— Каратэге неше жасыңызда келдіңіз, қалай келдіңіз?

— Шымкентте туып-өстім. Каратэге 6 жасымда келдім. Өзім оқып жүрген мектепте каратэ секциясы ашылған. Бір-екі жаттығуына қатысып, ұнатып қалдым. Солай каратэге келдім.

— Олимпиадаға барар жол қандай болды? Токиоға жолыңыз қалай түсті?

— Олимпиаданың жолдамасын алу қиын болды. Бұған дейін 68 келіден жоғары салмақта сынға түсіп жүргенмін. Алайда Олимпиадаға жолдама алу үшін менің салмағым мен 68 келіге дейінгі салмақ біріктіріліп, әлемдік рейтинг түзілді. Ол рейтингте үздіктер қатарынан көріне алмадым. Олимпиада рейтингі арқылы жолдама ала алмадым. Одан кейін лицензиялық турнирде де ұтылып қалдым. Өзінің қиындығы болды. Соңында құрлықтық, нақтырақ айтқанда Азия рейтингісінде бірінші орында тұрғандықтан жолдамаға ие болдым.

Бірінші Олимпиадам болғандықтан үлкен жауапкершілік артылды. Дегенмен жақсы өтті. Бәрі табысты болды. Келесі ойын бағдарламасында болатыны-болмайтыны анық емес. Сондықтан мен үшін бұл жалғыз әрі үлкен мүмкіндік болды. Барлық спортшы мұны жақсы түсінді. Олимпиада алдында әрбір жекпе-жекте жеңіске жетемін деп мақсат қойғанмын. Осы додада барымды салдым деп ойлаймын. Барымызды салдық. Алған қола жүлдем алтынға тең болды.

— Каратэ 2024 жылғы Париж Олимпиадасы бағдарламасында жоқ. Каратэші ретінде бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

— Әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Каратэні Париж Олимпиадасының бағдарламасына қосу мүмкіндігі бар. Дегенмен каратэ Токиода бәріне ұнады. «Әдемі спорт» деді. Олимпиадада каратэ сайысы жоғары деңгейде өтті. Халықаралық олимпиада комитеті тағы да ойлана жатар. Қалай болғанда да үмітімізді үзбейміз. Қандай жағдай болса да, біз жоспарымызбен жүре береміз. Осындай әдемі спортты Олимпиададан алып тастау дұрыс емес.

— Сіз Қазақстан спорты тарихында Олимпиадада каратэ спортынан жүлде алған жалғыз қыз спортшы ретінде қалдыңыз. Мұндай жетістік арқаңызға ауыр жүк пе, әлде керісінше мақтаныш тұтатын көрсеткіш пе?

— Білмеймін, ерекше сезім жоқ. Осылай тарихта қаламын деп бармадым. Жарысқа еліміз үшін, халқымыз үшін бардық. Құдай қаласа, келесі Олимпиаданың бағдарламасына енсе, лицензия жеңіп, алтын медаль алу үшін барымызды саламыз.

— Каратэ басқа спорт түрлерінен несімен ерекшеленеді?

— Әрбір спорттың ерекшелігі бар. Әрқайсысы ерекше, әдемі. Олимпиадаға лайық. Каратэні Олимпиададан неге алғалы жатқанын білмеймін. Жаңа спорт түрі болса да, бәріне ұнады.

Олимпиадада каратэнің «ката» мен «кумитэ» түрі болды. Кез келген каратэші алдымен «ката» түрімен міндетті түрде шұғылданады. Кейін қалауы бойынша «кумитэмен» айналысуға болады. Мен де осындай кезеңнен өттім.

Әр жекпе-жектің басында аттарын жариялаған кезде екі қатысушы, біреуі қызыл белдікпен, екіншісі көк белдікпен алаңның шетіндегі сызықта «катаның» бас төрешісіне қарап тұрады. Төрешілер бригадасына тағзым еткеннен кейін көк белдіктегі спортшы алаңның сыртындағы орнына жайғасып, қызыл белдеудегі қарсыласының өнерін тамашалайды. Қызыл белдеудегі спортшы бірнеше бөлімнен тұратын жаттығуын жасағаннан кейін, кезек көк белдеудегі каратэшіге тиеді.

Жарыс біткеннен кейін екі қатысушы да алаңның шетіне оралып, судьялардың шешімін күтеді. Ал «кумитэде» өздеріңіз көргендей бірнеше спорттың әдістері бар. Аяқпен де, қолмен де әдіс жасап, ұпай алуыңа болады.

— Еліміздегі каратэнің жағдайы қалай?

— Елімізде каратэ жақсы дамып келеді. Олимпиададан соң жаңа серпін береді деп ойлаймын. «Көп адам баламызды қайда берсек болады?» деп сұрап, қызығушылық танытып жатыр. Жалпы алғанда, елімізде каратэмен шұғылданатын балалар көп. Соларға көңіл бөліп, спортты дамытса, жақсы нәтижелер болады.