ГлавнаяБлог

«Тырнақшадағы кибербуллинг». Ірі IT-компаниялар елде өкілдігін аша ма?

5Q Media саясаттанушыдан заңнаманың қабылдануы қаншалық мүмкін екенін сұрады. Оған қоса, киберқауіпсіздік маманы әлеуметтік желілердің кибербуллингке қатысты жұмысын түсіндіріп берді. Ал медиа өкілі заңнамаға қарсылығын білдірді.

Жақында Парламент мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындады. Ол бойынша елдегі түрлі заңнамаға бас-аяғы 59 түзету енгізілмек. Соның 58-түзетуі «Ақпараттандыру туралы» заңға қатысты. Түзету әлеуметтік желі компаниялары Қазақстанда өкілдігін ашуына, оның басшысы болып міндетті түрде Қазақстан Республикасы азаматының тағайындалуына, содан кейін басшының Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзатын ақпаратты 24 сағат ішінде жоюға қойылатын талаптар туралы. 15 қыркүйекте өткен бірінші оқылымда бұл заңнама мақұлданды. Бірақ әлі қабылданған жоқ.

Толғанай Үмбеталиева, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының кандидаты:

«Заң қабылданады деп ойлаймын»

Бұл бастаманың бірнеше себебін көріп отырмын. Біріншісі – әлеуметтік желіні бақылауда ұстау. Желіге барлығы бірдей өзінің шын аты-жөнімен тіркелмейді. Мемлекет елдегі қандай да бір проблеманы кімдердің көтеріп отырғанын білгісі келеді. Өйткені кейінгі кезде мемлекет шешімдеріне әлеуметтік желінің әсері артып барады. Бұл ел басшылығына ұнамайды. Екіншіден, әңгіме салық туралы да болып отыр. Билік осы арқылы ақша тапқысы келеді. Әлеуметтік желі иелері көп ақша тауып отыр, біздің елде өкілдіктерін ашқысы келсе, ол үшін төлеуі керек. Үшіншіден, елдегі өкілдіктер басшысы ретінде басқарушы элитаға ыңғайлы адам таңдалады. Ондай адамды басқару, оған ықпал ету оңай.

Ресей тәжірибесі елімізде осындай шешім қабылдауға әсер етті деп ойлаймын. Біздің биліктің мұндайды ойластыруға шамасы жетпес еді. Қазір балалар арасындағы кибербуллинг — шынымен де маңызды проблема. Сондықтан әлгіндей ұсынысты осы тақырыппен жеткізу шешімге қарсы шығушылар санын азайтады.

Билік әлеуметтік желіге тыйым салуды шешпепті. Өйткені оның пайдасы да жоқ, технология заманында әлеуметтік желіге қол жеткізудің бәрібір де бір жолы табылады. Одан да саяси және экономикалық тұрғыдан дивиденд тапқан жақсы. Буллинг атын жамылу ұсыныстың әлеуметтік жағы да бар екенін көрсетеді.

Заң қабылданады деп ойлаймын. Қоғам қарсы шықса, заңды кейінге қалдыруы мүмкін. Дегенмен кейінірек қазіргі формада болсын немесе басқа да проблеманы жамылсын, бұл ұсыныс қабылданып, түзету енеді.

Иван Филько, «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының» (ЦАРКА) киберқауіпсіздік маманы:

«Әлеуметтік желіні бақылау арқылы кибербуллинг қаупін байқау өте қиын»

Иван Филько

Әлеуметтік желіге мониторинг жасау деген деструктив контентті бақылауды білдіреді. Демек, мониторинг арқылы біреуге тіл тигізетін, ренжітетін пост, комментрий және басқасын анықтайды. Контент көбіне автоматты түрде мониторингіден өтеді. Мысалы, Facebook және Instagram желілерінің қоланушылары не жариялап, қандай пікір жазып жатқанын көрсететін функциялары бар.

Шартты түрде алсақ, біреу эротикалық пост жарияласа, оны жүйе автоматты түрде бұғаттап тастайды. Оған қоса, белгілі бір кілт сөздер кездесетін пост та бірден бұғатталады. Мысалы, адамға тіл тигізуге шақыратын кілт сөздерді алуға болады. Бұл процесс ағылшын тілінде және ішінара орыс тілінде жақсы жұмыс істейді. Ал мемлекеттік тілде бұл процестің қаншалық жақсы жұмыс істейтінін білмедім.

Желіге мониторинг жасаудың екінші түрі – лентаны, пікірді, сторизді қарап шығу. Мысалы, желі қолданушысы лента қарап отырады, яғни ол да желіге мониторинг жасап отыр.

Әлеуметтік желіні бақылау арқылы кибербуллинг қаупін байқау өте қиын. Әрине, желі жүйесіне қандай да бір сөз, картина, әрекет жасалса, оны автоматты түрде танитын функция қосуға болады. Бірақ кибербуллингтің арнайы сөздігі жоқ қой.

«Мынау — кибербуллинг» деп айтатын жалпыға таныс сөздер тізімі жоқ. Адамды «шошқа» деп мазақтау тіл тигізуге жатады. Ал бірақ «шошқа» деген сөздің өзі — жалпы қолданыста бар жануардың аты. Демек, ол сөзді кибербуллинг анықтайтын терминдер функциясына қоса алмаймыз.

Буллингке жататын және жатпайтын нәрсені ажырата алатынымыз рас. Дегенмен жоғарыда келтірілген мысалдағыдай кибербуллингтің нақты шекарасы жоқ. Оны өзіміз білмегендіктен, бағдарлама да таба алмайды.

«Буллингпен күресудің жалғыз жолы – басқа азаматтарға төзімділік таныту»

Кибербуллингпен күресу әдістері өте көп. Бірақ оқырманның назарын басқа нәрсеге аударғым келеді. Негізі бұл терминнің «кибер» деген буыны ғана жаңа. Ал буллинг атам заманнан бері бар. Ежелгі грек мемлекеті Спартада әлсіз әрі реңсіз адамдарды жардан лақтырғанын білеміз. Бұрын адамдар бір-бірі туралы жаман сөздерді қабырғаларға жазып кететін, қазір әлеуметтік желіде жазады. Айтайын дегенім, әлеуметтік желілер қауіп көзі емес. Буллинг жасайтындар — адамдар, әсіресе ата-анасының әрекетін көшіретін жастар. Желі жақсы да, жаман да емес. Сондықтан буллингпен күресудің жалғыз жолы – басқа азаматтарға төзімділік таныту.

«Бұл компаниялардың өкілдігін елде ашу аса бір өзгеріс әкелмейді»

Біз жиі қолданатын Facebook, Instagram, Twitter, ZOOM, WhatsApp сияқты әлеуметтік желілерден басқа да желі көп. Сондықтан олардың офисін Қазақстанда ашуға қатысты заң жобасы қабылданған күннің өзінде бұл компаниялар өкілдігін бірден аша алмайды. Оған әжептәуір уақыт керек. IT-компаниялар үшін әлеуметтік желі – бизнес. Оларды Қазақстан нарығы қызықтырса, офисін қандай да бір қорқытусыз-ақ ашады. Нарыққа қызықпаса, билік қабылдамақ болып отырған заң жобасы тиімді болады деп ойламаймын.

Бұл компаниялардың өкілдігін елде ашу аса бір өзгеріс әкелмейді. Біздің елде Қазақстан азаматы басқаратын шетелдік компания офистері көп. Мысалы, KPMG компаниясының серіктес басқарушысы — Сәкен Жұмашев. KPMG — аудитор, салық және консультация қызметтерін ұсынатын ірі халықаралық фирмалар желісі.

Біздің елде Microsoft компаниясының офисі бар. Ол компания өнімдерін сатуды қолдауға жауап береді.

Бірақ бұл офистің қолында қандай да бір билік болып, қолданушылардың жеке дерегін алып бере алады дегенді білдірмейді.

Microsoft корпорациясының деректер қоймасы және оларға кіруге қатысты ақпараттың бәрі біздің елдегі офисіне берілмейді.

Шартты түрде Instagram-ды алайық. Компанияның біздің елдегі офисіне кибербуллингке қатысты арыз түсті дейік. Елдегі өкілдік арызды өңдеп, АҚШ-тағы бас офисіне жібереді. Сол себепті елдегі компания өкілдігі кез келген постты немесе пікірді өз қалауынша өшіріп, желіні бұғаттап отырады деп ойламаймын. Меніңше, компаниялар өкілдігіне ондай құқық бермейді.

IT-компаниялар өкілдігін Қазақстанда ашу не үшін керек?

Жақында LinledIn компаниясына біздің министрліктің бірі желіден заңға қайшы келетін жарнаманы алып тастау туралы ресми хат жазды. Ал олар ведомство айтқанын орындамай қойды. Мұнысы үшін компанияны ешқалай жазалай алмады. Өйткені олардың Қазақстанда өкілдігі жоқ, демек жауапқа тартып, айыппұл салатын да ешкім жоқ.

Сол сияқты біздің полиция мен басқа да қызметтер Instagram-ға кіре алмайды. Бар істейтіні – компанияның бас офисіне ресми хат жазу. Ал ол хаттың қашан қаралатыны белгісіз, өйткені бас офис АҚШ-та орналасқан.

Егер жергілікті азаматтан басшы сайласа, кінәліні тауып, жазалауға мүмкіндік бар. Бұл жерде жауабы табылмаған екі сұрақ қалды:

  1. Шартты түрде алып отырған Instagram-ның елдегі офисіне желідегі нашар комментарий үшін айыппұл сала ма?
  2. Ондай пікірге, постқа және де тағы басқасына офисте істейтін қызметкерлер жауапты бола ма?

Қазақстан Республикасы заңына қайшы келетін пост немесе пікірді 24 сағат ішінде өшіруге келейік. Жоғарыда айтқанымдай, кибербуллинг сияқты заңбұзушылықты табу оңай емес. Оларды лента ақтарып, пікір оқып отырып табуға болады. Ал ондай пост пен комментарий санын санап та бітпейсің. Соның бәрін 24 сағат ішінде өшіре алмаса, не болады?

Думан Смақов, Factcheck.kz сайтының бас редакторы:

«Әлеуметтік желі офисін ашқызу адамның цифрлық құқықтарын тікелей бұзады»

Думан Смақов

Бұл жағдайды екі қырынан қарастыруға болады. Бірнішіден, Қазақстан аумағында кез келген әлеуметтік желі офисін ашқызу билікке бұл желілердің қажет кезде жылдам өшірілуіне, жылдам бұғатталуына, тіпті кей жағдайда тыйым салуына мүмкіндік береді. Сөз бостандығын, адамның цифрлық құқықтарын тікелей бұзады. Өйткені менің декларацияда бекітілген адам құқықтарымен қоса, цифрлық құқықтарым да бар. Соны естен шығармау керек. Біздің билік оны жиі ұмытып кетеді. Адамның жай құқықтарын бұзатынымен қоймай, енді цифрлық құқықтарына ауыз сала бастады.

Сонымен қатар бұл жерде билікке монополия жасаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл шешімді шетел компанияларына Қазақстан азаматын басшылыққа сайлау арқылы үкіметке немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ыңғайлы, айтқанына көніп, айдауына жүретін адамдарды қою үшін жасалып жатқан әрекет деп санаймын. Сондықтан Айдос Сарым мырзаның, Динара Закиева ханымның бұл ұсынысына үзілді-кесілді қарсымын.

Бұл – «бала құқығын қорғаймыз» деген желеумен елде цифрлық диктатура енгізудің бір әдісі. Кибербуллингтен, зиян ақпараттан қорғағысы келсе, онда Вконтакте желісін бұғаттасын. Болмаса, Яндексті жапсын. Бұл біздің санамызды, түп-тұқиянымызды өзгертуге әсер етер еді. Мысалы, «Синий кит» ойыны сияқты қауіпті желі ойындары Facebook-те немесе YouTube-те тараған жоқ, олар бізге Вконтактіден және Одноклассники, Mail.ru сияқты басқа да Ресей желілерінен, ресейлік ойыншылар қатысуымен келді. Өкінішке қарай, бұл желілер техникалық жағынан алпауыт желілерге қарағанда әлсіз. Сондықтан бұлардың ешқайсы да баланы кибербуллингтен қорғай алмайды. YouTube-те, Facebook-те және басқа да көптеген ірі желіде балаларға арналған бөлек бөлім бар. Оны Айдос Сарым мырзаның өзі де айтып отыр. 

«Әлеуметтік желі өкілдіктерін мемлекеттік тапсырысқа отырғызуы әбден мүмкін»

Біздің билікке үндемей айтқанын істейтіндер ғана ұнайды. Тәуелсіз ой айтатын, нейтрал пікір білдіретін немесе баламалы дүние ұсынатын адамдар – биліктің қас жауы. Олар 405-баппен, 174-баппен, 274-баппен, 131-баппен сотқа шақырылуы мүмкін. Сол себепті әлеуметтік желі өкілдіктерін елде ашқызып алып, оларды мемлекеттік тапсырысқа отырғызуы әбден мүмкін. Биліктің «алып таста» дегенін 24 сағат ішінде жойып, тек ақпараттық көбік жасап, соның арқасында идеал мемлекетті көрсеткісі келеді. Үкіметке халықтың түрлі проблемасы әлеуметтік желіде талқыланғаны, желі арқылы шетелге шығып кеткені ыңғайсыз.

Бұл заңды қабылдамайды, Президент вето қояды деген үмітім бар. Дегенмен қабылданып жаста, қанша қымбат болса да, VPN, прокси-серверлерін пайдаланамын. Ал заңнама қарапайым қолданушылардың бизнесіне, медиаға, жобаларды іске асыруға әсер етуі мүмкін. Қазақстандағы демократиялық принциптерді, сөз бостандығын жүзеге асыруға, адам құқықтарын насихаттауға өте қатты кедергі болуы мүмкін. Бұл пікірімнен кейін мені бала құқығын қорғауға қарсы деп ойлауы мүмкін. Жоқ, мен оған қарсы емеспін. Тек бала құқығы деп басқа адамдардың жеке көзқарасын қорғауға болмайды. Айдос Сарымның қолынан нақты зерттеу көрмедік, нақты дәлел ұсынған жоқ