Аралас жекпе-жек әлемінде fightcard деген ұғым бар. Бұл ағылшынның «шайқас» және «карта» деген екі сөзінен құралған. Осылайша «шайқастар картасы» деген түсінік пайда болды. Файткард дегеніміз – турнирде өтетін жекпе-жектер тізімі.
Әдетте ММА турнирлерінің кардында 10-15 жекпе-жек қарастырылады. Шайқастар деңгейіне қарай бастапқы (main card) және негізігі болып екіге (prelims) бөлінеді. Турнирдің басында өтетін, аты айтып тұрғандай бастапқы кардта негізінен жас, мансабын енді бастаған спортшылар жұдырықтасады. Ал негізгі кардта танымал және чемпиондық белбеуге үміткер спортшылар жекпе-жек өткізеді.
Әр ұйымда «файткардты» түзетін мамандар болады. Оларды ММА әлемінде «матчмейкер» деп айтады. Бұл мамандықты жоғары оқу орындарында, не арнайы білім беру мекемелерінде оқытпайды. Әдетте, ММА әлемінде жүрген, аралас жекпе-жекке жақын адамдар «матчмейкер» бола алады. Олардың негізгі жұмысы – турнирде өтетін әрбір жекпе-жекке шығатын спортшыларды анықтау. Қос спортшының шайқасы көрерменге қызық болуы үшін бірнеше критерий негізге алынады.
«Оған үміткерлердің рекорды, физикалық жағдайы, жеңіс не жеңілістер тізімі, кейінгі жекпе-жегінің нәтижесі, танымалдығы бағаланады.
Бұған қоса, спортшылардың деңгейі бір-біріне сай болуы маңызды. Көрерменге айқын фаворит пен аутсайдердің жекпе-жегі қызық емес.
«Әр турнирдің алдында спортшыларға анализ жасаймыз. Кімнің жекпе-жегі көрерменге қызық, сұранысы жоғары екенін бақылаймыз. Нәтижесінде, жұдырықтасу стилі бір-біріне ұқсас файтерлерді жекпе-жекке қоямыз», – дейді Naiza лигасының матчмейкері Жандарбек Кисимов.
Елімізде танымал Naiza лигасында екі матчмейкер жұмыс істейді. Жандарбек Кисимовте, Мырза Еркінбековте ММА саласына жақын жүргендіктен бағын осы мамандықта сынап көруді шешкен.
«Әдетте «Жекпе-жек қайда өтеді? Қай салмақта? Кіммен? Қандай сыйақы тағайындалады?» деген сұрақтарға жауап береміз. Көп файтердің жеке менеджері бар. Жекпе-жекті ұйымдастыру үшін солармен сөйлесеміз, келіссөздер жүргіземіз», – дейді Жандарбек.
Сонымен қатар, матчмейкерлер спортшылармен тікелей байланыс орнатып, келісімшарт мәселесін тарқатады, жүріп-тұруына қатысты сұрақтарға да жауап береді.
Қазір – интернеттің дамыған заманы ғой. Файтерлерді көп жағдайда интернеттен іздейміз. Олардың физикалық жағдайын бақылаймыз. Жаттығуларынан видеоларды көреміз. Өйткені әдемі шайқас өткізу үшін әрбір спортшының бабы маңызды. Турнирге кілең мықтыларды әкеліп, оған тәжірибесі жоқтарды қарсылас етуге болмайды, – деді Мырза Еркінбеков.
Матчмейкер үшін маңызды 5 пункт:
- спортшының жұдырықтасу стилі;
- әлемдік рейтингтегі орны;
- файтердің танымалдылығы;
- кейінгі жекпе-жегінің нәтижесі;
- қарсыласын анықтау.
«Әр турнирдің кардын матчмейкерлер мен команда бірігіп жасайды. Оның үстіне өздеріңіз байқағандай, біз үнемі шетелден спортшыларды шақыртып жатамыз. Оның бірнеше жолы бар.
Біріншісі, менеджерлер үміткерлердің тізімін жібереді. Егер оның ішінде біздің талаптарға жауап беретін спортшылар табылмаса, интернеттің көмегіне жүгінеміз. Сондай-ақ, Instagram сияқты танымал әлеуметтік желілерден сопртшылардың парақшаларын қараймыз. Әр елде ММА-ге бағытталған спорттық сайттар, пабликтер болады. Міне, соларға да жүгініп жатамыз.
Нәтижесінде, көрерменге қызық болады-ау деген спортшылармен байланысқа шығамыз», – дейді Мырза Еркінбеков.
Бұған қоса, “Спортшылардың кәсіби рейтингі маңызды рөл атқарады” дейді Жандарбек. Әлемде мойындалған Sherdog және Topology сияқты рейтингті көрсететін порталдар бар.
«Topology сайтында Қазақстанның бүкіл файтеріне қатысты ақпаратты таба аласыз. Спортшының кіммен жұдырықтасқаны, рекорды сияқты керек ақпаратты осы жерден аламыз», – дейді Мырза.
Матчмейкердің бойында болуы қажет қабілеттер:
- Адаммен тіл табыса білу.
- Форс-мажор жағдайда жылдам шешім қабылдау.
- Сыни ойлау.
- Келіссөз жүргізе алу.
- Бірнеше тіл білу.
Файткард құру
«Басымдық Naiza лигасында жекпе-жек өткізген немесе келісімшарты бар спортшыларға беріледі. Оларды негізгі кардқа қоюға тырысамыз. Ал енді мансабын бастаған, әлі танымал емес файтерлер бастапқы кардта жұдырықтасады.
Әр спортшының рейтингі, рекорды, танымалдығы, Naiza лигасында жұдырықтасқаны, кейінгі жекпе-жегіндегі нәтижесіне қарай деңгейі көтеріле береді», – дейді Жандарбек.
Чемпиондық жекпе-жек
«Naiza ұйымымен келісімшарты бар спортшылар чемпиондық белбеуге үміткер бола алады. Ол да әдетте рейтингі мен жекпе-жектерінің нәтижесіне байланысты. Лиганың өз рейтингі бар. Әр салмақтың чемпионы рейтингте көш бастап тұрады. Сондай-ақ 2-ші және 3-орында тұрған файтерлер чемпиондыққа үміткер болады», – дейді Мырза.
Рейтинг
«Рейтинг түзерде өзіміздің сүйенетін қағидамыз бар. Оған мыналар кіреді:
- Жеке рекорд.
- Жеңістер саны.
- Fightmatrix рейтингі.
- Naiza лигасында өткізген жекпе-жектің саныжәне нәтижесі.
Осыған байланысты ортақ ұпай шығарып, спортшының рейтингтегі орны белгілі болады».
Келісімшарт
«Әр аптада бір уақытты белгілеп, 10-20 файтердің тізімін құрып, олардың ішінен таңдалғандарымен ұзақмерзімді келісімшарт жасауға тырысамыз. Негізі ұзақмерзімді келісімшарт негізінде файтерлер 1-2 жылдың ішінде 3-4 жекпе-жек өткізуі керек.
Ұзақмерзімді келісімшартқа Қазақстаннан бөлек шетелдік спортшылармен де отырамыз. Әр елден 2 спортшыдан алуға тырысамыз. Олардың басқа ұйыммен келісімшарты жоқ па, сыйақы көлемі қандай, ол біздің көрерменге қызық па деген сұрақтардың жауабын алған соң келісімшарт ұсынамыз.
Бұдан бөлек, турнирге бір ғана жекпе-жек өткізуге келетін спортшылар бар. Егер олар жарқын шайқас көрсетіп, көрерменді баурап алса, оларға ұзақмерзімді келісімшарт ұсынамыз», – дейді Мырза.
Қай елдің нарығы мықты?
«Өзбекстанда халық саны көп, соған қарай файтерлер де көп. Олардың жекпе-жегі көп қаралым жинайды. Ресей спортшылары біздің көрермендерге қызық. Тәжікстанның халқы аз болғанымен, олар өздерінің спортшыларын жақсы қолдайды. Әзірбайжаннан да спортшылар келеді.
Әлем деңгейінде Бразилия, АҚШ, Польша, Чехия, Үндістан және Қытай елдерінің нарығы мықты. Спортшылары танымал, сондықтан көп қаралым жинайды», – дейді Жандарбек.
Матчмейкерлер бос уақытында немен айналысады?
Жандарбек ағылшын, қытай тілдерінде еркін сөйлейді. Шанхай университетінде сomputer science мамандығы бойынша білім алды. Қытайда оқып жүргенде шетелдіктерге кикбоксинг және ММА бойынша жаттығаулар жүргізді. Сонымен қатар Қытайда кәсіби кикбоксинг пен ММА-ден турнирлерге қатысты. Шанхайда тхэквондодан универсиада чемпионы. Бос уақытында кітап оқиды, спортпен шұғылданады.
Мырза қазақтың спорт және туризм академиясында дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алды. Қазіргі таңда матчмейкингпен қатар колледжде сабақ береді, тренерлік қызметте және күні бүгінге дейін спортшы. Бос уақытында балық аулайды, аңшылыққа шығады, сноуборд және шаңғы тебеді. Ұйғыр, қырғыз, өзбек, түрік тілдерін біледі.
Қорыта айтқанда, қазақстандық ірі әрі жетекші Naiza лигасының арқасында елімізде кәсіби спортта жаңа мамандықтар қалыптасып жатыр. Алдағы уақытта спорттағы маркетолагтар мен бренд продюсерлер, турнирді ұйымдастырушы менеджерлермен де әңгімелесеміз.
Add comment