Бас қалалар бойынша айтар болсақ, 2015 жылы Алматыда — 6,9 триллион теңге, ал былтыр 6,6 триллион теңге несие алынған. Мұнда керісінше 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,4% төмендеген. Осы кезеңде Нұр-Сұлтада – 1 триллион 600 миллиард теңге, ал 2020 жылы 1 триллион 775 миллиард болып отыр. Еліміздің астанасында өсу динамикасы 4%-ке жуықтайды.

Маман Қазақстанның қазіргі жағдайына баға бере отырып, несие алу көрсеткішінің әлі де жоғарылауы мүмкін екенін айтты.

Жалғасбек Ақболат

«Ескеретін бір жайт — елімізде екінші деңгейлі банктерде ғана емес, микроқаржы ұйымдарында да өсу динамикасы байқалады. Мысалы, микроқаржы ұйымдарының 2017 жылғы көрсеткішін қарасақ, жеке тұлғаларға берген несие сомасы – 162 миллиард теңге. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 436 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл – микроқаржы ұйымдарының да табысы динамикалық тұрғыда өсіп жатыр деген сөз. 

Шыны керек, осы күнге дейін микроқаржы ұйымдары «білгенін жасап келді». Былтыр ғана Президент пен Ұлттық банк мәлімдеме жасап, процент мөлшерлемесіне қатысты шек бекітуді тапсырды. Осы мәлімдемеге дейін микроқаржы ұйымдары 100%, тіпті жылына 2000%-ке дейін несие беретін. Қазір екінші деңгейлі банктермен қатарлас 56%-ке дейін түсті. Осы өзгерістің әсерінен микроқаржы ұйымдарының табысы біршама төмендейді», — дейді қаржыгер Жалғасбек Ақболат.

Маманның айтуынша, төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен несиені өтеген соң, араға 12 ай салып клиентке «қалпына келтірді» деген дәреже беріледі. Осы дәреженің арқасында көптеген азамат несие тарихын түзетіп алады. Сондай-ақ кешіктіріп қана қоймай, несиені өтемей қоятын адамдар болады. 2019 жылы жалпы Қазақстан Республикасы бойынша кешіктірілген несиенің жалпы үлесі 8,6% болды. Қарызын уақытында төлемейтін адамдарды айналып өту үшін несие беру талаптары қатаң сақталады.

«Әрине, бірінші кезекте тұтынушының несие тарихымен танысады. Ол мүмкіндігінше бүлінбеген болуы керек. Екіншіден, тұтынушыға түсетін қаржылай жүктеме мөлшері ескеріледі, яғни «Клиент ол несиені қаншалықты төлей алады?» деген сұраққа жауап іздейді. Мұны анықтау үшін отбасындағы азаматтардың санын 0,5-ке, одан шыққан санды бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейіне көбейтеді. Соңғы сан салымшының тапқан табысынан асып кететін болса, ол азамат «қарызды өтей алмайтындар» санатына жатқызылады. Ал керісінше табысы жетіп тұрса, несие беріледі», — дейді маман.

«Нарцистер жан жарасын бүркемелеу үшін несиеге iPhone немесе қымбат ішік алады»

Психоаналитик, группаналитик Константин Колобов несиеқұмарлық адамның тікелей ішкі-жай күйімен, жан жарасымен байланысты екенін айтады. Осы орайда ол психоаналитикалық диагностикадан бастауды ұсынды.

«Кейінгі кезде несиені жиі алуды «тәуелділік» деп қарастырып жүргенін байқаймын. Бірақ бұл — қате. Өйткені несие алудың астарында «сау тәуелділік» бар. Мысалы, сүйіп қосылған ерлі-зайыпты әрдайым бір-біріне қамқор болады. Әйелі күйеуінің жұмыстан қарны ашып келе жатқанын ойлап шай қояды. Сол сияқты кей адам несиені табысын еселеу үшін жиі алуы мүмкін. Бірақ несиеге iPhone немесе қымбат ішік сатып алатындар бар. Тіпті, жалдамалы пәтерде тұрып жатса да, жұртқа жақсы көріну үшін Land Cruiser несиеге алған адамдарды көрдім. Неге? Өйткені бұл адамдар өзгеде өзінен жақсы белгілі бір зат барын білсе, өзін кем сезінеді. 

Бұл сезім жан-дүниеде махаббаттың жоқтығымен байланысты. Психоанализ тілінде мұны «нарцистік құрылымдағы адамдар» деп атайды. Мұндай адамдар өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет кездесуден қорқып, жан-жарасын сырт көзге бүтін етіп көрсетуге тырысады. Тіпті, «Мына түріммен сыныптастар кездесуіне қалай барамын? Олар мен туралы не ойлауы мүмкін?» деп уайымдаған клиенттерім болды. Оларға өзі туралы шындықты мойындау ауыр тиіп отыр. 

Осы ұят сезімі әсерінен әлгі кездесуге жалдап болсын қымбат көлік мініп, біреудің Rolex сағатын сұрап тағып баруға тырысқандар болды. Ал несие қуыс кеудені толтыруға көмектеседі. Бірақ адам қанша жерден несие алып, iPhone сияқты қымбат телефонды қос-қостап ұстаса да, бәрібір іштегі жағымсыз сезімінен арыла алмайды. Басқа біреуде жақсырақ дүниенің болуы олардың жанын жегідей жейді», —  дейді группаналитик Константин Колобов.

Клептоман қыздың оқиғасы

Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова тек несие құмарлық емес, клептомания астарында да махаббат пен эмоциялық байланыстың жетіспеушілігі жатқанын айтады. Осы орайда ол әкесі алдына алып келген 8 жасар қыздың оқиғасын бөлісті. 2-сыныптағы қыз бала мектепте де, үйінде де ұрлық жасайтындықтан, отбасы психоаналитиктен көмек сұрауға мәжбүр болған.

«Мектеп директоры «Не кетесіңдер, не психологқа барып емделесіңдер» деп талап қойған екен. Консультацияға келген ер адамның денесі ірі, ал қызы титімдей ғана. Кейін қыз бала екеуіміз оңашада қалдық. Айтуынша, сабақтан «4» деген баға алып келсе, әкесі ұрады. Қандайда бір себеппен әке-шеше махаббатын сезінбеген балалар, оларды клептомания арқылы жазалауы мүмкін. 

Бұл жағдайда әке-шешесін ұялтып, олар мектепке басын салбыратып келетіндей жағдай жасап тұр. Мұның барлығы бейсаналы жүзеге асады. Сонда 2-сынып оқушысы өзін еңгезердей әкесінен қалай қорғай алады? «2» немесе «3» деген баға алып келсе, жанашырлық танытуға болады. Бірақ «4» деген баға үшін қыз балаға қол көтеру — ақылға сыймайтын дүние.

Анасына келер болсақ, ол қыз баланың өмірінде айтарлықтай роль атқарып отырған жоқ. Әйел осы қызынан кейін ұл бала босанып, бар назары кенжесіне ауып кеткен.

Анна Құдиярова

Консультация кезінде әкесінен үйіне барған соң қызымен ашылып сөйлесуді өтіндім. Келесі келгенде екеуінің ашылып сөйлесіп, бір жылап алғанын айтты. Бұл жерде әкенің көзіне жас алғаны – оның өзінің қандай қате жасағанын түсінді деген сөз», — дейді психоаналитик.

Маман терапия барысында қыз баланың неге басқалардың заты мен ақшасын ұрлайтынын зерттеген. Сонда әкесінің оған тиісті деңгейде ақша бермейтіні анықталды. Әрі-бері жолына 25 теңге мен бәліш сатып алуға 10 теңге береді екен. Кейде бәліш жемей, оның орнына басқа керегін сатып алады. Ақырында әкесі қызына 200 теңгеден беріп отыруға келіскен. Оқиға мұнымен бітпейді. Қыз бала 14 жасқа толған кезде әлгі отбасы тағы да психоаналитик көмегіне жүгінеді. Бұл жолы ол анасының сөмкесінен ескертпей 2 000 теңге алған.

«Жасөспірім қыз анасына әтір сатып алғысы келген. 8 наурызға дейін тек 3 000 мың теңге жинап үлгергендіктен, қосымша ақшаны анасының сөмкесінен алады. Мұндай сыйлықтың болғанын әкесі де растады. «Қызымды тәрбиелеу керек. Мен оған әлі күнге дейін 200 теңге беріп келемін ғой. Ол неге ұрлайды?» деп шағым айтты. Ал арада 6 жыл өтті. Қыз балаға қазір бәліш қана емес, тырнақ бояйтын лак пен ерінге арналған далап керек. Қысқасы, 2 000 теңге беріп отырады деп келістік қой деймін. Ата-ана баласына осылай ақша берген кезде өзінің тар адам еместігін көрсетсе, игі. Тым көп те берудің қажеті жоқ, жеткілікті мөлшерде болуы керек. Бұл балада өзіне берер бағасының жақсы болуы үшін жасалады. 

Сондай-ақ ақша адамға тәуелсіздік сезімін сыйлайды. Бірақ ақшадан бұрын эмоциялық байланыстың болуы маңызды. Жалпы бала жақын адамымен тіршілік қамы үшін күніне екі рет, белсенді қозғалуы үшін төрт рет құшақтасуы қажет. Ал балаңызда бақытты балалық шақ болсын десеңіз, күніне 8 рет құшақтаңыз. Алдыма келген клиенттің көбі әлі күнге дейін «Әкем-шешем маңдайымнан бір құшырлана сүйіп, құшағына басса» деп аңсайды. Балаларыңыз қартайған шақта сізге қол ұшын созғанын қаласаңыз, сіз оларға бүгін көмектесіңіз», — деп кеңесін бөлісті Анна Құдиярова.

Психоаналитиктің айтуынша, 1,5-3 жас аралығында әр балада ақшамен қарым-қатынас құрылады. Баланың осы жаста қандай тәрбие көргеніне қарап, ертең бай немесе кедей болатынын болжауға болады. Тіпті, депозит салатынын немесе қарызға белшесінен батып жүретінін де. Дәлірек айтсақ, адамның дәулетті болуы ата-анасының оның нәжісіне деген көзқарасымен байланысты. Бала үлкен дәретке отырған кезде қол соғып қошеметтесе, үлкендер «Әй, жарайсың!» деп қуанса, ол баланың ересек өмірде қолы ашық болады. Өзін де, өзгелерді де түрлі сыйлықпен қуантады. Ал осы жас аралығында «Үлкен дәретке отырғың келсе де, келмесе де отырасың» деп қорқытып алсақ, кейін сараң адам болып өседі. Ішінде барды бергісі келмейді.

Дегенмен Анна Құдиярова арада эмоциялық байланыс орнатудың, яғни бала «5» алып келсе де, «2» алып келсе де, бірдей жақсы көретінімізді сездіру маңызды екенін алға тартты. Әке-шешесінің риясыз махаббатын сезініп өскен баланың өзіне берер бағасы тұрақты болады. Сондай-ақ маман несие алудың астарында әке мен ана алдында өзін қарыз сезінумен немесе керісінше «мені жақсы көрмеді» деген ой жататынын айтады.

Группаналитик Константин Колобов та әріптесімен келіседі. Ата-ана мен бала арасындағы эмоциялық қарым-қатынас әрдайым алға шығады.

«Несиені тәжірибесі мол, ірі корпарация басқаратын адам алатын болса, ол міндетті түрде қаражатын еселейді. Әу бастан оны несие алуға қажеттілік емес, қаражатты еселеу деген ой итермелеп отыр. Кейбір жас отбасының дүкенге баласымен бірге кіргісі келмейтінін, оны кімге ұстата тұрсақ деп жүгіріп кететінін байқаған шығарсыз. Мұндай ата-аналар «Балам дүкенге кіргенде анаған да, мынаған да жармасып алады» деп қорқады. 

Үлкендер тарапынан махаббатты сезінбеген бала әлбетте оның орнын ойыншықпен не қымбат затпен толтыруға ұмтылады. «Аузыңды жап» деп баласының қалауын мүлдем ескермейтін ата-аналар да бар. Ал шынайы махаббат бар отбасында барлығы ретімен жүзеге асады. Теория жүзінде мұның барлығы емделеді деп айтамыз. Осыған қарап емделу оңай деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл ұзақ жолды талап етеді», — дейді Константин Колобов.

«Банктер табысты күреп жатыр»

Осы орайда психоаналитик несие алмас бұрын жан жарасына үңіліп, өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет кездесуден қорықпауға шақырды. Қаржыгер маман Жалғасбек Ақболат та осындай пікірде. Оның айтуныша, несие берген кезде тек банк тарапы ұтады. Сондай-ақ оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

«Жоғарыда айтып өткенімдей, банктерге несие беру мөлшерлемесін 56%-ке дейін көтеруге рұқсат берілген. Осының арқасында олар күреп табыс тауып жатыр. Мысалы, тұтынушы бір жыл мерзімге бір миллион теңге алса, оны келесі жылы 1 миллион 560 мың теңге етіп қайтарады. Ал егер мерзім 2 жыл болса, онда үстіне тағы 56% қосылады. Негізінде бұл — халықты мемлекет тарапынан қанау. Оған қоса, азаматтар несиені қайтара алмай қалған кезде үстіне тағы «%» қосады. 

Осы тұста «Банктер несиеге беретін ақшаны қайдан алады?» деген орынды сұрақ туындайтын шығар. Біріншіден, банктерден, екіншіден, депозиттерде тұрған ақшалардан алады. Азаматтар депозитке ақша салса, сол қаржыны айналымға енгізеді. Меніңше, 56% орнына 30% да жеткілікті. Тіпті, осы 30%-дың өзін көп деп айтар едім. Өйткені тұтынушылық несиені халық өзіне жаратып жібереді, одан ешқандай ақша жасамайды. Ақыры бұл ақшаны қайтаруға қабілетсіз болып, тұрмыс деңгейінде түрлі кикілжің болады», — дейді Жалғасбек Ақболат.

Осы орайда маман несие алған кезде шартты толық оқып шығуға кеңес берді. Әсіресе, мына пункттерге аса мұқият болуды ескертеді:

  • «Форс-мажор жағдайында» деген пунктте инфляция деңгейі 10%-тен асса, клиенттің несиесі қайта қаралатыны туралы жазылады. Клиенттің несиенің үстіне қосып төлейтін ақшасы өседі. Тіпті, банк бұл туралы клиентке ескертпеуі мүмкін.
  • «Жылдық эффектив мөлшерлеме». Бұл — клиенттің нақты төлейтін проценті. Көп жағдайда билбордта 0%, 12%, 16% деген жалған ақпарат көрсетіледі. Банк клиенті менеджерден «жылдық эффектив мөлшерлеме» туралы ақпарат талап етуге құқылы.

«Несиені қайтарудың екі түрі болады: дифференциал және аннуитет. Көбіне адамдар есеппен бас қатырғысы келмегендіктен, екінші түрін таңдайды. Мысалы, басынан бастап, соңына дейін 50 мың теңге төлеп отырасыз деген сияқты. Бұлай төлеу бір қарағанда ыңғайлы болып көрінгенімен, үстіне қосып төлейтін %-і көп. Ал дифференциалда тиісінше бастапқыда көп, соңына қарай аз ақша төлейсіз.

Бұл төлем түрінде үстіне қосылатын «%» аз болса да, адам кестеге қарап отыруға міндетті болады. Сол кестеде көрсетілген сомадан аз төлеген жағдайда үстіне тағы «%» қосылады. Несие рәсімдегені, қарыз ұйымдастырғаны, микронесие бергені, қызмет ұсынғаны, банк шотын ашқаны, қарыз алуға өтініш бергені және басқа да құжаттарды қарағаны үшін деген комиссия түрлері бар. Мұндай пункттер кездесіп жатқан жағдайда оларды төлеуге тиісті емес екеніңізді мәлімдеу қажет», — дейді қаржыгер.

Сондай-ақ Жалғасбек Ақболат бюджет хатқалталарын ұйымдастырған артық болмайтынын айтады: азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге, «қалауларға», көңіл-көтеруге, қосымша қор деген сияқты. Ақшаны жұмсаған кезде осы хатқалталардағы сомалардан асып кетпеуі керек. Қаржыгер несиені төлеген кезде проценті ең жоғарысынан бастауға кеңес берді.