Мақсат – Шарадара мекенінің тумасы. 2013 жылы осы жердегі Дарын мектебін бітіріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Математикалық және компьютерлік моделдеу» мамандығы бойынша білім алған. 2017 жылы Нұр-Сұлтандағы SMART білім орталығында жұмыс істеп, өзіне керек тәжірибе жинаған соң, туған жеріне келіп, мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындайтын Ibilim орталығын ашқан.
«Бизнесімді 20 мың теңгемен бастадым»
Бастапқыда Ibilim орталығын ашамын деп ойламадым. Елордадағы жұмысымнан еңбек демалысына шығып отбасы жағдайыма байланысты Шардараға келдім. Ол жерде алғашында такси жүргізуші болып жүрдім. Күнде кешке үйге қатты шаршап келемін. Ал айлық табысым 40 мың теңгеден аспайды. Кейде машина бұзылып қалып, тапқан табысым оны жөндеуге кетеді. Содан өзіме «Мен не істеп жүрмін?» деген сұрақ қойдым.
Кез келген адам такси жүргізуші бола алады. Ал менің оқыған оқуым, қолыма алған дипломым мен математика пәні бойынша оқушыларды ҰБТ-ға дайындаған жинаған тәжірибем бар. Соларды ойлап, дереу жалға кеңсе іздеуге кірістім. 3 жыл бос тұрған кабинетті 10 мың теңгеге жалға алдым. Жалға алған кеңсе бұрын кішігірім асхана болғандықтан, оқушыларға парта мен орындық іздеп әуре болмадым.
10 мың теңгеге маркері бар тақтаны қолдан жасаттым. Осылайша оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын ораталығым небәрі 20 мың теңгемен ашылып кетті. Сонымен жұмыс басталды.
Орталық ашылған соң оқушыларға «Келіңдер, мен орталық аштым» деп шақыра алмайтынымды түсіндім. Себебі ол жерде мені ешкім танымайды. Ойланып жүріп «ҰБТ-ға қалай дайындаламыз?» деген слайд жасадым. Ол жерде оқушыларға «ҰБТ-ға былай дайындалу керек» деп методика ұсындым.
Шардара қаласында үлкен 5 мектеп бар. Алдымен соларға кіріп шығуды жоспарладым. Әр сыныпқа кіріп, слайдты 20 минут таныстырдым. Олар «Ағай, сіз математикадан дайындамайсыз ба?» деп сұрақтар қоя бастағанда жаңадан ашқан орталығымды жарнама жасадым. Үшінші мектепке барғанда орталығыма оқушы толып, сол күйі қалған 2 мектепке бара алмай қалдым. Ол кезде қаламызда бұндай орталық болмағандықтан орталыққа 120 оқушы жинала кетті.
Орталықты алғаш ашқанда оқушыларға бір өзім ғана сабақ бердім. Қазіргі уақытта орталықта 20-ға жуық ұстаз қызмет атқарады. Бір орында тұра бермей, жаңа жылдан кейін онлайн сабақ беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта ҰБТ-ның барлық пәні бойынша оқушы дайындаймыз.
Орталықта бір айда 600 оқушы қалаған пәнін оқи алады. Былтыр біздің дайындаған 680 оқушымыздың 80%-ы білім грантын иеленді. Себебі біз тек нәтижеге жұмыс істедік. Қазір ең мықты мамандар бізде.
«Басты мақсатым – Қазақстанның білім деңгейін көтеру»
Орталық ашылғалы бір жылда 100 оқушыға сабақ беріп жүрдім. Содан бір күні былай есептедім, егер 30 жыл жылына 100 оқушыға сабақ берсем, барлығы 3 мың оқушыға ғана сабақ бере алады екемін. Бүкіл өмірім бойынша Қазақстан оқушыларының 0,6% ғана. Бұл дегеніміз – Қазақстан оқушыларының 1%-на да жетпейді деген сөз.
«Қазақстанға пайдам тимесе, не үшін мұғалім болып жүрмін?» деп ойлай бастадым. Негізгі мақсатым – Қазақстанның білім деңгейін көтеру. Сонымен оқушы санына көбейтудің қандай әдістері бар деп ойланып жүріп, онлайн сабақ беру мен кітап шығаруды таңдадым. Біздің негізгі аудиториямыз – ауыл мектептері. Ал қалада оқушылардың бәріне мүмкіндік бар. Балаңыз бен қызыңызды қалаған курсыңызға бере аласыз. Ауылда мүмкіндік аз.
«Кітапты жасап шығаруға 3 миллион теңгедей қаржы кетті»
Оқушыларға сабақ беріп жүріп, 1,5 жылда «Математикалық сауаттылық» кітабын жазып бітірдім. Кітаптың шығуының артында өте үлкен еңбек тұр. Бірінші есепті құрастырып, оны шығарып, кейін шығару жолын көрсетіп видео түсіреміз. Кітаптың дизайнын да бәрін өзім жасап шықтым. Кітапты жазып шығаруға ең керегі – компьютер, графикалық планшет, фотоаппарат және шамамен 3 миллион теңгедей қаржы.
Біз шығарған «Математикалық сауаттылық» – тек кітап емес, оқушыға арналған курс. Былайша айтқанда, қағаз жүзіндегі сайт деуге болады. Оны сіздерге былай түсіндірейін.
Математикалық сауаттылық кітабының ішіндегі есептердің шығару жолдарын арнайы QR-кодпен видеосын ашып, телефоннан көре аласыз. Кітапта ҰБТ-да келуі ықтимал 1020 есеп бар. Қазір бұл кітаппен өзім сабақ бермесем де, Қазақстанның басқа қалаларында оқушылар өздері оқи береді. Басында кітапты алған әр оқушыға есептің видеосын жібереміз деп ойладық. Кейін QR еске түсіп, кітапқа оны да кірістірдік.
Қазіргі таңда математика, физика, химия, ағылшын бойынша тағы кітаптар жазып жатырмыз. Неге біз бұл саланы таңдап алдық? Себебі бұл пәндерде әр сұрақ түсіндіруді талап етеді. Ал тарих кітабын жазбаймыз. Себебі тарих түсіндіруді талап етпейді, оқушы тек болған оқиғаны жаттайды.
«Математикалық сауаттылық» кітабының бағасы – 6000 теңге. Ал курстың бағасы – 10 000 теңге. Ауылдың адамдары 6000 теңгені қымбатсынғаны үшін қазір 4500 теңгеге түсірдік. Бұл бағаға почтаға салып жіберу бағасы да кіреді.
Бұл кітап – жеке жоба. Арнайы білім және ғылым министрілігі мақұлдамаған. Қазіргі таңда кітап ақшасын ақтап жатыр. Алғашқы кітабым 2020 жылдың желтоқсан айында шығып, биылғы қаңтар айында сатылымға шыға бастады. Біздің негізгі қатеміз – математикалық сауаттылық барлық оқушыға керек деп ойладық. Ал ең маңыздысы таңдау пәндері екен. Оны кейін білдік. Қазір таңдау пәндері бойынша кітаптар жазылып жатыр.
Орталықтың айлық табысы – 4 миллион теңге. Алғаш кітап шығарған кезде вебинар өткіздік. Кейін блогерлерге жарнама жасаттық. Әр өңірдің тауар сату сыры болады. Мысалы, Алматыдағы маркетингіңізді Шардараға апарып өткізе алмайсыз. Ол жерде таргет жүрмейді. Біздегі негізгі маркетинг – орталыққа танымал мықты мамандарды тарту. Аз ғана халық бір-бірін таниды. Олар жарнаманы өздері-ақ жүргізеді. Біз көбіне білімді мұғалімдерді тартуға назар аударамыз.
«Әр оқушыға жеке көңіл бөлеміз»
Қазіргі балаларда білімге құштарлық өте аз. Көбі блогер болғысы келеді. Сондықтан біз орталығымызға психолог маманды қосып, оқушылардың тұлға болып қалыптасуына үлесімізді қосуға талпынып жатырмыз. Бұрын оқушылар бізге талап қойса, қазір біз оқушыларға талап қоя аламыз. Кейбір ата-ана балаларын курсқа қинап жіберуі мүмкін. Оларға 3 рет мүмкіндік береміз. Егер ол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмаса, курстан шығаруға толық құқығымыз бар.
Орталықта оқушыларға түрлі методиканы қолданып, мотивация береміз. Өзімнің білім алып жинаған тәжірибемді қатар қолданып жүрмін. Әр оқушыға жеке көңіл бөлу керек болғандықтан, оларға тек сабақ беріп емес, жағдайларын да білетін болдым.
Сабақты да «өте жеңілден ауырға дейін» деген әдіспен үйретемін. Себебі біз оқушыларға мектептің атмосферасын емес, еркіндікті жасауға тырысамыз. Оқушылардың ұйқысын ашу үшін кабинетті көк түске боядық. Себебі зерттеп қарсақ, әлеуметтік желілер – Facebook, Вконтакте, Twitter көк түсті болғандықтан адамның ұйқысын ашады екен. Солай бәрі тәжірибемен келе жатыр.
Add comment