ГлавнаяБлог

Naiza 38. Жанкүйерлер делебесін қоздырған дүрмек

Naiza Fighting Championship тұжырымы 38-ші халықаралық турнирін өткізді. Кештің басты жекпе-жегінде аса жеңіл салмақтағы тұжырым чемпионы Әліби Ыдырыс пен ресейлік Джохар Ескиев Naiza белбеуі үшін жұдырықтасты. Одан бөлек, жеңіліп көрмеген Магомед Кабардиев пен әлемге әйгілі UFC тұжырымында өнер көрсеткен бразилиялық Валмир Лазаро өзара мықтыны анықтады. Көгілдір экранның артындағы көрермендердің делебесін қоздырып, жанкүйерлерді қиқуға бастырған турнирдің біразға дейін ел аузынан түспесі анық.

Naiza 38 турнирінің басты жекпе-жегінде аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеудің иегері Әліби Ыдырыс пен NFC лигасында үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Джохар Ескиев арасында өтті. Қос спортшы да бірінші раундтан бастап барын салып айқасып, нағыз чемпионның кім екенін көрсеткісі келді. Екеуі тік тұрып ұрыста да, күресте де керемет өнер көрсетіп, кештің үздік жекпе-жегі атануға лайықты жұдырықтасты.

Расында, Әліби баспасөз маслихатында айтқанындай, бұл кездесуде жанкүйерлер де, спорт сарапшылары да оның үздік нұсқасын көрді. Бір раундтың аяқталуына 5 секунд қалғанда отандасымыз қарсыласын тіземен теуіп, ауыр нокаутқа жіберді. Осылайша, чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғаған Әліби жекпе-жектен соң қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге алғысын айтып, болашақта да жарқын жеңістерімен қуантуға тырысатынын мәлімдеді.

Аллаға шүкір, төккен теріміз бен күн-түн демей еткен еңбегіміз ақталды. Осы жекпе-жекке дайындық барысында ылғи жанымнан табылып, қолдау көрсетіп, көмек берген командаластарыма шексіз алғыс айтамын. Маған «Шешеннің қысымына төтеп бере аласың ба?» деп күмән келтіргендер де болды. Бірақ мынадай командам, бауырларым тұрғанда кімнің болса да, қысымына төтеп беріп, кіммен болса да, жұдырықтасуға дайынбыз. Бұл — үлкен жеңістеріміздің бастамасы ғана. Бұйырса, жанкүйерлерімізді әлі талай қуантып, еліміздің абыройын биікте ұстаймыз. Біз, бабасы жаудан қайтпаған қайсар қазақтың ұрпағы екенімізді ұмытпайық, ағайын, – деді Әліби.       

Кештің басты жекпе-жектерінің бірі болған Магомед Кабардиев пен Валмир Лазаро арасындағы кездесу де жанкүйерлердің жадында қалары анық. Қазақ ММА-ының деңгейін көрсетем деген Кабардиевтің шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнері жанкүйерлердің айызын қандырғаны анық. Алғашқы раундтан-ақ өзінің UFC спортшысынан осал емес екенін, тіпті әлдеқайда мықты екенін көрсетті. Аяқ, қол, шынтақ, тіземен жасаған соққылары дәлдеген жеріне дөп тиіп, тәжірибелі Лазароны әдбен әбігерге салды.

Нәтижесінде Tobet Top Team клубының спортшысы бірінші раундтың соңына қарай қарсыласын шынтақпен ұрып, ауыр нокаут пен қалың ұйқыға жіберді. Жарқын жеңіске жеткен Кабардиев чемпиондық белбеуге бірден-бір лайық екенін дәлелдеді. Ол жеңісінен кейін жанкүйерлермен, командаластарына алғысын айтып, бонус алуға лайықты екенін мәлімдеді.

Шыны керек, жекпе-жек дәл осылай аяқталады деп ойламадым. Үш раунд жұдырықтасып, өзімнің өнерімді, бес қаруы сай сайыпқыран екенімді көрсеткім келді. Десек те, бұл жеңістің артында тұрған командаластарыма, соның ішінде бапкерім Диас Қабдуовқа ерекше алғысымды айтқым келеді. Жекпе-жектен кейін Эльдар бауырымыздың жол бері, чемпиондық белбеуді босатқанын көрдіңіздер. Енді сол көптен күткен чемпиондық белбеуді белімізге тағатын кез келді деп ойлаймын, – деді Кабардиев.

Naiza тұжырымында ғана емес, аса ауыр салмақта да дебюттік кездесуін өткізген Асылжан Бақытжанұлы төрешілердің бірауыздан шешімі бойынша жеңіске жетіп, лигада өнер көрсетуге мүмкіндік бергеніне алғысын айтты.

«Бұл жекпе-жекте күресіп, үш раунд бойы жұмыс істеу тактикасын қойдық. Өйткені үш раундтық кездесу өткізбегеніме біраз болды. Naiza лигасын бұрыннан бақылап жүрмін. Тіпті Алматы Аренада өткен кезекті турнирлердің бірінде құрметті қонақ ретінде болып, турнирдің деңгейі қатты ұнаған болатын. Сондықтан осындай мүмкіндік берген лигаға алғыс айтам. Бәлкім, жақсы ұсыныстар түссе, болашақта тұжырым аясында өнер көрсетуіміз ғажап емес», – деді АСА тұжырымының бұрынғы спортшысы.

Турнирдің көркін қыздырып, көрермендердің көңілінен шыққан жекпе-жек Болат Заманбекұлы мен Альберт Ахмаев арасында болды. DAR TEAM мен «Еркін күш» клубының спортшылары арасында өткен жекпе-жек тартысқа толы болды. Үш раундқа созылған керемет кездесуде қос спортшы барын салып, жеңіс үшін жанын салды. Дегенмен Альберт қарсыласына қарағанда тәжірибелі екенін көрсетіп, 3 раундтың соңына қылқындыру әдісімен жеңіске жетті. Ол жеңісінен кейін Болаттың командаласы Қазбекті жекпе-жекке шақырып, айтқан сөздеріне жауап беретін сәт келгенін мәлімдеді.

Прелимде өнер көрсеткен барлық спортшының жекпе-жегі уақытынан бұрын аяқталды. 77 келіде чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасып, жеңіліс тапқан Дуглас де Оливейра өзбекстандық қарсыласы Жамшибек Хамирсаевты бірінші раундта техникалық нокаутпен ұтса, Naiza тұжырымының чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасқан Ұлан Тамғабаев қарсыласын қылқындыру әдісімен ұтты.

Дебюттік жекпе-жектерін өткізген Әкімжан Хашимов пен Наурызбек Ермек арасындағы кездесуде DAR TEAM командасының спортшысы Әкімжан жеңіс тойын тойлады. Сондай-ақ аса жеңіл салмақта Еламан Отаров өзбекстандық Нурмухамад Адамқұловтың қолына ауырту тәсілін жасап жеңсе, Думан Балмұханов пен Мейірбек Төлегенов те қарсыластарынан басым түсті.