ГлавнаяБлог

Войта, Бобат терапия, балалар массажы: Елордадан орталық ашу үшін не істеу керек?

Елордада заманауи массаж методикаларымен жұмыс істейтін Sabi Health орталығы бар. Орталық мамандары түрлі диагнозы бар балаларды көп жерде табыла бермейтін войта терапия, Бобат концепциясы бойынша оңалту әдістемелерін жақсы меңгерген.

Жас анадан білікті маманға дейін

2007 жылы ұлым дүниеге келді. Сол кезде балаларға массаж жасайтын мамандарды іздедім. Үйге келіп жасайтындарының жұмысына көңілім толмады. Олар құдды өзінің не істеп жатқанын түсінбейтіндей көрінді. Бірақ сұрастырсаң, 20-25 жылдық тәжірибесі бар болып шығады.

Ал балаға жақсы әсер беру, ауырса, емдеу үшін дене құрылысын жақсы білу, сезіну өте маңызды. Емханаларда жасайтындары жай ғана сылап-сипап, шығарып салуы мүмкін. Сөйтіп, бұл сала мені қатты қызықтыра бастады. Толыққанды қолға алып, бет бұрғаныма биыл — 14 жыл. Негізгі мамандығым бойынша фельдшермін. 

Балалар массажына медицинада салғырттау қарайды. Дәрігерлердің нұсқауын қарасаңыз, соңғы жағында, ата-ананың қалауына қарай деп тұрады. Алдыңғы қатарда дәрілер шығып кеткен. Ал шындығында біраз дерттің емін массаждан табуға болады.

Мен бұл салаға енді кірісе бастағанда қазіргідей ақпарат көп болмады. Интернет қатты дамымаған. Содан Ресейден кітаптар алдырып оқып жүрдім. 2013 жылы Ақтөбеден Астанаға көшіп келдік. Бас қаладағы ахуалды біртіндеп зерттей бастадым. Бастапқыда өзім үйді-үйге барып жасайтынмын. Кейін кабинет ашу туралы ойланып, алғашқы кабинетті сол жағалаудан, өз қаражатыма аштым.

Уақыт өте келе 20 шаршы метрлік бөлме тарлық етті. Клиент көп болғаны сонша — сыймай кеттік. Кейін одан бес есе үлкен ғимаратқа көшіп, сол жерде 3-4 кабинетте қабылдадық. Бір клиниканы пандемия кезінде жабуға тура келді. Біздегі әзірге бір кемшілік — ғимаратты жалға алатынымызда. Әрі қалауыңа толықтай сәйкес келетін жер табу оңай емес. Мәселен, клиенттеріміздің көбі Нұр-Сұлтанның сол жағалауында тұрады. Дегенмен орын табу өте қиын. Айталық, Жағалау жақтан ғимарат қарап жүргенімізге 2 жыл болды. Әлі таппадық.

Орталық ашарда нені ескеру керек?

Жалпы алғанда массаж кабинетін ашу үшін арнайы лицензия қажет емес. Кабинет ашу үшін бар болғаны кушетка, май, жаялық сияқты заттар ғана керек. Сонымен бірге кіретін есігі бөлек, алдында пандус болғаны тіпті жақсы. Әрі балалармен жұмыс істейтіндіктен, олардың жылайтыны бар. Демек, көрші кабинет не ғимараттағыларға естіліп, олардың мазасын алмауымыз қажет.

Сол сияқты іші өте әдемі болса да, сұлулық салонымен бір ғимаратта орналаспағаны дұрыс. Себебі ол жердегі бояулардың исі балаларға зиян. Болмаса, жалға алатын кезде қанша уақытқа алатыныңызды келісіп, бекітіп алмасаңыз, күні ертең орынды босатуды сұрайтындар болады. Міне, осы сияқты кішігірім ескеретін жайттар бар.

Айтпақшы, балалар массажына қоса, оңалту орталығы ретінде ашатын болсаңыз, оған лицензия міндетті. Одан соң құжат жүргізу аздап қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ бұлар түк емес.

Осы салада кәсіп бастағысы келген адам бірінші кезекте, білім мен білікке мән берсе деймін. Олай дейтін себебім, қазіргі аналар өте талапшыл. Нарықта сұраныс жоғары. Көлденең келген көк аттыға әлпештеп отырған баласын тапсырып қоя салмайды. Ұнамаса, басқа жерге барады. Маман болғандықтан, массаждың бір курсы барысында анализ жасап, нәтиже бар ма, шықпай жатса, қандай әдіске ауыстыру керек — бәрін талдап отыру қажет. Массажистің қолы сканер сияқты, бәрін сезіп отыруы міндет. Тіпті баланың неге жылап жатқанын да білу керек. Оның бір жерін ауыртып істеп жатсыз ба, жоқ әлде жай жылау ма? Осыны да ажырата алатын қабілеттің болуы маңызды. 

Осы күнге дейін «Атамекеннің» барлық деңгейін оқыдым. «Дамуға» да өтінім бергем. Одан бөлек, Америка және Жапония елшіліктеріне де бағдарламаларына сәйкес қылып, талай хат жолдағам. Еш жерден қолдау таппадым. Бірақ соған қарамастан, жұмысымды тоқтатпай келемін.

Қазіргі уақытта бас қалада төрт жерде қабылдаймыз. Түсінгенім, массажды кәсіп қылғысы келетіндерге үлкен емханадан гөрі кабинеттер ыңғайлы екен. Әрі атымызды шығарып, сапалы қызметімізді дәлелдеп үлгергендіктен, келушілер барған жерінің жарқырап, «қымбат» көрінгеніне емес, массажист маманның кәсібилігіне көбірек мән береді.

Курстарға кеткен миллиондар

Жеке кәсіпкер болғандықтан, бәріне қаражат табу оңай емес. Әрі үнемі дамып отыруды талап ететін сала болғандықтан, шетелден жаңа әдіснамаларды үйреніп, курстарын оқуым керек. Ал оның құны қымбат. Мәселен, соңғы оқыған курсым Мәскеуде өтті.

Бір циклі — 1 миллион теңге. Оған қоса, барып-келетін билет пен жататын жер бар. Ешқашан осы білгенім жеткілікті деп отыруға болмайды. Білім мен білікті үздіксіз арттырып отыру қажет. Кез келген кәсіпте ақша табуды ғана мақсат етсе, ісі алға жылжымайды. Кәсіпкер жанын салуы керек. 

Нұр-Сұлтаннан арнайы оқу орталығын ашқаныма төрт жылға жуық уақыт болды. Неліктен оқу орталығы десеңіз, бастапқыда алған мамандарым өзіме ұнамады. Тәжірибесі мол болса да, «мынау қандай бұлшықет?» десең, білмей тұрады. Содан ойлана келе, жинаған білімімді бөлісіп, өзім оқытқан мамандарды ғана алғаным дұрыс болады деп шештім. Өйткені осы жылдар бойы массаждың қыр-сырын білу, бірнеше түрін үйренуге қомақты қаражат жұмсадым. Қазіргі таңда қол астымда 16 массажист-маман бар. Жалпы штатта — 20 қызметкер. Қазір заман талабы сондай — әлеуметтік желідегі белсенділік өте керек. Соған байланысты осы бағытта арнайы команда жұмыс істейді. Қаржылық сауатты арттырып, соған қарай мәселелерді шешіп отырамыз. Көп жылдан бері бізге сеніп, массаждың бірнеше курсын алып, келесі баласын туғанда қайта келетіндер аз емес.

Баға бекіту, қызметкерлер жалақысы және нарық

10 шақты жыл бұрын үй аралап, массаж істегенде бағаны өзім қоятынмын. Барымды салып істейтінімді, жинаған білімім мен тәжірибемді ескеріп сол уақыттың өзінде 1500 теңгеден жасап жүргендер болса да, 3000 теңгеге жасайтынмын. Яғни әр маман өзінің бағасын жақсы біледі.

Нарыққа, бәсекелестерге анализ жасау керек, салыстыру керек деп жатады. Бірақ менде ондай жоқ. Бекітілген баға бар, қаншалықты сапалы қызмет ұсынатынымызды клиенттеріміз біледі. Әрі өзім ақылы оқып келген курстарды елге келген соң, массажистеріме тегін үйретемін. Бойына сіңіре алса, табысы да артады.

Қызметкерлеріме үнемі «қыздар, сендер — менің айнамсыңдар. Ата-аналар кабинеттің әдемілігі үшін емес, сендердің кәсіби жұмыстарыңды бағалап келеді» деп отырамын.

Басты фокусты балаға қою керек деген талабым бар. Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. Бастапқыда орталықтағы барлық маманның, соның ішінде менің де қабылдауымның құны бірдей болды. Көпшілігі «сенің категорияң жоғары, бағаңды да өсіруің керек» деді. Мен біраз уақыт бойы олай істей алмай, ұялып жүрдім. Бірақ шынында көп ресурс шығарып, орны толмайтын болса, шаршайды екенсің. Содан ойлана келе, оқытуым мен массажымның құнын өсірдік. Қалай қымбаттаттық, бірден құштарлық оянды. Ілініп-салынбай, қайта қуанып баратын болдым. Түйгенім — құныңды түсіріп, «осы да жетеді» деп өзіңді алдаусыратпау керек екен.

Бір күні продюсерім нарықты талдай келе, біздің баға тым жоғары екенін айтты. Мен жоғарыда атап өткенімдей, бәсекелестермен таласпаймын дедім. Қазір массаждың қанша түрі бар, түрлі диагнозбен келетін балалар бар, соларды оңалта алса, әсер бере алса, қымбат баға қоя берсін. Өйткені энергиям да, қаражатым да осы жолда кетіп жатыр. Тіпті, туыстарым мініп жүрген ескі көлігімді көріп, «Оқи бергенше жақсы автокөлік мінсеңші» дейді. Бірақ жүрегім дүниеге байланбағандықтан болар, мен үшін жаңа методикаларды үйрену әлдеқайда маңызды. Бұл — инвестиция. 

Қызметкерлерге жалақы беруге келсек, жаңадан орналасқандарға табысымның 30%-ын береміз. Егер өзін өте жақсы көрсетіп жатса, 40%-ға көтереміз. Шыны керек, біздегі массажистер бір-бірінің жалақысын білмейді. Жұмыс кестесі де жарты күннен.

Жаңа әдістерді үйренген сайын сәйкесінше жалақысы да көтеріледі. Айына 70 мың теңге табатын да, 400 мың теңге табатындар да бар. Яғни қатып қалған сома жоқ. Бар болғаны жұмыс істесе, болды.

Бірақ бір ескеретін жайт — ақшаның соңынан қуып кетпеуі. Егер қалайда көп балаға массаж жасаймын деп ала берсе, ресурсының орны толмай, шаршайды. Сөйтіп, клиенттерінің көңілінен шықпауы мүмкін. «Әйтеуір жарты сағат жасап берсем болды» дегенге қарсымын. Сондықтан кімде қанша клиент барын қадағалап отырамыз. Қызметкерлеріммен жақсы байланыс болуы маңызды. Сол үшін түрлі тимбилдиң шаралар ұйымдастырамыз. Бәріміздің бір толқында болғанымызды қалаймын. Мендегі талап – осы.