MediaNet халықаралық журналистика орталығы «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында журналистерге ұйымдастырған экспедициямен алғаш рет Қазақстанның Оңтүстігінде жатқан Арал өңіріне табан тіредік. Бұл қала Қызылорда облысының орталығы Қызылордадан шамамен 465 шақырымдық жерде жатыр.

Қазір бірнеше жылдан бері үлкен мәселеге айналып отырған Арал теңізінің тартылуы мен оның экологияға тигізер ықпалы туралы тарқатып айтады деп отырған шығарсыздар. Жоқ. Бұл жолы біз Аралдағы тұрғындардың қалай табыс табатынына, немен күн көретініне, шағын және орта бизнесті дамыту қандай деңгейде жүріп жатқанына үңілдік. Ол үшін кәсібін енді-енді ғана дөңгелетіп келе жатқан кәсіпкерлерді әңгімеге тарттық. Мәселен, 33791 тұрғыны бар Аралда жеке кәсібіңді бастап кету және жүргізу қаншалықты қолайлы? Халық арасында қандай өнімге немесе қызмет түріне сұраныс бар? (Аудан бойынша 80452 адам тұрады).

Осы тұрғыда, біз Арал қаласында тұратын, былтыр ғана өзінің жеке наубайханасын ашқан Кәрім Темірхановпен телефон арқылы сөйлесіп, сұхбаттасуға алдын ала келісіп қойған болатынбыз. Сондықтан қонақүйден таңғы асымызды іше сала, 400 теңгеге такси шақыртып, Кәрімнің үйіне тарттық.

Сөйтсек, екі нүктенің арасы 4-5 минуттық жер. Кәрім мұндай қашықтыққа қаладағы көлік жүргізушілері күндіз 100 теңгеге де жеткізе салатынын айтты. Бірақ мекенжайдың тура өзіне дейін апармайды, көшенің бойынан түсіп қаласың.

Бизнеске келсек, жас кәсіпкер Кәрім Темірханов наубайхананы дәл үйінің алдынан ашып алған екен. Есіктегі шағын терезенің тұсына «НАН» деп жазып қойыпты. Осы жерде таңнан кешке дейін тапсырыспен күніне 1000-1200 бөлке нан пісіп шығып, Аралдың дүкендеріне таратылады, қалғаны сатылады. Жақын маңдағы «Шымкент» кафесі де күніне 180-дей нан алып тұрады. Алайда сенбі-жексенбі – демалыс күндері сатылым азырақ, 700-800-дей нан ғана өтеді екен.

Кәрім бұл істі бастау үшін 2 жыл бұрын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан «Бастау Бизнес» жобасы аясында 505 мың теңге грант алған. Себебі 2017 жылы Қызылордадағы «Болашақ» университетінде Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқып, дипломын қолына алғанымен, Аралға келгеннен кейін 2 жыл бойы тұрақты жұмыс табыла қоймапты. Осы кезде Қазақстандағы көп ауылды жерде кездесетін жұмыссыздық мәселесі Кәрімнің де басынан өтті.

‒ 2019 жылы тұрақты жұмысым болмай жүрген кезім еді. Бір күні «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық Арал аудандық филиалында жұмыс істейтін көршімнен бизнес ашу үшін мемлекеттік грант алуға болатынын естідім.

Сол уақытта «Жұмыспен қамту» орталығы жіберетін 6 айлық жастар практикасымен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боп істеп жүрген жұмысымды 6 айға жеткізбей, 2 айдан кейін доғарып тастадым. Себебі не практика, не «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес курсынан өтіп, соны дәлелдейтін сертификат пен ақшалай грант алу – осы екеуінің біріне таңдау жасауым керек болды. Ал 6 айлық практикадан кейін тұрақты жұмыстың табыла қоятыны да белгісіз әрі сол кезде қолыма 53 мың теңге ғана тиетіндіктен, жеке бизнес бастауды таңдадым. Өйткені университетте оқумен қатар Қызылорда қаласындағы наубайханада 6 жылға жуық жұмыс істеген тәжірибем бар, ‒ дейді.

Кейіпкеріміз сол қабілетіне сеніп, 2019 жылдың желтоқсан айында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бірақ жеме-жемге келгенде 505 мың теңгенің ештеңеге жетпей қалатынын ашық айтты.

Processed with VSCO with kk1 preset

‒ 505 мың теңгенің үстіне өз ақшамды қосып, бағасы шамамен 600 мың теңге тұратын нан пісіретін пеш, 350 мың теңгеге қамыр илейтін тестомес пен біраз қалып (форма) сатып алдым. Қаражат жеткіліксіз болғандықтан, 2020 жылдың сәуір айына таман 6 пайызбен ауыл шаруашылық мақсатына берілетін 5 миллион теңге көлемінде несие алдым. Ол ақшаны құны 1 миллион теңгеден асатын нан пісіретін екінші пеш алуға, қосымша қалыптар мен нан тарату үшін автокөлік сатып алуға жұмсадық. Өйткені соған дейін нанды такси арқылы таратып жүрген едік, ол әлбетте тиімсіз болды, ‒ дейді Кәрім.

Оған нан пісіруге көмектесетін – әкесі мен жиен інісі. Арасында жұмысшы жалдауға мәжбүр екен. Нанды сағат түнгі 12 мен 1-дің арасында бастап таңға дейін пісіреді. Ал кезекті (смена) қабылдап алған адам таңнан кешке дейін нанның қамымен болады. Кешкі сағат 7-8-дер мен түнгі 12 мен 1-дің арасында ғана тынығуға уақыт табылады екен. Пешке бір партиямен салынған 72 нан шамамен 50 минуттың ішінде пісіп шығады. Кейін нанды дүкендерге тарататын – әкесі. 90 теңгеге өткізеді. Дүкен де үстінен 10 теңге қосып, өз пайдасын көреді.

Көмекшілерге 8-9 сағат жұмысы үшін күніне 2 жарым мың теңге мен 2 бөлке нан еңбекақы есебінде төленеді. Алайда шағын бизнес үшін көмекші жалдау қалтаға салмақ түсіретін боп тұр. Әсіресе, өзінің орнына жұмысшы алған кезде пайда болмай қалатынын айтады Кәрім. Себебі өз айлығымен несиесін жауып отырады. Мысалы, түнгі кезекте (сменде) бір өзі екі адамның жұмысын атқаратындықтан, өзі шыға алмаған кезде екі адам жалдауға мәжбүр. Ал оның әрқайсысына 2 жарым мың теңге төлеу қажет. Жалпы, жұмысшы жалдау үшін нан өнімдеріне ассортимент жасау керек немесе нанның бағасын көтеру қажет деген ойда.

‒ Аралға қара нан Қызылордадан келетін, бірінші болып біз пісіре бастадық. Қазір басқа наубайханалар да дайындайды. Ассортимент жасап, тәтті тоқаштар мен коржиктер пісірсек, бизнес айналымға шығар еді деп ойлаймын. Бірақ оны жасау үшін азық-түлік қымбат боп отыр әрі жалғыз өзің үлгермейсің.

Негізі қысқа қарай кремі бар тәттілерді жасаймыз, жаз кезінде күннің ыстығына тез бұзылатындықтан пісірмейміз. Хот-дог, чизбургердің нанын дайындап көрдік, қолымыздан жақсы шықты. Бірақ бағасы өзін ақтамады. Менің ойымша, қаладан үйреніп алып, біраз бизнес түрін ауылда да ашуға болады. Осы кейін жылдары жастар «чикен фуд» сияқты шағын бизнестерін ашып жатыр, бірақ оның өзі әзірше санаулы ғана. Мұнда ресми жұмыс істеп тұрған шамамен 6-7 наубайхана бар шығар ‒ дейді.

Арал ауданының әкімдігі «Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша өңірде ресми тіркелген кәсіпкерлердің жалпы саны – 4299.

Кәрімді қазіргі қымбатшылық алаңдатып отыр. «Қазір тағы да ұн қымбаттап жатыр. Елу келілік 1 қап ұн 8300-8500 теңге. Карантинге дейін 1 қаптың бағасы 7 жарым мыңдай болып еді. Ұнды тапсырыспен дүкеннен аламыз. Жалпы Аралда азық-түлік өте қымбат. 1700 теңгеге алып жүрген 5 литрлік күнбағыс майы қазір 4100 теңге шамасында. Біз ашытқы дайындауға, қалыпты майлауға күніне 1 литрдей күнбағыс майын жұмсаймыз. Мың бөлке нан пісіруге елу келілік 8-9 қап ұн кетеді. Ақ нанмен қоса, тапсырыспен «асхана» қара нанын пісіреміз ғой. Азық-түліктің бағасы қымбаттап кетсе де, біз нанның бағасын сол күйі өсірмеуге тырысып отырмыз. Бұл да бізге ауыртпалық түсіреді», ‒ дейді кейіпкеріміз.

Ол ай сайын 120-130 мың теңгенің көлемінде несие төлейді. Кәрім наубайхана әкеліп жатқан кіріс көлемі байып кетуге жетпесе де, өзін-өзі ақтап отырғанын айтады (күліп). Қазір ұн жеткізіп берушілерден ұнды келесі келгенге дейін қарызға алып жұмыс істеп жатқандарын да жасырмады.

‒ Жеке кәсіпкерлік ашқаннан кейін, оны бір жыл өтпей жауып тастай алмайсың. Айына 10 мың теңгеден салық төлеуің тиіс. Біз салықты жеңілдетілген тәртіппен 6 айда бір төлейміз, сонда бір жылға 120 мың теңге кетеді. Кәсібі жақсы жүріп кеткен адамға 120 мыңды төлеу қиын болмайтын шығар, ал жұмысың өрге баспай қалса, тексеріс келген сайын 505 мың теңгеңнің есебін беру қиындап кетеді. Сол үшін «ештеңе шықпай қалды» деген сияқты түрлі сылтау айта бастайсың. Қайта қазір кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғанының арқасында 3 жылға дейін кірісті есептемей жатқаны бізге жеңілдік боп отыр, ‒ деп риза.

Оның айтуынша, бизнес курсын оқып жатқандар көп, бірақ кәсіпті бастап кету қиын. «Атамекеннің» грантын алу үшін Аралдан өзімен бірге барлығы 60 адам курсқа қатысыпты. Небәрі 3 аптада бизнесті қалай жүргізу жолдарымен танысқан.

Қызылорда облысы Арал ауданының Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, «Бастау Бизнес» жобасы өңірде 2017 жылдан бастан жүзеге аса бастаған. Содан бері 2017 жылы 220 адам курсты оқыған. 2018 жылы 240 адам, 2019 жылы 470 адам, 2020 жылы 246 адам бизнес жүргізудің қыр-сырымен танысқан. Бұл жобаға қатысқандардың орташа жасы 20-45 жас арасында екен.

Арал ауданының әкімдігі «Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің» мәліметінше, өңірдегі негізгі шаруашылық – балық аулау кәсібі және аквамәдениет, мал шаруашылығы, көтерме сауда, бөлшек сауда, қызмет көрсету саласы (шаштараздар мен сұлулық салондары). Мәселен, теңізге жақын жерде балық аулау кәсібі жақсы дамыған.

Соған қарамастан, Аралдағы кейбір адамдар жұмыстың тапшылығына байланысты табыс іздеп Атыраудағы Теңіз (Тенгиз) мұнай кен орнына жол тартады екен. Кәрім жергілікті халықтың шамамен 20-30 пайызға жуығы сонда кететін шығар деп отыр. Аралда тұрақты жұмыс орындары мектеп, емхана, өрт сөндіру қызметі, сосын әкімдікте ғана деген түсінік бар. Одан бөлек, Аралда жұмыс іздегендер үшін ең басты мәселе «взяткада» болып тұрғанын айтты.

‒ Ақша бермей, жұмысқа тұра алмайсың. Қызылорда қаласының өзінде мамандық бойынша жұмыс табуға болатынын естимін, бірақ Аралда ондай мүмкіндік мүлдем жоқ. Мемлекеттік мекемеге штатқа алынуың үшін тиісті адамға сұраған ақшасын беруің керек, ‒ дейді Кәрім.

Ең өкініштісі, ақша қыстыру арқылы жұмысқа орналасу жергілікті тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналып кеткен.

Жағдайдың өзі соған итермелеп тұрғаннан кейін кезінде Кәрім де амалсыз тамыр-таныс іздеп, қажетті қаражатты жинауға кіріскен. Бірақ сол сәтте бос орын шыға қоймапты.

Бүгінде Кәрім – жаңа ғана отау көтеріп отырған жас азамат. Үйленгеніне әлі жарты жыл да толмапты. Қазір ата-анасы және бауырларымен бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Ағасы мен студент қарындасы бар. «Отбасында 9 адамбыз – әжем, ата-анам, ағам өз отбасымен, қарындасым. Ағам балық зауытында бухгалтер, анам базарда кішігірім киім-кешек сауда-саттығымен айналысады. Келіншегім үй тірлігімен айналысады, аяғы ауыр», – дейді. Біз де өз кезегімізде жас отбасыға «құтты болсын» айтып, ары қарай жол жүріп кеттік.

Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асырылатын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында жасалды.

#ARALissues

Автор: Нұрсұлу Мырзахмет, Данияр Сәдуақасов