Прокрастинацияға бейім адамдардың басты ұстанымы — «Ертеңге қалдыруға болатын істі бүгін қолға алудың не керегі бар?». Осылайша күн санап орындалуға тиіс жұмыстардың тізімі көбейе береді. Істі бастауға немесе бастаған істі аяқтауға құлшыныс керісінше төмендейді.

Статистикаға сәйкес, Жер бетіндегі адамдардың 25%-і өмірінде бір рет болсын прокрастинацияны басынан өткізген. Олардың көбі – 25 жасқа дейінгі азаматтар. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Прокрастинацияның астарында не жатыр? Осы орайда отандық психолог, психоаналитик мамандар прокрастинацияның қайдан, қалай пайда болатынын және одан қалай арылуға болатынын түсіндірді.

Прокрастинация — латын тілінен аударғанда «ертеңге көшіру немесе тасымалдау» деген мағынаны білдіретін, тұлғаның өзі үшін кері әсері болатынын біле тұра саналы түрде маңызды жұмысты, шешім қабылдауды кейінге шегеру құбылысы. Америка психологы Мартин Селигман мұны «жаттанды шарасыздық» деген екі сөзбен сипаттайды, яғни адамның жағымсыз салдардан арылу үшін қандай да бір шара қолданбауы. Оның астарында перфекционизм мен максимализм жатыр. Өзге психологтар да прокрастинацияның жаттанды әдет екенін айтады.

«Прокрастинатор маңызды жұмысты орындаудың орнына, өзін ақтаудың амалын іздейді»

«Прокрастинация» терминін ғылыми айналымға Пол Рингенбах 1977 жылы енгізіп, «Адам өміріндегі прокрастинация» атты еңбек жазды. Сол жылы Альберт Эллис пен Бил Кнаустың клиникалық зерттеулерге негізделген «Прокрастинацияны өткеру» атты еңбегі жарық көрді.

Пол Рингенбахтың еңбегі жарияланған соң көп ұзамай білім ордасындағы азаматтардың оқу тапсырмаларын орындамай, оларды кейінге қалдыруды зерттейтін дара бағыт пайда болды. Прокрастинация – білім алуда үлкен қиындыққа алып келетін факторлардың бірі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, орта және жоғары оқу орындарында білім алып жатқан азаматтардың 46-95%-і өзін прокрастинатормын, жалқаумын деп есептейді. Осы тұста балалар психоаналитигі Гүлжан Амангелдинова жалқаулық пен прокрастинация жасаудың ара-жігі бар екенін айтады.

«Сырт көзге жалқаулық пен прокрастинация егіз ұғым болып көрінуі мүмкін. Бірақ екеуінің айтарлықтай айырмашылығы бар. Жалқауланған кезде субъект ешнәрсе жасағысы келмейді. Өзінің осы әрекеті үшін еш алаңдамайды, ұялмайды. Ал прокрастинация кезінде аса маңызды, орындау жылдамдығын арттыруды талап ететін белгілі бір іс бар. Бірақ адам осы істі орындаудың орнына өзін ақтап алудың амалын іздейді. Кейін істі қолға алмағаны немесе оны соңына дейін жеткізбегені үшін өзін жегідей жейді. Осының әсерінен оның барлық энергиясы сарқылады. «Субъект еш нәтиже көрсетпеді, әбден демалған шығар» деген ой туындауы мүмкін. Алайда керісінше олар өзіне, тіпті демалуға да мүмкіндік бермейді», — дейді Гүлжан Амангелдинова.

Психолог Сабина Байсалбай да прокрастинатордың жалқау емес, керісінше өте белсенді болатынын айтады. Бұл белсенділік оларға өзін ақтап алу үшін қажет.

«Маңызды мақала жазу керек болса да, кенеттен тұрып үй жинап кету деген сияқты құбылыстар күнделікті тұрмыста кездеседі. Әсіресе, студент кезімізді еске алсақ, емтиханға соңғы 3 күн қалғанда дайындалып, дипломды да әбден тақалғанда жазатын жандар болған. Прокрастинация кезінде адам өзін ақтап алу үшін дискомфорттан үлкен дискомфортқа қарай ығысады немесе дискомфорттан керісінше комфортқа жылжиды. Әдетте прокрастинаторлар үшін істелуге тиіс жұмыс өте ауыр болып көрінеді», — дейді психолог Сабина Байсалбай.

Прокрастинация түрлері

Ағылшын ғалымы Ноах Милграм прокрастинацияны бес түрге бөледі:

  1. Күнделікті жасалуға тиіс үй жұмыстарын кейінге қалдырып отыру;
  2. Маңызды болсын-болмасын қандай да бір шешім қабылдаудан қашу;
  3. Невротикалық прокрастинация. Отбасын құру, мамандық таңдау сияқты өмір үшін аса маңызды шешім қабылдаудан жалтару;
  4. Компульсив прокрастинация. Оның өзі екіге бөлінеді: іс-әрекет және шешім қабылдаумен байланысты;
  5. Академиялық. Білім алуға қатысты: емтиханға дайындық, диплом, диссертация жазуды кейінге қалдыру. 

Психолог Сабина Байсалбай прокрастинацияның өзіндік диаграммасы болатынын айтады. Олар — үшеу: «осыны жүзеге асырсам, жақсы болатын еді немесе бір жағынан міндеттімін»; «прокрастинация кезінде маңыздыдан жалтару үшін осы іспен бүркелемін» және «менің шын мәнінде жасағым келетіні». Осы диаграммаға қарап әр адам прокрастинацияны қалай өткеріп жатқанын біле алады.

«Прокрастинацияның үш негізгі құрылымы болады: іс-әрекет, когнитив және эмоционал. Іс-әрекетке негізделуін мысалға алайық. Жаңа жұмысқа орналасқыңыз келді дейік. Бұл үшін, алдымен, түйіндеме жазу керек, кейін оны барғыңыз келетін жұмыс орындарға тарату қажет.

Осы кезде комфорттан дискомфортқа өту туралы ойдың өзі үрейлендіріп, адам жауапкершіліктен жалтара бастайды.

Екіншіден, когнитив қиындықтар. Адамның интеллект деңгейі жоғары болса да, ол күшін, қалған уақытты дұрыс есептей алмауы мүмкін. Мысалы, келер айдың 20-сына дейін коммунал шығындарды жабуға, несиені төлейтін қаражат керек. Адам осыны білсе де, түйіндемесін таратудан қашады, яғни жағдайына дұрыс баға бере алмай тұр. Үшіншіден, мұның астарында сезіммен байланысты себеп жатыр. Ол табыс немесе сәтсіздік алдындағы қорқыныш болуы мүмкін. Тағы бір құрылым — бейсаналы деңгейдегі қиындықтар», — дейді маман Гүлжан Амангелдинова.

Прокрастинацияға психодинамикалық көзқарас

Психоаналитик Зигмунд Фрейд «Эгосына» қауіп төнген кезде адамның бойын үрей билейтінін жазады. Жеке индивид үшін белгілі бір істі қолға алып, оны соңына дейін жеткізу қауіпті болуы мүмкін. Ал «Эго» сыртқы қауіпті сезген кезде, белгілі бір істі қолға алудан қашады, яғни адамда қорғаныш механизмдері іске қосылады.

1967 жылы ғалым Блатт пен Куйнлан прокрастинаторлардың болашаққа жоспар құруда қиындықтары барын алға тартты. Ал бұл өз кезегінде адамның бала күніндегі психологиялық жарақаттарымен, ата-анасымен қарым-қатынастағы қиындықтармен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ адам белгілі бір іс-әрекетті орындаудан қашса, онда бұл — «созылмалы прокрастинация синдромына» шалдыққанның белгісі.

«Бұл синдромға көбіне әке-шешесі немесе оларды алмастырған жақын адамы шектен тыс талап қойған балалар шалдығады. Сондай-ақ бұл балаларға ата-ана махаббаты, олармен жылы қарым-қатынас жетіспеген. Либерал немесе авторитарлы жолмен тәрбиелеген кезде де осылай болады», — дейді Гүлжан Амангелдинова.

Прокрастинацияның себебі не?

Психолог Сабина Байсалбайдың айтуынша, прокрастинация жасайтын адамдардың өзіне берер бағасы төмен болады. Белгілі бір жұмысты орындағанда болған сәтсіздігі бойына үрей мен қорқыныш ұялатып, оны бұғаттайды». Әсіресе, бұл көпшілік баға беретін істі жасағанда болады.

«Прокрастинация перфекционизммен де тығыз байланысты. Прокрастинаторлар «Асығыс қалай болса, солай жасағаннан, асықпай идеал деңгейге жеткіземін» деген оймен өмір сүреді. Ал табиғатта мінсіз ешнәрсе жоқ. Бұл да — жауапкершілікпен, қорқынышпен бетпе-бет кездесуден қашудың бір жолы», — дейді психолог Сабина Байсалбай.

Ал психоаналитик Жанар Оспан прокрастинаторларда «Егер осы жолы тапсырманы жақсылап орындайтын болсам, онда келесі жолы маған артатын жүк ауыр болады» деген ойдың болуы мүмкін екенін айтады.

«Қазақта «Көштің алды болма — көз тиеді, арты болма — сөз тиеді» деген мақал бар. Бала-шағасын осындай ұстаныммен тәрбиелейтін адамдар болады. Әлбетте мұндай отбасынан шыққан азаматтар межені жоғарылатудан қашады. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Бұл адамдар үшін жетістік «қауіп» ұғымымен қатар тұрады. Қандай да бір жолмен ерекшеленуден қорқады», — дейді психоаналитик.

Сондай-ақ Жанар Оспан прокрастинаторлардың баланың еркіндігін шектейтін отбасылардан шығатынын айтады. Мұндай балалар бұйрық райда айтылған тапсырмалардан қашып, өзінің жеке қалауы мен мүддесі барын прокрастинация арқылы көрсетеді.

(Жуырда прокрастинацияны өткерудің жолдары туралы мамандар кеңесін жариялаймыз. Сайтты бақылап жүріңіз)