2021 жылдың І тоқсанында 32,3 мың неке тіркелді. Бұл былтырғы жағдаймен салыстырғанда 13,5% көп. Ауылдық жерлерге қарағанда қала тұрғындары жиі шаңырақ көтереді — 21,8 мың неке, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,3% көп. Ауылдық жерлердегі неке саны — 14,1%, көрсеткіш 10,5 мыңға дейін өскен.  Ауылдармен салыстырғанда қалаларда неке саны 3,6 есе көп тіркелген. Ал ажырасу бір жыл ішінде 2,2 есе, дәлірек 4,6 мың отбасыға дейін қысқарды. Сонымен қатар биыл қалаларда ажырасу — 3,6 мың, 52,7%-ға дейін, ауылдық жерлерде 995, 63,1%-ға дейін азайған.

Ажырасу жағынан Алматы қаласы бірінші орында тұр — 669. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 52,4% аз. Екінші орында Алматы облысы — 478, үшінші орында Қарағанды облысы — 446 ажырасу дерегі. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында тіркелді — 97 жағдай. Осылайша І тоқсанда Қазақстанда барлық өңірде ажырасу азайды.

Отандық және испаниялық психоаналитик мамандар салдары ажырасуға алып келетін бейсаналы себептерді анықтау арқылы бұдан да көп некені сақтап қалуға болатынын айтады. Осы орайда олар адамдардың болашақ жарын қалай таңдайтынын және ажырасуды болдырмау жолдарын айтып берді.

«5-6 жасыма дейін әке-шешем сыйлаған сезімді қайтала»

Ақтөбелік психолог Ботагөз Тасеменованың айтуынша, қос ғашық бір-бірін өз әке-шешесіне немесе оларды алмастырған адамға қарап таңдайды.

«Көптеген жұптың бір-бірімен жанжалдасу себебі көзге көріне бермейді. Олар баспана, ақша, балалар тәрбиесі, демалыстың жоқтығы немесе біреуінің көбірек жұмыста болуына қатысты ұрысуы мүмкін. Алайда мұның астарында әрқайсысының балалық шағында қанағаттандырылмаған қалауы жатыр. Әрине, әркімнің өз себебі бар екені сөзсіз. Бірақ тереңінде «Сол 5-6 жасыма дейін маған жақындарым қандай сезімді сездірген болса, соны қайтала» деген ой жатады.

Мейлі ол ата-ана тарапынан махаббатқа толы қарым-қатынас болсын, мейлі әке-шешесі ұрып тәрбиелеген болсын, адам соның барлығын ересек өмірдегі серігі қайталағанын қалайды. Мысалы, әкесі ішімдік ішіп мазасын алған қыз баланың күйеуі алкоголь дәмін көрмеген болса да, ақыры жанжалдасудан шаршап маскүнемге айналады немесе бейсаналы ішімдікке үйір адамды таңдайды. Бұл сценарий ер адам үшін бейсаналы тиімді болып шығады. Керісінше әке-шешесі асты-үстіне түсіп, еркелетіп өсірген ер адам әйеліне шектен тыс талаптар қою мүмкін. «Сен мені жұмыстан келгенде жөндеп қарсы алмадың. Үйден жөндеп шығарып салмадың» дегендей.

Әдетте адамдар бір-бірінің бейсаналы жасап қойған «образына» сай келмеген кезде ажырасады немесе дәл бұлай проекция жасауды доғарып, серігін бар қалпында қабылдауды үйренеді», — деді психолог Ботагөз Тасеменова.

«Әйелің сен үшін басты адам болуға тиіс»

Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова да ажырасудың себебі тереңде жатқанын айтады. Осы орайда, қыз бен ұлдың отбасын құра білу қабілеті анасымен қарым-қатынасына тікелей байланысты екеніне тоқталды.

«Күні кеше «өлдім-күйдім» деп жүрген қыз бен жігіт ажырасып кетіп жатады. Мұндайда биологиялық шешеңізбен қарым-қатынастың қандай екеніне үңілу қажет. Туған анасының махаббатына, емшек сүтіне тоймаған қыз бен ұл жасы жүзге келсе де, оған жармаса беретін болады. Өйткені іштегі бос менталь кеңістікті толтыру қажет. Бұл қарны қатты ашып тұрған адам сияқты.

Әдетте мұндайда адам тамақтан басқа ешнәрсе ойлай алмайды, яғни анасының махаббатына тоймаған жан өзінде жоқты өзгеге бере алмайды. Сол себепті ажырасудың басты себебі — анаға қайтып келу. Бірақ қоғамдағы салт-дәстүр мен қысымға бола жастар сүймеген адамына тұрмысқа шыға салады, үйленеді. Ақыры алтын жігітті немесе қызды жамандап, алтын сарайдан қашып келеді.

Ортада бала дүниеге келіп, қыз балалар төркініне өзімен бірге балаларын да алып келеді. Кейін кішкене балалары анасының қойнында жатқан кезде өзін шешесінің құшағында жатқандай сезінеді. Сонымен қатар көпбалалы отбасында өскен адамдарда «сиблинг қызғанышы» деген болады.

Расымен де, балалық шағында махаббат жетіспейтіндіктен, ең болмаса ересек өмірде басқа бауырларына қарағанда өзіне көбірек көңіл бөлінгенін қалайды», — деп түсіндірді психоаналитик.

Әрі қарай психоаналитик Анна Құдиярова ажырасу психологиясы тақырыбы төңірегінде жүргізген зерттеуінің нәтижесін бөлісті. Айтуынша, қазақтың аңыз әңгімелері мен мақал-мәтелдері ажырасуға үндейді. Осы орайда маман жоңғарлардан қашқан қазақ қызы туралы аңызды еске алды. Аңызда қыз баланың жанында үш ер адам мен мінер аты болады. Ол өзімен бірге тек үш ер адамның бірін ғана алып кете алады. Сонда қыз бала «Бала туып аламын, күйеу табылады, ал бауыр ешқашан табылмайды» деп өзімен бірге соңғысын алып кетеді. Психоаналитиктің айтуынша, ол осы кезде бірінші сүйген жарын таңдауы керек еді.

«Біраз уақыт ажырасу психологиясын зерттедім. Қай заман болсын, пайдасы тиетін және керісінше тозығы жеткен салт-дәстүрлеріміз бар. Бірақ осы бір қалыптасқан «дәстүр» қайта қаралуға тиіс деп ойлаймын.

Көптеген адам маған ажырасуға шақ қалған кезде келеді. Ер адамдар да, әйелдер де сүйген адамының өзіне көңіл бөлмейтініне, бірінші орынға дүниеге келген отбасын қоятынына шағымданады.

Әйелдер «Маған бір тиын да бермейді. Бірақ анасы мен қарындасына келген кезде аянып қалмайды» десе, ер адамдар «Үйде дым жоқ. Әйелім тапқан-таянғанымызды бауырына беріп жіберді» дейді. Осыған байланысты имам мен молдалардан ақыл-кеңес сұрадым. Осыдан Құран мен хадистерде «Сен шаңырақ көтерген болсаң, бірінші кезекте отбасың үшін жауап бересің. Артылып жатса, ана-анаңа, бауырларыңа көмектесесің. Тағы артылып жатса, дос-жарандарыңа қол ұшын созасың» деген идея барын нақты білемін.

Ажырасуға үндейтін мақалдардың бірі — «Бала — белде, қатын — жолда». Бұл жерде әйелді де, баланы да кемсітіп тұр. Яғни қазіргі әйеліңді сыйламасаң да, балаларыңды қараусыз қалдырсаң да, болады деген сөз. Жасы үлкен ақсақалдарымыз мені сынайтын шығар. Бірақ ажырасу психологиясы сонау бағзы замандардан бастау алып келеді.

Өкінішке қарай, осындай тозығы жеткен салт-дәстүрлеріміз отбасының берекесін қашырады. Менің бар мақсатым — отбасын нығайту. Сен шаңырақ көтердің бе — алған әйелің сен үшін басты адам болуға тиіс. Өйткені оның артында сенің балаларың тұр. Мен еліміздегі некелескелі жатқан әрбір жұпқа ең болмаса 10 рет психолог консультациясын алуды ұсынар едім. Бұл олардың бір-біріне қаншалықты сай келетінін анықтап береді», — деді Анна Құдиярова.

«Ажырасудың себебі — ерлі-зайыптының бір-біріне проекция жасауы»

Испаниялық психоаналитик, халықаралық психоаналитиктер ассоциациясының мүшесі Мануэль Мартинез ерлі-зайыптының ажырасып кетуіне олардың бір-бірін бар қалпында қабылдай алмайтыны себеп екенін айтады. Яғни әйел мен ер бала әке-шешесіне, бауыр басқан жақын адамдарына кезіндегі ренішін өзі білмей сүйіктісіне бағыттайды.

«Психоанализде «проекция» атты қорғаныш механизмі бар. Адам өз бойында бар, қабылдай алмай жүрген немесе жақын адамдарына жағымды, жағымсыз сезімді басқа бір адамға бағыттайды. Мұндайда қатардағы психолог көмектесе алмауы мүмкін. Өйткені олар ерлі-зайыптының бір-біріне проекция жасап жатқанын білмейді. Ал психоаналитик нақты қай сезімнің шын мәнінде кімге бағытталғанын, проблеманың шығу себебі қандай екенін тауып береді. Себеп табылған кезде барлығы өз орнына келе бастайды», — дейді Мануэль Мартинез.

Ақтөбелік психолог Ботагөз Тасеменова алдымен адамның өзі махаббатқа қанығуы тиіс деген пікірде. Адамның өзіне деген шынайы қарым-қатынасы қандай болса, айналасына сол сезімге сай адамдар топтасады.

«Мысалы, үйде ең маңызды қажеттілік нан мен шай жоқ дейік. Мұндайда оларды дүкенге барып сатып алатынымыз сөзсіз.

Сол сияқты терапия кезінде адам жан дүниесін махаббатқа толтырады. Өйткені терапия кезінде адам әке-шеше қандай да бір себеппен бермеген махаббатты өзіне өзі беруді үйренеді. Ата-анасының бұлай жасауына себебі болғанын түсінеді, оларға кешірім береді. Осыдан кейін барып қана адам екінші жартысын іздеп, онымен бақытты ғұмыр кешеді.

Көптеген жұп отбасылық өмірде ит пен мысық сияқты жанжалдасып өмір сүреді. Күнде моральдық, физикалық зорлық-зомбылық көріп жатса да, бірге өмір сүре береді. Бірақ бұлар – психологиялық тұрғыдан ажыраған жұбайлар.

Оларға отбасылық консультация, тренинг артық болмайды. Ең бастысы, әр адамның өзіне өзі көмектесуге қауқарлы екенін ұмытпауымыз керек», — деп кеңесін бөлісті Ботагөз Тасеменова.

Психоаналитик Анна Құдиярова 30 жастан асып некелескен азаматтардың көбіне бақытты болатынын айтады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда жастар 29 жасқа дейін отбасын құруды жөн көреді. Республика бойынша некеге тұрған ер адамдардың орташа жасы — 27,5, ал әйелдердікі — 24,8 жас.