ГлавнаяБлог

Солақайлар мен оңқайлар, амбидекстрлер: айырмашылықтар туралы ғылым не дейді?

2020 жылы Каподистрия атындағы Афина ұлттық университеті мен Ұлыбританиядағы Сент-Эндрюс университеті бастаған Еуропа зерттеушілері 2 миллион адам қатысқан зерттеудің нәтижесінде «Әлем халқының 10,6%-ы – солақай» деген тұжырымға келді. Бұл - шамамен 800 миллион адам. Бүгінге дейін осы тақырып біршама зерттелді, нәтижесі назарларыңызда.

Генетика

Сіз білесіз бе? 10 шимпанзенің 7-еуі – оңқай болып туады, ал кенгурулар — түгелдей дерлік солақай. Еркек мысықтар – солақай, ұрғашы мысықтар оңқай келеді. Адамдарға қатысты деректер мүлдем басқа. Оңқайлардың үлесі басым, солақайлар жер халқының тек 10%-ын құрайды.

Осы уақытқа дейін оң және сол жақ ми сыңарларындағы гендік айырмашылықтар адамның бір қолды жақсырақ пайдалануына жауап береді деп болжап келдік. 1980-жылдары жүргізілген ультрадыбыстық зерттеулерге сәйкес, жүктіліктің 8-аптасынан бастап құрсақтағы баланың сол немесе оң қолды жылжыту функциясы дамиды. Ал жүктіліктің 13-аптасынан бастап, құрсақтағы сәбилер не оң, не сол қолдың бас бармағын сора бастайды. Балалар түсінікті сөйлей бастағанда, шамамен 3-4 жасында жетекші қолының қайсысы екенін нақты анықтайтын болады.

Қол мен буындардың қозғалысы бас ми қабығынан басталады. Ол жұлынға тиісті сигнал жібереді, жұлын қозғалысқа жауап береді. Дегенмен әу баста-ақ бас ми қабығы жұлынмен байланысты болмаған. Арада сигнал пайда болғанға дейін, жұлында қозғалыс нышаны айқындала бастайды. Сондықтан зерттеушілер оң немесе сол жаққа артықшылық берудің себебі миға емес, жұлынға негізделуі керек деп болжайды.

Ғалымдар жүктіліктің 8-ші және 12-апталарында қол мен аяқ қозғалысын басқаратын жұлын сегменттеріндегі гендердің айқындала бастауын талдап, 8-аптада оңнан солға қарай айтарлықтай айырмашылықтарды анықтаған. Тағы бір зерттеу көрсеткендей, құрсақтағы балалар қолдарымен ассимметриялы қозғалыстар жасайды екен.

Адамның оңқай не солақай болуына 25% ғана тұқым әсер етеді. Қалған 75%-ы қоршаған ортадағы түрлі факторға байланысты. Туған, өскен еліңіз аса маңызды. Солақайлықпен күрес болды ма, болмады ма? Мектепте, үйде сол қолмен жазу жазуға не тамақ жеуге тыйым салған кездер болды ма? Түрлі себеп адам ағзасына, әдетіне әсер етеді. Түптеп келгенде жынысыңыз да роль ойнайды. Статистика бойынша, әйел адамдарға қарағанда еркектер солақай болуға бейім келеді екен.

Алып-қашпа әңгімелер

«Оңқайлардың IQ деңгейі әлдеқайда жоғары болады екен. Солақайлар шығармашылыққа жақын келеді» деген талай әңгімені естіген шығарсыз. Шын-өтірігін анықтап көрдік.

  • «Солақайлардың миы ақпаратты тез өңдейді». Кейінгі зерттеулер нәтижесінде солақайлар мен оңқайлардың ойлауында айтарлықтай айырмашылық жоқ екені анықталды, қос тараптың танымдық қабілеттері де, тіл үйренуі мен дамытуы да, шамамен бір деңгейде.
  • «Солақайлар түгелдей дерлік мидың оң жақ сыңарын пайдаланады». Мидың оң жақ сыңары дененің сол жағын, ал сол жақ сыңары дененің оң жағын басқаратыны рас. Ми сыңарлары түрлі функция атқаратыны да шындық. Жаңа Зеландиядағы Веллингтон университетінің когнитив және аффектив нейробиология зертханасының директоры, философия ғылымдарының докторы Джин Гримшоудың айтуынша, оңқайлардың 98%-ы, солақайлардың 70%-ы мидың сол жақ сыңарын пайдаланады. Логикалық ойлау, фактілерді талдау, тілдік қабілеттер, сөйлеу техникасы мен басқаларына мидың сол жақ бөлігі жауапты екенін ескерсек, ақиқатқа бір табан жақындай түсеміз.
  • «Солақайлық жүктілік кезіндегі стреске байланысты болуы мүмкін». Британдық зерттеуде күйзеліске ұшыраған жүкті әйелдердің балалары құрсақта жатқанда оң қолынан гөрі сол қолымен бетін жиі ұстайтыны жазылған. Басқа да дәлелдер осы теориямен ұқсас. 2008 жылы аналар мен олардың 5 жасар балаларына арналған швед зерттеуінде жүктілік кезінде депрессияға ұшыраған әйелдердің көбінде солақай балаларды дүниеге әкелу мүмкіндігі жоғары екендігі расталған.
  • «Таңдауға әсер етеді». Қоғам оң жақты позитивпен, сол жақты негативпен байланыстыруға құмар. 2009 жылы Стэнфорд университетінде қызық зерттеу жасалған. Қатысушыларға 2 бағанда орналасқан суреттер, иллюстрациялар, векторлар көрсетіліп, тартымды, мағыналы көрінгенін таңдау керегін айтқан. Сәйкесінше оңқайлар оң жақтағы, солақайлар сол жақтағы бағанды таңдаған. Оңқайлар жақсы нәрселер оң жақта, солақайлар жақсы нәрселер сол жақта деген пікірде. Айтпақшы, адамның оңқай не солақай болуы, сайлау кезінде кімге дауыс беретініне де әсер етуі мүмкін.

Амбидекстрия туралы бір ауыз сөз

Амбидекстр — миының қос бөлігі де жақсы дамыған адам. Олар сол қолымен де, оң қолымен де жұмыс істей алады. Статистикаға сәйкес, адамдардың 1%-ға жетер-жетпесі ғана — амбидекстрлер. Олар екі қолын да пайдалана алатындықтан біршама спорт түрлерінде жетістікке жетеді. Музыкада амбидекстр барабаншылар ерекше бағаланады. Сондай-ақ Леонардо Да Винчи амбидекстр болған, тіпті кей туындыларын сол қолымен салған деседі.

Керек дерек

1996 жылы Гарвард медициналық мектебінің ғалымдары хирург-ортопедтер, кітапханашылар мен математиктер негізінен оңқай, ал адвокаттар мен сәулетшілер солақай адамдар екенін анықтады. Айтпақшы, «Аполлон» ғарыш бағдарламасының ғарышкерлерінің төрттен бір бөлігі негізінен сол қолымен жұмыс істеген, сондықтан солақайлардың ғарышқа деген ерекше құмарлығы болуы әбден мүмкін.

Солақай адамдар артрит пен асқазан ойық жарасына көп шалдықпайды және инсульттeн тезірек жазылуға бейім. Солақайлар жол апатына сирек ұшырайды, көбіне мұқият жүруге тырысады. Олар бәсекелестікке бейім келеді. Солақайлар сол қолынан бөлек, оң қолымен түсініктірек жазады, оңқайлар бұл жағынан ақсап тұр.

Йель университетінің зерттеушілері психиатриялық клиника пациенттерімен сұхбаттасу барысында, шизофрения немесе шизоэффектив бұзылыс диагнозы қойылған адамдардың 40%-ы солақай екенін анықтаған. Ал 2007 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесі солақай әйел кісілерде сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі жоғары екенін көрсетті. Солақайларда ұйқының бұзылуы да жиі байқалады екен.

Зер салыңызшы, компьютер, телефон мен фотоаппараттың маңызды батырмалары көбіне оң жақта орналасады. Қайшыны сол қолға алып, қағаз қиюдың қандай қиын екенін елестетіп көрдіңіз бе? Дастархан басына отырарда біреудің шынтағын қағып жібермес үшін оңашарақ орын іздеп пе едіңіз? Олар сызғыш пайдаланғанда, өлшем-бірліктерді қолы жауып қалады. Ұзынырақ сөйлем жазса, қолына сия жағылады. Шертпе аспаптардың бірі де солақайларға арналмаған. Бұл тізімді жалғастыра берудің мәні жоқ. Оларға «оңқайлар әлеміне» бейімделуге тура келеді. Жер халқының оннан бір бөлігі солақайлар болса, қоғам мұны ескеру керек деп ойламайсыз ба?