Әрине, кәсіби мамандардың көмегімен жұмысты тез ретке келтіруге болады. Әйтсе де, кей жағдайда қалағаныңыздай нәтиже бермей, ауаға кеткен ақшаға ішіңіз күйетін кез де болады. Негізі Instagram-аккаунтты танымал ету үшін хештегтерді дұрыс қолдана білу өте маңызды. Бір қарағанда, белгілі бір сөздерден құралған дүниенің ауқымы сондай кең дегенге сену қиын. Бірақ ақиқаты сол — хештег арқылы лайк пен оқырман саны көбейеді. Одан бөлек, контентті сорттап, посттарыңызды сізге жазылмаған адамның өзіне көрсетуге қауқарлы тәсіл – бұл. «2021 жылы хештегтің қадірі кетті, бұрынғыдай трафик әкелмейді» деген де пікір бар. Бұл қаншалықты рас? Жалпы хештег жайлы не білу керек? Бірге талдайық!

Хештег деген не?

Ең алдымен осыған тоқталсақ. Әлеуметтік желі қолданушылары сөздің алдына тор (#) қойылса, демек мұның хештег екенін біледі. Оның ерекшелігі де сол — үстінен бассаң, сол тақырыптағы посттарды шығарып береді. Қысқа-нұсқа түсіндірер болсақ, хештег — мәндес жазбалар жиынтығы. Профайлда жарияланған контентке қызығатын аудитория жинауда көмектесетін мықты тәсіл. Соның арқасында саудаңызды еселеп, оқырманыңыздың санын арттыруға әбден болады.

Қандай түрлері болады?

Хештегтің де түрі бар, трафик тартатыны бір бөлек. Расында кез келген сөздің алдына тор қойып, сол арқылы лайктың астында қаламын деу — қате пікір. Себебі қолданысын білмесеңіз, пайда әкелуі екіталай. Негізі хештегті бірнеше түрге бөлуге болады. Алдымен, жиілік бойынша қарастырсақ. Профайлдың seo-өзегі саналатын кілтсөздің нақты жиілігін зерделеу қиын. Десе де, әркім өзіне қажет тақырып бойынша ілмектерді қарай отырып, сол бойынша іздеу жүйесінде шыққан нәтиже санына қарай бір тоқтамға келе алады. Осы ретте былай бөлсек болады:

  • сирек табылатын;
  • жиілігі төмен;
  • орташа жиіліктегі;
  • жиілігі жоғары.

Сонымен қатар қолданысына қатысты да хештегтерді бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады.

Тыйым салынған хештегтер. Бұларды қолдансаңыз, постыңыз спам деп қабылданып, аккаунтыңызды тірілтудің орнына, қатырып тастауы мүмкін. Мүлдем қолдануға болмайтындары да бар.

Белгілі бір тақырыпты қамтитындары. Нишаңызға қатысты тегтер. Айталық, ағылшын тілін үйрететін мектебіңіз болса, онда жазбаңыздың соңында #englishlearning #languageschool #eanglishlessons или #allaboutenglish сияқты хештегтер еріп жүруі керек.

Нақты бір аудиторияға арналғандары. Бұл алдыңғыға сәл ұқсайды. Дегенмен одан да тереңірек, яғни жай ғана ағылшын тілін үйрену емес, #englishspeaking #englishlearningtips деп нақтыланған түрлері. Сонда ағылшынша сөйлесу жолдары мен меңгеруге қатысты лайфхак іздегендер парақшаңызды адаспай табады.

Гео-локация бойынша. Бұл хештегтер нақты сіз тұратын, бизнес жүргізетін қала не аймақтан аудитория жинауға көмектеседі. Жекелеген қаланың атын хештег қылып белгілеуден бөлек, айналысатын кәсіп не сататын тауардың соңына да аймақ атауын қоссаңыз болады. Мысалы, #englishclubalmaty. Сонда алматылық тіл үйренуге құмар оқырмандар айналаңызға топтаса бастайды.

Хештег қоярда нені ескеру керек?

Трафик әкеледі екен деп танымал тегтің түр-түрін жаза бермеу керегін басында ескерттік. Бұл жерде де қолдану реті, мәдениеті сақталуы қажет. Инстаграм жазбаның астына 30 хештег қалдыруға ғана рұқсат береді. Сондықтан трафикті ойлаған адам, жеті рет өлшеп, бір рет кескені дұрыс. Сондай-ақ жабық профайлдың хештегтері жалпыға көрінбейді. Кілтсөз қосарда бос орын қолдансаңыз, ол хештег болып саналмайды. Өзіңіздің жазбаңызға ғана емес, өзге қолданушылардың постының астына да қалдырып кетуге болады.

Есіңізде болсын, алдына тор қойылған кез келген сөз хештегке айналып шыға келеді. Сондықтан бір сөйлем жазып, әр сөзін хештег қылып, жазбаны ботқа қылмаңыз. Мәселен «#достар, #күндерің #сәтті #өтсін» деп жазу — өрескел қате. #өтсін деген сөзден қандай трафик күтуге болады? Көрдіңіз бе, ескеру керек жайт қатарында осы да бар. Қажет аудиторияға қатысты хештег тілін өзіңіз таңдайсыз. Хештег қоярда сандар мен эмодзилерді де қоюға болады. Бастысы, біреудің ар-намысына тиетін, балағат сөздер қолданбаңыз. Оған қатаң тыйым салынғанын ескертеміз. Өйткені ережені бұзғандарды инстграм әкімшілігі бандап тастайды.

Лайк көп жинаудың амалы қандай?

Қалауын тапса, қар жанады. Ал орайын тапса, хештег арқылы көп лайк жинауға болады. Басты ереже — дөп түсу. Бизнес иелері бір қулық қолданып, саудасын ұлғайта алады. Ол үшін бәсекелестерді бақыласын. Яғни сол салада жетістікке жеткендердің қолданатын хештегтерін алуға болады. Сонымен бірге өзіңізге пайда әкелетін хештегтерді табудың тағы бір жолы — мақсатты аудиториясы сізбен бірдей, бірақ өте танымал қолданушыға жазылу. Айталық, Трэвел-блогер, фэшн-блогер немесе фудблогер дегендей. Бұл енді тәжірибе жинауға арналған тәсілдер.

Сонымен бірге, күн сайын миллиондаған адам қолданатын, оқырман жинауға көмектесетін танымал түрлерінің кейбіріне тоқталайық. #like #food #instafollow #nature #instadaily #my #like4like #tagsforlikes #followme #webstagram #лайкиинстаграм #взаимныелайки #поставьлайк #инстатег #нравится және т.б. Осы әдіс арқылы әжептәуір аудитория жинауға болады. Бірақ спамдатудың керегі жоқ. Сәтті қолдансаңыз, актуал лентаға шығып, сізді көп адам байқайды. Айтпақшы, жеке хештег ойлап тауып, одан мықты трафик күтпеңіз. Себебі бұрын-соңды қолданыста болмаған кілтсөздің танымал болуы қиын. Десе де, бренд ретінде қалыптасқысы келетіндер логинін жазып, болмаса тақырыптық жазбаларға атын қосады. Ол сізді жеке тұлға ретінде дамытады, бірақ оқырман ауқымын кеңейтуге қауқарсыз болуы мүмкін.

Сондай-ақ, 30 хештег рұқсат екен деп толтыру міндет емес. Кемі үш, максимум он шақты кілтсөз жеткілікті. Хештегтердің қайсысы өтімді болатынын тексеру үшін ерінбей тәжірибе жасаңыз. Осылайша өзіндік анализ нәтижесіне қол жеткізесіз. Кей тегтерді мүлдем қолданбауды, енді бірін тұрақты иемденуді әдетке айналдырасыз. Расында, хештег статистиканы көтеруге көмектесе алады.

Хештег арқылы іздеу

Инстаграмға кірсеңіз, ұлғайтқыш белгісі бейнеленген бөлім бар. Ол жерде іздегенді ТОП-нәтиже, аккаунт атауы, тегтер және орналасқан жері бойынша табуға мүмкіндік бар. Мысалы #Funny деп жазсаңыз, аталған ілмек бойынша жарияланған жазбалар шығады. Нәтиженің өзі екіге бөлінеді: ТОП-қа шыққандар және жақында жүктелгендер. Алғашқысында өзекті лентаға шыққандары топтасқан болса, екіншісінде салынған уақыты бойынша сұрыпталады.

Кілтсөздер тауып беретін сервистер

Жоғарыда айтқан тегтерден бөлек, сізге көмектесетін арнайы сервистер бар. Соның бірнешеуіне тоқталсақ.
instatag.ru – хэштегтер базасы. Өзіңізге қажет ілмектерді тауып беріп, сол арқылы оқырман жинап, лайкты көбейтуге көмектеседі.

Websta.me – хештегтерді іздеп, контентке анализ жасауға мүмкіндік беретін сервис.

Clarifai.com – уақытын хештег іздеуге шығындағысы келмейтіндер арналған сервис. Бар болғаны сурет жүктейсіз, жүйе өзі автомат түрде қажет хештегтерді шығарып береді. Әйтсе де, жүйеде кейде ақау болатынын, суретте бейне дұрыс көрінбей, тақырыпқа сай келмейтін ілмектер шығаруы мүмкін екенін есте ұстаңыз.