ГлавнаяБлог

5 факт. Naiza 44 турнирі несімен қызық болмақ?

23 қыркүйек күні аралас жекпе-жектен Naiza 44 турнирі өтеді. Кезекті жарысты Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі қабылдайды.

ММА жанкүйерлері үшін бұл турнир ерекше қызық өтпек. Оған бірнеше себеп бар. 5Q Media назарыңызға Naiza 44 турнирі несімен қызық болатыны туралы 5 фактіні ұсынады. 

1. Тарих қайталанып жатыр

Жалғас Жұмағұловтың ағайынды Багаутдиновтерге қарсы айқасы есіңізде ме? Алғашқы айқасында Артур Багаутдиновті, кейін ағасы Әлиді жеңді. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған айқас енді Naiza турнирінде. 

Магомед Кабардиев былтыр Naiza 42 турнирінде Бахромжон Машраповты төрешілер шешімімен жеңген. Араға бір жылдан астам уақыт өткенде Фарходжон Машраповпен қолғап түйістіреді. 

Файтерлер жеңіл салмақта бос тұрған чемпиондық белбеу үшін күреседі. Осы салмақтың чемпионы Ильдар Құдайбергенов мансабын аяқтау туралы шешім қабылдаған соң белбеу иесі қалды. 

Tobet Top Team өкілі Магомед Кабардиевтың рекорды — 8-0. Әлі жеңіліс дәмін татпаған файтер — ушу-саньда спортының шебері. Naiza лигасында 2020 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. 

Өзбек файтері Фарходжон Машрапов үшін бұл — Naiza лигасындағы үшінші жекпе-жегі. Бұған дейін екі айқасында да жеңіске жетті. Биыл қазақстандық Фаниль Рафиковпен кездесіп, тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер шешімімен басым түсті. 

Naiza 44

Жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін:

Магомед Кабардиев (8-0) — Фарходжон Машрапов (7-4)

2. Чемпиондар айқасы

Кештің тағы бір басты айқасында Айдын Көдек пен Еламан Шертаев кездеседі. Бұл жекпе-жек жанкүйерлер «чемпиондар» айқасы деп атап кеткенінің өз себебі бар. Өйткені Айдын Көдек бұған дейн OKTAGON лигасында чемпион атанса, Еламан Шертаев QAZAQSTAN FIGHTER реалити-шоуында жеңімпаз атанған. 

Қос спортшы қазір бос тұрған аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады. Бұған дейін чемпион болған қырғыз файтері Айжигит Еркебайулы басқа салмаққа ауысты. 

Аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін:

Айдын Көдек (12-4) — Еламан Шертаев (9-1)

3. Тұңғыштар

Naiza 44 турниріне алыс-жақын елдерден файтерлер келеді. Оның ішінде, Оңтүстік Корея және Испания елінің өкілдері бар. 

Корей өкілі Су Енг Ю Қазақстан былтыр келуі керек еді. Алайда оның Жұман Жұмабековке қарсы жекпе-жегі өтпей қалды. Енді корей файтері қазақстандық Рауан Бекболатпен жұдырықтасуды жоспарлап отыр.

Су Енг Ю мансабының басым бөлігін отанында TFC ұйымында өткізген. Кейінгі екі жылда Zeus FC, UAE Warriors және Black Combat лигаларында жұдырықтасты. 

Naiza 44

Рауан Бекболат (8-3-2) — Су Енг Ю (8-2)

Испаниядан ат терлетіп Агони Ромеро Қазақстанға келеді. Су Енг Ю пен Агонидің ортақ тұсы — екеуі де Қазақстанда жұдырықтасатын өз ұлтының тұңғыш өкілдері. 

Тәжірибелі файтер Еуропаның бірнеше лигаларында жұдырықтасып үлгерген. Отандық ММА жанкүйерлеріне жақсы таныс M-1 Global және M-1 M-1 Challenge ұйымдарында екі жекпе-жек өткізді. Naiza 44 турнирінде қазақстандық Әлібек Құсабаевпен жұдырықтасады.

Әлібек Құсбаев (5-3) — Агони Ромеро (10-6-1)

4. Қазақ жанкүйерлерінің ықыласын жаулаған қырғыз батыры

Naiza лигасының тәжірибелі файтері Каныбек Жанибек улуу Ресейдің этникалық қазағы Руслан Тұяқовпен қолғап түйістіреді. Бұл Каныбектің Naiza ұйымындағы жетінші жекпе-жегі болмақ. Кейінгі айқасында ол Фаниль Рафиковтан жеңіліс тапты. 

Этникалық қазақ Руслан Тұяқов Naiza лигасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізгелі отыр. Бұған дейін GFC, EFC және Strong Spirit лигаларында жұдырықтасқан. 

Naiza 44

Каныбек Жанибек улуу (11-8) — Руслан Тұяқов (5-2)

5. Грек-рим шебері мен бразилиялық джитсердің текетіресі

Грек-рим күресі шебері Бағлан Жақанша аралас жекпе-жекті де қатар алып жүр. Ол кәсіби ММА-дегі үшінші жекпе-жегін бразилиялық Дейлтон Альмейдаға қарсы өткізеді. 

Бағлан былтыр ММА-де екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. Ал оның қарсыласы Дейлтон кейінгі үш кездесуінде жолы болмай, жеңіліс тапқан. 

Бағлан Жақанша (2-0) — Дейлтон Альмейда (2-4)

Naiza 44 турнирінде аталған жекпе-жектерден бөлек жанкүйерлерді тағы алты айқас күтіп тұр. Олар: 

Марат Алиасхабов (4-3-1) — Обид Собиров (2-2) 

Архат Мыңбаев (6-5) — Даниил Донченко (4-1) 

Наби Ашурлаев (6-1) — Эмомали Холбойи (4-3) 

Хилола Собирова (1-1) — Жанель Набиева (Дебют)
Тимур Сеікұлы (Дебют) — Ринат Әбілхайыров (Дебют) 

Даниял Смағұлов (Дебют) — ТВА

Naiza 44 турнирі 23 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік циркінде өтеді. Жарыстың билеттерін zakazbiletov.kz сайтынан сатып ала аласыздар. Сондай-ақ турнир 5Q қосымшасы және NAIZATV арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.