ГлавнаяБлог

2021 жылы қазақ спорты несімен есте қалмақ?

Төрткүл дүние көз тіккен, көптен күткен Токио Олимпиадасы да 2021 жылы өтіп, тарих қойнауына енді. Спортшыларымыздың жетістіктері туралы мақтанып та, марқайып та айтуға толық негіз бар. Әрине, «әттеген-ай» деген сәттер де жоқ емес. Ел намысын қорғаған спортшылар әлемдік, халықаралық додаларда сынға түсті. Жеңіске жетіп, еліміздің көк туын желбіреткендер де аз емес. Олардың барлығын тізіп шығу әсте мүмкін болмас. Дегенмен 2021 жылы ел есінде қалған жарыстар мен жетістіктерге тоқталып өтейік.

Алтынсыз қалған алғашқы олимпиада

Дүние жұртшылығын теңдессіз өнерімен тамсандырып жүрген спортшылардың барлығы да Токио төрінде бас қосып, олимпиада үздіктерін анықтады. Токио олимпиадасы тәуелсіз Қазақстан үшін жетінші олимпиада болды. Бұл дүрмекке Қазақстан құрамасы спорттың 29 түрінен 96 жолдама иеленді.

Өкінішке қарай, еліміз үшін бұл ең сәтсіз Олимпиаданың бірі болды. Алтын тұрмақ, күміске де қол жеткізе алмаған құрама спортшылары тек сегіз қоланы қанағат тұтты. Дегенмен дзюдошы Елдос Сметов пен боксшы Сәкен Бибосыновтың қола жүлдесі алтынға бергісіз деуге болады. Жартылай финалда әлемнің ең үздік балуаны, жапондық Наохиса Такатомен 14 минут белдескен отандасымыз алтынға сынық сүйем қалғанда тоқтады. Десек те, Сметов екі олимпиадада жүлдеге қол жеткізген тұңғыш дзюдошы ретінде тарихқа енді. Өкінішітісі, Елдостан басқа балуандарға биікке көтеріле алмады.

Сондай-ақ Токиода талайды тамсандырған Сәкен Бибосыновтың өнерін ерекше атап өту керек. Әр жекпе-жек сайын қарқынын күшейткен Сәкеннің сойқан соққыларына ешкім шыдас бере алған жоқ. Ақтық айқас үшін сында арыстанша айқасқан отандасымыз төрешілердің құрбаны болды деуге де болады. Тек бірінші раундта нокдаунға жіберген Галал Яфай (Ұлыбритания) екі раунд бойы отандасымыздың тегеурініне төтеп бере алмады. Бірақ бұйырғаны қола жүлде болды.

Аса ауыр салмақта сынға түскен Қамшыбек те ақтық сынға шыға алмай, қола жүлдемен шектелді. Ал қалған боксшыларымыз құралақан қайтты. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихында боксшыларымыз алғаш рет Олимпиададан алтын жүлдесіз қайтты.

Айтпақшы, ауыр атлеттеріміз күтпеген жерден жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан атынан барған екі ауыр атлеттің екеуі де қола медаль иеленді. 61 келіге жаңа ауысқан Игорь Сон жұлқа көтеруде 131 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 163 келіні бағындырды. Осы тұста, Игорьдың бірнеше мүмкіндігін есепке алмаған төрешілер жанкүйерлердің жүрегіне күмән ұялатқанын айта кетуіміз керек. Дегенмен отандасымыз қоссайыс нәтижесі бойынша 294 келіні көтеріп, қола жүлдеге қол жеткізді.

2014 жылдан бері ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай жүрген Зүлфия Чиншанло да үздік үштіктен көрініп, құрама қоржынына кезекті жүлдені салды. 55 келіде өнер көрсеткен отандасымыз жұлқа көтеруде 90 келіні, серпе көтеруде 213 келіні бағындырды.

Күрес түрлерінен Олимпиада алтынын алмағанымызға 40 жылдан аса уақыт өтті. Балуандарымызға Олимп белесін бағындыру бұйырмай келеді. Бұл жолы да жалғыз жүлдені Тува елінен келген Нұрислам Сана еншіледі. Қалған балуандарымыз бірінші айналымнан аса алмай, жанкүйерлердің жанын жабырқатты.

Жарыстың соңғы күнінде каратэші Дарқан Асаділов айды аспанға шығарып, сенсация жасай ма деп күттік. Дегенмен Дарқанға да Токио шыңын бағындыру бұйырмады. Олимпиада бағдарламасына жаңадан еңген каратэ спортынан Дарқан Асаділов пен Софья Берульцева қола жүлдеге қол жеткізіп, қазақ спорты тарихына кірді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 81-орынға тұрақтап, Орталық Азия елдері ішінде көш соңында қалып кетті.

Жарқын жеңістер мен ащы жеңілістер

Биыл кәсіпқой бокстағы саңлақтарымыздың біразы жарқын жеңістерге қол жеткізсе, бірнешеуі жеңілістің кермек дәмін татып, шердогтарындағы нөлден айырылды. Жыл басында кәсіпқой бокстың жарқын болашағы саналатын Садриддин Ахмедов Мексика елінде үш бірдей чемпиондық белдеуге таласып, тәжірибелі қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Бірақ осы жекпе-жектен кейін «Қазақ сарбазын» шаршы алаңнан көрмедік.

Әлемдік рейтингте үздіктіктердің басында тұрған Айдос Ербосынұлы да Нұр-Сұлтан қаласында тек бір-ақ рет жеңілген Леннокс Алэнмен жұдырықтасып, нокаутпен жеңіске жетті. Отандасымыз осы жеңісінен кейін атышулы Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жекке шыққысы келетінін айтты.

Әлемге «Қазақ стилін» көрсетіп жүрген Жәнібек Әлімханұлы үшін 2021 жыл табысты болды. Орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз екі жекпе-жек өткізіп, екеуін де әлемнің бұрынғы чемпиондарын тұқыртты. Алғашқы кездесуінд WBA нұсқасы бойыншаәлем чемпионы болған Роб Бранттың түндігін теріс айналдырса, екінші жекпе-жегінде бұрынғы әлем чемпионы — француз Хассан Ндам Нжикаманы ауыр соққыларының астына алып, уақытынан бұрын жеңіске жетті. Осылайша, Жәнібек WBO тұжырымы бойыша әлем чемпионы Деметриус Андраденің міндетті қарсыласы атанды.

Одан бөлек, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Нұр-Сұлтан қаласында IBO тұжырымының чемпиондық белбеуіне таласып, аргентиналық Хуан Эрнан Леаоны (15-1, 4 КО) жеңді. Осылайша, қазақ боксшы жартылай орта салмақта IBO чемпионы атанып, толыққанды чемпиондық белбеу иеленген бесінші қазақстандық боксшы болды.

Мұның алдында Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов чемпион болған. Өкініштісі — болашағынан үлкен үміт күтетін боксшыларымыздың да жеңілісіне куә болдық.

Америкада алғашқы жекпе-жегін өткізген Батыр Жүкембаев пуэрториклық Сабриэль Матиаспен (16-1, 16 КО) жұдырықтасып, спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. 10 раундқа созылған жекпе-жекте отандасымыз бір рет нокдаунға түсіп, қарсыласының осал тұсын таба алмады. Дегенмен Жүкембаев соңғы жекпе-жегінде мексикалық Рикардо Лараны (22-8, 10 КО) бірінші раундта нокаутпен жеңіп, жанкүйерлеріне жарқын жеңіс сыйлады.

Талантты боксшылардың бірі саналатын Тұрсынбай Құлахмет те күтпеген жерден жеңіліске ұшырады. Ол Лондон төрінде өткен бокс кешінде доминикандық Хуан Карлос Абреуге (24-6-1, 22 КО) қарсы жұдырықтасып, жеңіліс тапты. Осылайша, ол WBC international нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қорғай алмады.

WBC Asia Continental чемпиондық белбеуінің иегері болған Нұртас Әжбенов те мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Отандасымыз Алматыда өткен бокс кешінде шешен боксшы Иса Чаниевпен (14-3, 6 КО) жұдырықтасып, 3 раундта нокаутқа түсті.

Күрестен көңіл қалды

Қазақтың оң жамбасына келетін күрес түрлерінен жеткен жетістіктеріміз көңілді көншітпейді. Міне, Жақсылық Үшкемпіров Олимп шыңын бағындырғанына 40 жылдан астам уақытқа таяды. Сол Мәскеу олимпиадасынан кейін қазақ балуандары алтын тұғырға әлі көтерілген жоқ. Тіпті, қазақ балуандарының әлем чемпионатының алтынын алмағанына да жиырма жыл болды. Токио төрінде белдескен балуандарымыздың барлығы бірінші айналымнан аса алмай, жарысты жарты жолдан аяқтады. Тек еркін күрес шеберлерінен Нұрислам Сана ғана үздік үштіктен көрініп, Қазақстан құрамасын жүлдесіз қайтудан құтқарып қалды.

Токио олимпиадасындағы олқылықтың орны Ослода өтетін әлем чемпионатында толатынан сендік. Өкінішке қарай, артқан сенім мен үміт ақталмай, балуандарымыздың барлығы жеңіліс тапты. Еркін күрес шеберлерінің ешқайсы жүлдеге іліне алмаса, грек-рим және әйелдер күресінен бір-бір жүлдеге ғана қол жеткізді. «Классиктерден» Алмат Кебіспаев әлем чемпионатындағы бесінші жүлдесіне қол жеткізсе, әйелдер күресінен Жамила Бақбергенов күміс жүлдеге қол жеткізген алғашқы спортшы атанды. Жалпы жанкүйерлердің балуандарымыздан көңілі қалып, жеңілістеріне еттері де үйреніп қалды деуге болады. Олар тек қазақ балуандарының алтын тұғырдан қол бұлғап тұрғанын көргісі келеді.

Әуесқой бокстың әлеуеті қандай?

Шыны керек, Токиодағы тоқыраудан кейін боксшыларымыздың болашағына күмәнмен қарағанымыз жасырын емес. Токио төрінен алтын түгіл, күміске де қол жеткізе алмаған боксшыларымыз ауыр сынның астында қалды.

Дегенмен Сербияда өткен дүбірлі додада боксшыларымыз барын салып, жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Төрт бірдей боксшымыз айтық айқасқа дейін қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын жүлдеге таласуға мүмкіндік алса, бір боксшымыз жартылай финалға жетті.

Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов алтыннан алқа тақса, Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміспен күптелді. Команда капитаны Абылайхан Жүсіпов үздік үштіктен көрініп, әлем чемпионатындағы үшінші қоласына қол жеткізді. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болып, қазақ боксының өз биігінде екенін көрсетті.