие болды. Сөзсіз, DAR TEAM командасы бұл атаққа лайықты. Ал жылдың «ең үздік бапкері» талай сайыпқыранның томағасын сыпырған, кішкентай ғана залдан үлкен чемпиондарды шығарған Айбек Шоқпытов атанды. Расында, Айбек ағайды қазақ ММА спортына қосқан үлесі орасан зор.
Add comment