Басты жекпе-жекте 66 келі салмақтың чемпиондық белбеуі сарапқа салынды. Жеті жекпе-жегінің бәрінде жеңген Николай Самусев чемпиондық атағын қорғады. Ал Райымбек Орынбай белбеуге бірден-бір үміткер болатын. Қос файтер «Алматы Аренаны» толтырған көрерменнің алдында жоғары деңгейдегі жекпе-жек өткізді. Бірінші раундта спортшылар соққы алмасып, бір-бірін зерттеген. Екінші кезеңде Николай Самусев қарсыласын соққының астына алып, техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша, чемпиондық атағын бірінші мәрте қорғады.
Жекпе-жектен соң «Жауынгер» өзінің нағыз чемпион екенін айтып, енді қазақстандық спортшылармен жұдырықтасқысы келмейтінін мәлімдеді.
«Бірінші кезекте бапкерлеріме алғысымды айтқым келеді. Осы жекпе-жектен соң менің нағыз әрі жалғыз чемпион екеніме ешкім күмән келтірмейтін шығар.
Жанкүйерлеріме айтарым, мен қазақпын! Осында туып-өстім. Жаным қазақ. Алдағы уақытта қазақ файтерлеріне қарсы жұдырықтасқым келмейді. Егер кімде-кім үміткер болса белбеуді жекпе-жексіз беремін», – деді Николай Самусев.
Кештің тағы бір ірі жекпе-жегі 70 келі салмақта ресейлік Магомед Кабардиев пен қырғызстандық Жакшылык Мырзабеков арасында өтті. Бұл жекпе-жекке дейін Магомедтің бірнеше қарсыласы өзгеріп, соңғы сәтте Жакшылык Мырзабеков октагонға шықты. Тартысқа толы өткен айқаста Магомед Кабардиев қарсыласын уақытынан бұрын жеңді.
Магомед Кабардиев жекпе-жектен соң әсерімен бөлісіп, титулдық жекпе-жек өткізуге ұсыныс күтетінін айтты.
«Жекпе-жек жақсы өтті. Мұндай кешенде алғаш рет өнер көрсеттім. Шыққан кезде жанкүйерлердің қолдауынан қуат алдым. Жекпе-жекке дейін октагонға әдейі кірмедім. Ән ойнағанда, жанкүйерлердің қолдауы маған жігер берді. Соның арқасында кез келген қарсыласпен жұдырықтасуға дайын болғандаймын.
Жақын арада үйіме барып келуді жоспарлап отырмын. Сосын дайындыққа кірісемін. Келесі турнирде менің салмағымдағы чемпиондық титул бәске тігіледі. Соның нәтижесін күтіп, ұсыныс сұраймын. Бес раундтық жекпе-жекке ұсыныс болса бұдан да жоғары деңгейде өнер көрсетемін. Бар өнерімді паш етемін», – деді файтер.
Басқа жекпе-жектердің нәтижесі:
- Николай Самусев (8-0) – Райымбек Орынбай (6-3) техникалық нокаут;
- Магомед Кабардиев (7-0) техникалық нокаутпен Жакшылык Сатылгануулуны (5-1) жеңді;
- Нұрғали Нұрғайыпұлы (2-0) техникалық нокаутпен Махмадали Ходжаевті (1-1) жеңді;
- Сайфуллах Джабраилов (12-2) бірінші раундта Нұржан Жолдыбайды (7-4) нокаутқа түсірді;
- Олександр Полесный (16-7) екінші раундта Эльнар Ибрагимовті (17-6) жеңді;
- Қазбек Сағын (2-0) бірінші раундта Олжасбек Жақыпбекұлы (1-1) қылқындыру әдісімен жеңді;
- Нұрбек Қабдрахманов (4-2) бірінші раундта Миржалала Хасани (3-2) қылқындыру әдісімен жеңді.
Аралас жекпе-жек кешін тамашалауға «Алматы Аренаға» мыңдаған жанкүйер келді. Сондай-ақ елге танымал біраз спортшылар да турнирдің құрметті қонағы болды. Атап айтсақ, UFC файтері Шавкат Рахмонов, Ардақ Назаров, Асу Алмабаев, Жұман Жұмабеков, боксшы Сұлтан Зәуірбек, Садриддин Ахмедов, Жанқош Тұраров, Назым Қызайбай, балуандар Алмат Кебіспаев, Қорлан Жақанша, дзюдошы Елдос Сметов пен Елдос Жұмаханов келді.
Naiza лигасының президенті Нұрбек Қарабала 5Q media тілшісіне турнирді қорытындылап, жекпе-жектерден алған әсерін бөлісті.
«Турнир қызық өтті. Прилимдегі жекпе-жектер тартысты болды. Ауыр салмақта Ерлан Жәкішев өзін жақсы көрсетіп, мықты соққылар жасады. Бұл салмақта бізде спортшылар аз.
Бағлан Жақаншаның қарсыласы өзін ауырсынып тұрғандай көрсетуге тырысты. Дегенмен спортшылар бұл тек мықты жауынгерлердің жолы екенін түсінуі керек.
Қызымыз Нұрсәуле Сарқанд пен Вероника Борисова арасындағы айқас та тартысқа толы болды. Нұрсәуле жігерлік танытып, соңына дейін барды.
Виталий Павловски мен Санжар Тәжиев жекпе-жегінде төрешінің орнына болғаныма тең нәтиже тірейтін едім. Бірақ төрешілер тең дәрежедегі жекпе-жекте кімнің қарсыласына көп зақым келтіргені есептелетінін түсіндірді. Оның үстіне, Павловски екі мәрте ереже бұзды. Дегенмен бұл айқас маған ұнады. Келесі жолы спортшылар ақылға салып, әр қадамын ойланып жасар.
Прилимнің сәнін Елжан Әлиасқардың 17 секундтағы жылдам нокауты келтірді. Елжан – біздің ММА-дің болашақ жарық жұлдызы. Руфани Валиевті жеңген соң өзіне деген сенімі арта түсетіні анық.
Қазбек Сағын қоян-қолтық ұрыстан әлемнің үш дүркін чемпионы екенін октагонда көрсетті. Қазбек әдемі жекпе-жек көрсете білетін спортшы.
Нұрғали Нұрғайыпұлыны мен Махмадәли Ходжаевтің айқасы ұнады. Ходжаев жекпе-жекке 15 сағат қалғанда келісімін берді. Нұрғалиді сәл болмағанда нокдаунға жіберер еді. Бірақ соққы көбірек жасаудың орнына күресіп кетті. Соның себебінен жеңіліс тапты.
Кабардиев – ол Кабардиев. Чемпиондық белбеуге нағыз үміткер. Бұл жігіт әлі біраз уақыт лигамыздың мықты спортшыларының қатарында боларына сенімдімін.
Чемпиондық жекпе-жекке тоқталсақ. NFC-де тұңғыш мәрте чемпион өзінің белбеуін қорғап қалды. Не айта аламын? Николай керемет жігіт. Николай Самусев болсын, Орынбай Райымбек болсын, екеуі де біздің лигада көтерілді. Жігіттердің шеберлігінің артқанын көріп, кәсіби деңгейге шыққанын байқап, қуанасың. Жоспарымыз ойдағыдай іске асып келеді. Сондықтан әлі көп жұмыс істеп, спортшыларымыздың жұлдызы жануына ынталымыз», – дейді Нұрбек Қарабала.
NFC-дің келесі турнирі 29 желтоқсанға жоспарланған. Бұл турнирде үш бірдей титулдық жекпе-жек өткізеді. Жеңіл салмақта жеңіліс дәмін татпаған Ильдар Құдайбергенов белбеуін Серікбай Ходжабаевқа қарсы айқаста қорғайды.
Аса жеңіл салмақта чемпион атанған Айжігіт Еркебайуулу рейтингтің көш басында тұрған Әсет Анарбаевпен кездеседі. Ал орта салмақтағы бос тұрған чемпиондық белбеуді Имран Тайсултанов пен ресейлік Магомед Мутаев сарапқа салады.
Add comment