Computer vision syndrome — компьютер, планшет және смартфонды жиі қолдану салдарынан әртүрлі көз ауруының туындауы. Уақытылы тексерістен өтпеген жағдайда көру қабілеті анағұрлым күрделі проблемаларға айналуы мүмкін.
Орта есеппен адам компьютер алдында күніне 7 сағат өткізеді. Зерттеулерге сүйенсек, компьютермен жұмыс істейтін адамдардың 50%-дан астамында бұл синдромның белгілері бар. АҚШ Ұлттық еңбекті қорғау институтының мәліметінше, сomputer vision syndrome-ның күніне кемінде 3 сағат уақытын компьютер алдында өткізетін адамдардың 90%-ында кездеседі екен. Айта кетерлігі, бұл синдром балаларды да айналып өтпейді. Гаджетпен ойын ойнайтын немесе мектепте күні бойы компьютер қолданатын балалар да көру қабілетін зақымдап алуы мүмкін.
Computer vision syndrome симптомдары:
- Көз өткірлігі жоғалады. Адам қарағанда заттар бұлыңғыр болып көрінеді, кейде олардың сұлбасы екіге бөлініп кетеді.
- Көз шаршайды. Кітап оқығанда, мониторға қарағанда әріптер, сандар мен суреттер бұлыңғыр бола бастайды.
- Бас ауырады.
- Көз ашиды.
- Көз қызарады. Көзді қозғалтқан кезде ауырсыну сезіледі.
- Мойын мен арқа ауырады.
- Белсенділік, өнімділік төмендейді. Адам тез шаршағыш болады.
Гаджет пен компьютер өздігінен көру қабілетін нашарлатпайды. Басты фактор — оларды дұрыс қолданбау.
Бұл синдром мына себептерден туындайды:
- Адамның көзі жаратылысынан монитормен жұмыс істеуге арналмаған. Компьютер экранында көрсетілген суреттер мен жазуларға қарау арқылы адам көз бұлшықеттерінен көп күш талап етеді. Кітапқа қарағанда компьютерде контраст басым, ал күнмен шағылысудан пайда болатын сәулелер жағдайды ушықтыруы ғажап емес.
- Біздің көзіміз ылғалданып тұруы қажет, бұл функцияға көзден шығатын жас жауап береді. Адам қалыпты жағдайда минутына 15 рет немесе әр 4 секунд сайын көзін жыпылықтатады, ал компьютермен жұмыс істеген кезде орташа есеппен минутына 6 рет кірпік қағады. Нәтижесінде көз қабығына ылғал жетіспей, ыңғайсыздық туындайды. Бұл дискомфорттың күшті не әлсіз болуы монитордың алдында өткізген уақыт пен әр адамның жеке денсаулығына байланысты. Сондықтан кей адамда ыңғайсыздық сезімі уақытша болса, миопия мен гиперопияға бейім жандардың уақыт өте келе көру қабілеті нашарлауы ықтимал.
- Computer vision syndrome факторларының бірі дұрыс таңдалмаған көзілдірік пен контактілі линзалар болуы мүмкін. Адамға ыңғайлы болмаған жағдайда, көзге жүк түседі. Барлық көзілдіріктің компьютермен жұмыс істеуге жарамайтынын есте ұстаған жөн.
- Компьютермен жұмыс істейтін адамның отырғандағы позасы дұрыс болмаса, мойын остеохондрозы туындайды.
- Көзбен монитор арасындағы қашықтықты бақылауды ұмыту да көру қабілетіне кері әсер етеді.
Көзімізді қалай қорғаймыз?
- Көзді тынықтыру. Үзіліс кезінде көзге арналған гимнастика жасау пайдалы: көзді бір нүктеден екінші нүктеге аудару, көзілдірік әйнегіндегі белгіге назар аудару немесе жай ғана көзді жұмып отыру қажет. American Optometric Association ұсынған 20/20/20 ережесіне де зер салыңыз: әр 20 минут сайын 20 секунд бойы 20 фут (6 метр) қашықтықта орналасқан затқа қараңыз.
- Дәрігерден кеңес. Тексеріліп, кеңесу үшін офтальмологқа жүйелі түрде барып тұрыңыз. Мазалаған мәселе туралы хабарлаңыз. Сізге көзілдірік немесе контактілі линзалар қажет болуы мүмкін. Дәрігер компьютермен жұмыс істеу үшін әдеттегі көзілдірік тағуға болатынын немесе арнайы көзәйнек қажет екенін шешеді.
- Экран параметрлерін өзгертіңіз. Көздің шаршауының бір себебі — экранның контрасты мен тым жарық болуы. Экран жарығының бөлмедегі жарықпен сәйкескені абзал. Өзіңізге қолайлысын тапқанша монитор жарығы мен контрастты, қаріп өлшемін таңдаңыз. Сәйкесінше экранның күндізгі және түнгі режимдерін қосуға болады.
- Мониторды шағылысудан қорғау керек. Компьютер экранына күн сәулесі түссе, контраст азаяды, сондықтан мониторға қаттырақ үңілуге тура келеді. Оның көзге зиян екенін жоғарыда айттық. Мұның алуан түрлі шешімі бар: компьютер экранын жылжыту, пердені жабу, экранды дақ пен шаңнан тазарту, шағылысудан қорғайтын сүзгі орналастыру, жарқылға қарсы жабыны бар монитор сатып алу және тағы басқалары.
- Көзілдірік. Компьютерге арналған көзілдірік арнаулы линзаларының арқасында көздің шаршауына кедергі келтіреді. Линзасы сапалы, жарқылға қарсы жабыны бар, бет пішініңізге сәйкес келетін көзілдірік таңдасаңыз болғаны.
- Жұмыс орны. Көзіңізден мониторға дейінгі қашықтық кемінде 50 сантиметр болуы керек. Диагоналы 20 дюймнен асатын экрандар үшін кемінде 70 сантиметр қашықтық ұсынылады. Компьютер экраны көз деңгейінен 15-20 градус төмен орналасқаны жөн. Осылайша сіз тек көзіңізді ғана емес, мойын мен арқаңызды да қорғайсыз.
- Көз тамшылары. Дискомфортты болдырмаудың тиімді жолы. Қазіргі таңда көзді ылғандандыратын препараттар жетерлік. Бастысы – офтальмологпен кеңесуді ұмытпаңыз.
Add comment