ГлавнаяБлог

Tik Tok-ты табыс көзіне қалай айналдыруға болады?

Бірнеше жыл бұрын Tik Tok туралы көп ешкім білмейтін еді. Жұртшылық үшін Tik Tok жасөспірімдер билейтін я көңіл көтеретін ортаңқол платформалар қатарынан табылған. Дегенмен Tik Tok Instagram және YouTube-пен бәсекелесе алатын әлеуметтік желіге айналды. Бүгінде Tik Tok блогерлері супер-жұлдыздар атанып, беделді брендтермен жұмыс істеп, контентін ақшаға айналдырып отыр.

Tik Tok монетизациясының ой-шұқыры

  • Tik Tok-та жазылушы саны маңызды емес. Мұнда бейнероликтің ұзақтығы, лайк, пікір және қаралым саны роль ойнайды. Блогердің миллион жазылушысы бола тұра, ұсынған контенті бар болғаны  10 мың қаралым жинаса, бұл нашар көрсеткіш саналады.
  • Tik Tok трендтері көзді ашып-жұмғанша өзгеріп отырады. Блогерлер жазылушыларына қызық контент ұсыну үшін үнемі ізденіс үстінде болады. Себебі сапалы контент – табысқа жетелер бірінші қадам.
  • Tik Tok-тағы ең белсенді аудитория – жасөспірімдер (13-17 жастағы пайдаланушылар), олар — аудиторияның 43%-ы. Сәйкесінше контенттің көп бөлігі соларға арналған. Бұл аудиторияның төлем жасауға қабілеті шектеулі болғандықтан табыс көлемі аз болуы ықтимал.
  • Бұл платформа оқырмандарды жасанды жолмен жинауға (накрутка) қарсы. Сондықтан табысқа жету үшін контенттің сапасына баса назар аударылады. Tik Tok-та қаралым, лайк не пікір мөлшерін бұрыс жолдар арқылы көбейтудің соңы жақсы аяқталмайды.

Tik Tok табыс көздері

Tik Tok платформасының кемшіліктерінен артықшылықтары әлде қайда артық. Жоғарыда аталған қиындықтарға қарамастан бұл әлеуметтік желіде ақша табудың жолы жетерлік. 

Мысалы:

1. Авторлық әнге видео түсіру. Tik Tok-та музыкалық тректер үлкен сұранысқа ие. Кәсіби әншілер де, жас әншілер де авторлық әнін жарнамалау үшін ақша төлеуге дайын. Жазылманы көп блогерлер гонорар үшін біреудің әніне бейнероликтер түсіріп, жариялап жатады. Айтпақшы, табыс көлемі жазылман мөлшері мен ұсынылған қаржыға байланысты.

2. Жарнама жасау. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша белгілі бір өнімді жарнамалауға болады. Тапсырыс берушілер бұрыннан қалыптасқан сценарий бойынша жұмыс істеуді не жаңа сценарий ойлап тауып, сол бойынша жарнама жасауды ұсынады. Көбіне блогерлер постында тауар хэштегін пайдалану, өнімді көрсетіп, пікір білдіру, тапсырыс беруші компанияның слоганын айту арқылы жарнама жасайды.

Миллиондаған жазылушысы мен соған сай қаралымы бар блогерлерді жарнама берушілердің өзі-ақ тауып алады. Жарнамаға тапсырыс алудың тағы бір жолы – жарнама биржаларына өзің я аккаунтың туралы пост салу.

KHARKOV, UKRAINE — FEBRUARY 16, 2020: Tiktok application on samsung smartphone screen and dollar bills. TikTok is a popular video-sharing social networking service owned by ByteDance

3. Серіктестік. Арнайы контент жасау арқылы сіз түрлі брендтің серіктесіне айнала аласыз. Мысалы, сіз спорт тақырыбына жазатын блогерсіз дейік, серіктесіңіз – футбол клубтары не букмекерлік кеңселер деп алайық.  Спорт тақырыбында бейнероликтер дайындап, тауарларға шолу жасап, жазылушы қауымды серіктестерге өтетін сілтемеге бағыттауға  болады. Tik Tok-тағы контент арқылы серіктестерге жүгінген әр клиент үшін ақша төленеді. Ескерер жайт бар: әр бренд түскен табыстан беретін пайызды өзі бекітеді.

4. Тікелей эфир. Tik Tok парақшаңызда 1000 жазылушы бар болса, тікелей эфир (стрим) ұйымдастыруға болады. Блогерлер стрим барысында тауар не қызметін ұсынып жатады. Кей стрим блогерлер виртуал монетаның арқасында табысқа кенеледі. Түсіндіріп өтейік:  пайдаланушылар Tik Tok платформасында шынайы ақшаны виртуал монетаға ауыстырып, өз кезегінде виртуал монета арқылы стикерлер  сатып алады. Сапалы әрі қызық контент ұсынған блогерлерге ризашылық белгісі ретінде стикер жіберуге болады. Әр жіберілген стикер құнының 80%-ы блогер қалтасына түсіп отырады.

Рекорд: Қытай тұрғыны Мэн Лэйдің Tik Tok-тағы ойын стримі 22 миллион көрермен жинап, 167 мың доллар кіріс алып келген.

5. Тауар сату/қызмет ұсыну. Tik Tok-тың қарқыны қатты екенін түсіндік. Тауар сатумен айналысатын, түрлі қызмет көрсететін адамдар немесе брендтер Tik Tok желісіне үдере көшіп жатыр. Көбі видео шолу түсіріп, клиенттердің пікірін жариялап жатады. Кейбіреулер өзге де онлайн дүкендерге сілтеме қалдырып, жарнама арқылы ақша табады. Сәйкесінше, табыс мөлшері тауардың бағасы мен сатылым санына байланысты.

6. Мамандандырылған Tik Tok. Қазіргі таңда Tik Tok пайдаланушыларының жаппай білікті мамандарға һәм сарапшыларға тіркелуі қатты байқалады. Белгілі бір салада көрген-түйгеніңіз көп болса, бұл әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін онлайн курс ашып, вебинарлар жүргізіп, пайдалы конференциялар өткізуге болады. Tik Tok-та мұғалімдер мен дәрігерлердің, заңгерлер мен психологтардың парақшаларының көбеюі соған дәлел.

7. Амбассадорлық. Tik Tok-та жарнамаға немесе пиарға жақсы жағдай жасалғанын айтып жатырмыз. Ірілі-ұсақ брендтің бәрі осындағы танымал блогерлердің өз амбассадоры болғанын қалайды. Тик Токерлер түрлі брендің өнімін пайдаланып видео түсіреді, дүкен мен кафелердің ішінде билейді. Брендтің бет-бейнесі болғандықтан түрлі акция мен іс-шаралар туралы ақпарат таратады. Мұның бәрі Tik Tok платформасында жүзеге асады. Басты талап – келісімге келген брендтің имиджін жақсарту, танымалдығын арттыру.

Егер сізге осы әлеуметтік желі ұнаса, күш-қуатыңыз бен уақытыңызды дұрыс жұмсай алсаңыз, идеяларыңызды жиі жаңартып отырсаңыз, сапалы контент ұсынсаңыз, Tik Tok-ты тиімді табыс көзіне айналдыруға болады. Дегенмен Қазақстан нарығында Tik Tok игерілмеген жер сияқты бос жатыр. Не егіп, қандай өнім алатыныңызды өзіңіз шешесіз.