«Бізді қатерлі ісігі асқынып, көз жұмғандардың саны 10% қысқарғаны қуантып отыр. Бұл бірінші кезекте науқастардың тексеруден өтуге шешім қабылдап, ісіктің бастапқы кезеңде анықталып жатқанымен байланысты. Екіншіден, тұрақты ем алуды жөн көрген науқастар саны артты.

Барлық жағдайда дерлік емнің сәтті аяқталуы науқастардың оны ерте бастауымен байланысты. Тағы бір қуантарлық жайт – қатерлі ісікке шалдыққандардың өмір сүру жасы ұлғайып отыр. Ауырған уақытынан бастап 5 жылдан артық өмір сүріп жатқан науқастар саны 54% болды. Статистикалық мәліметтер бойынша, Алматыда жыл сайын 4 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Қазір тиісті емді аяғына дейін жеткізіп, өмірін әрі қарай жалғастырып, жұмысын істеп жүргендер саны 27 мыңға жетіп отыр», — деді Нұрсұлтан Ізбағамбетов.

Кімдер онкологиялық ауруларға жиі шалдығады?

Былтыр Алматыда 360 адам қатерлі ісіктен емделу үшін тіркеуге тұрса, биыл олардың саны 560-қа жетіп отыр. Осы орайда, орталық директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов жыл соңына дейін бұл көрсеткіштің екі есе өсетінін айтты. Сонымен қатар ол онкологиямен ауыратын науқастар үшін COVID-19 жұқтырмаудың және алдын ала екпе салдырудың маңыздылығына тоқталды.

«COVID-19 пандемиясы басталғалы қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың екпе алуына қатысты көптеген сауал туындап отыр. Бүгінде шетелдік – америкалық, еуропалық және ресейлік әріптестеріміз міндетті түрде екпе алуға шақырып отыр. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың COVID-19 жұқтыруына жол бермеуіміз керек. Өйткені қатерлі ісікке шалдыққан адамның коронавирустан көз жұму ықтималдылығы жоғары.

Тек химиотерапия алып жатқан науқастарға не оған дейін немесе кейін екпе салдыруға кеңес береміз. Қазіргі сәтте онкологиялық аурулар есебінде тұрған 27 мыңнан астам науқастың 30%-ы екпе салдырды. Сондай-ақ егде жастағы кісілер, артық салмағы және созылмалы қабынуы бар науқастар, шылым шегіп, ішімдік ішетін, «фастфуд» жеуге құмар азаматтардың қатерлі ісікке жиі шалдығатынын анықтадық», — деп түсіндірді Нұрсұлтан Ізбағамбетов.

«Мен ешқашан анам сияқты болмаймын»

Анна Құдиярова

Ал Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова бірінші кезекте қатерлі ісіктің пайда болуына бала күннен келе жатқан өкпе, реніш сияқты сезімдердің әсер ететінін айтады. Осы орайда, психоаналитик онкологиялық аурулардың пайда болуының негізгі бес себебін атады.

Бірінші себеп бала күнгі өкпе-реніш. Есейе келе олар кәдімгі ісікке айналып шыға келеді. Көбіміз әке-шешеміздің жасаған әрекеті ұнамаған кезде «Мен есейгенде бұлай жасамаймын, мұндай болмаймын!» деп өзімізге уәде береміз. Мысалы, клиентім О.-мен оның небәрі 4 жаста болған кезде «Мен ешқашан анам сияқты болмаймын» деп өзіне уәде бергенін анықтадық. Неге? Анасының анасы – әжесі оның көп уақыт бойы жинаған түймелер коллекциясын алып қойған. Осы сәтте анасы қорғаудың орнына, керісінше «Жасы үлкеннен еш нәрсе қызғануға болмайды, олардан еш нәрсені аямау керек» деп ұрысқан. Ал бала үшін бұл «түймелер коллекциясы» оның «қымбат досы», психоанализ тілінде айтсақ, «жылжымалы объектісі» болған. Көбіміз құрдастарымыз немесе жасы үлкендердің бір әрекеті ұнамаса, өзімізге осылай уәде беретінбіз.

Бала кезде қабылдаған көптеген шешімнің біздің ересек өміріміз үшін пайдасы бар. Бірақ кедергісін тигізетіндері де кездеседі. Арасында адамның қандайда бір ауыр жағдайды, ауыр сезімді басынан өткеріп отырып қабылдайтын шешімдері жетерлік. Мысалы, балалар ата-анасының жанжалдасып, бір-бірімен қырғи-қабақ болып ұрсысып жатқанын көрсе, қандай жағдай болмасын іштегі жағымсыз сезімін тұншықтырып, әрдайым тек көтеріңкі көңіл-күймен жүруге тырысады. Өзі үшін «Мен барлық адамға тек жақсы қырымды көрсетемін» деп шешім қабылдайды. Осыдан барып «Сені жұрттың жақсы көріп, қолдау білдіргенін қаласаң, үнемі оларға ұнайтындай әрекеттер жасауың керек» деген ой қалыптасады. Іштей қатты қиналса да, сыр бермейді. Сондай-ақ үнемі жанжалдасатын ата-анамен өскен балалар біреудің көңіл-күйі болмай отырса, оны қуантуға тырысады.

«Жақын қарым-қатынастан қашқан адам жұмысбасты болады»

Екінші себеп адам өмірінде драмалық оқиғалардың көп болуы. Қатерлі ісіктің пайда болуына көбіне қандайда бір ауыр күйзеліс әсер етеді. Кейде бір адам аз уақыт ішінде бірнеше қайғыны басынан өткереді. Әдетте бұл – адамның идентификациясына қатысы бар жағдайлар. Мысалы, өзі үшін маңызды «рольден» айырылу, сүйіктісін, туысын немесе досын жоғалту және тағы басқалары. Менің бірінші онкоклиентімнің күйеуі таныстарына берген ақшаны қайтарып алу үшін шығып, кейін үйіне оралмаған.

Үшінші себеп қатты күйзеліске түскен соң «қиындықты шеше алмаймын» деп ойлауы. Бұл проблема адам күйзеліске түскендіктен пайда болды деген сөз емес. Бар болғаны адам қиындықты өткеруге оның бұрынғы әдет-дағдыларының жарамайтынын түсінбей тұр. Мысалы, көз алдыңызға басқа адамдармен жақын қарым-қатынасқа түсуден қорқып, жұмысты өмірінің мәніне айналдырған адамды елестетіп көріңізші. Осы адам зейнетақыға шығатын жасы келіп, жұмысынан айырылған кезде әрі қарай қалай әрекет ететінін білмей қалады. Клиентім Б.-да осы екі жағдай біріккен еді. Ол уақытының басым бөлігін жұмысына арнап, күйеуіне тиісті мөлшерде көңіл бөле алмаған. Кейін күйеуінің көңілдесі барын білген кезде күйзеліске төтеп бере алмайтындай күйге түскен.

Төртінші себеп адамның өзін қауқарсыз сезініп, кез келген қиындықты шеше алмайтындай күйге түсуі. Көптеген науқас ағзасында қатерлі ісік анықталғанға дейін өзін құрбан сезінгенін айтқан. Күйеуі кетіп қалды, баласы ауырды, үйі мен жұмысынан айырылды деген сияқты жағдайлардан кейін өмірін басқара алмайтындай күйге түсіп, кейін денесінде ісік пайда болған.

Бесінші себеп адамның икемділік, дамуға ұмтылу деген қабілеттерден айырылуы. Адам үмітін жоғалтқан кезде бір орында тұрып жүгіре бастайды, өмірінде ешнәрсе өзгертпейді. Мұндай адамдарда бір қарағанда барлығы сырттай дұрыс болып көрінуі мүмкін, алайда іштей олар үшін өмірдің мәні жоқ сияқты болып көрінеді. Проблеманы шешудің ең оңтайлы, ең дұрыс шешімі ауыр ауруға шалдығу немесе өлім деп ойлайды. Жоғарыдағы қабілеттерден арылу қатерлі ісіктің пайда болуына тікелей әсер етпеуі мүмкін, ол тек оның дамуын үдете түседі.

«Ең маңыздысы — бәрі өз қолымызда екенін түсіну»

Өмірге қызығушылықтың жоғалуы иммундық жүйеге зақым келтіріп, гормондық тепе-теңдікті бұзады. Кейін жасушалар өзгеріске ұшырайды. Осы нәрсе қатерлі ісіктің пайда болуына физикалық мұрындық болады, адам өмірін теріс жаққа қарай өзгертеді. Мысалы, жас қыз бала жігіті мен құрбысы екеуінің арасы суып кеткен соң магистратурадағы оқуын жалғастыра алмаған.

Біз үшін ең маңыздысы – өмірімізде болып жатқан оқиғаларға өзіміздің тікелей әсер ететінімізді түсіну. Өзін іштей «құрбан» сезінетін адам үнемі шағым айтып, жылап жүретін жерлерге тап болады. Сонымен қатар адам кез келген оқиғаға қалай әрекет ету керегін өзі таңдайды.

Біріншіден, күйзелістің қаншалықты ауыр екенін, оған түсірген жағдайдың қаншалықты маңызды екенін біз шешеміз.

Екіншіден, біз бір кездері белгілеп алған ережелер болады. Мысалы, көп жағдайда адамда кінә сезімі басым болса, онда қатерлі ісік өліммен аяқталады. Адам өзін бейсаналы өліммен жазалайды.